Православ шіркеулері қазақша үйреніп жатқанда қазақстандық мешіттер де орыстілді қауымның қамын ойлап, дін үйренуде олардың мүмкіндігі шектеулі болып жатқанын сөз етуде. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы орыс тілінде уағыз жүргізе алатын имамдарға сұраныс бар екенін және бұл мәселенің шешіліп жатқанын жиі айтады. Алайда сол орыстілді имамдарға сұраныс бар екеніне күмәнмен қарайтын азаматтар да бар. Олардың ойынша, салыстырмалы түрде азшылықты құрайтын орыстілді мұсылмандар үшін қаржы төгіп, арнайы мамандар дайындауға қажеттілік жоқ.
Ершат ОҢҒАРОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптама және талдау бөлімінің меңгерушісі:
Иә
– Діннің асыл мақсатын орыс тілінде жеткізгеніміз дұрыс болады. Себебі өзіміз өмір сүріп жатқан нақты қоғаммен санасу керек. Бізде қазір мектептер орысша, балабақшалар орысша оқытады. Өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, тіпті өзіміздің қазақтардың да көбі орыстілді. Балабақша кезінен орысша тәрбие алған адамдарына дінді қазақтың әдеби тілінде ұғынуы қиынға түсетіні анық. Сондықтан өзге ұлт өкілдері түгіл, өзіміздің қазақтарға діннің кейбір тұстарын орысша баяндасақ, олар әлдеқайда оңай ұғынып жатады. Оның үстіне, мұсылманшылық дегеніміз тек қазаққа ғана тән сенім емес қой. Орыс тілінде де діннің асыл мақсаттары орындала береді. Ислам діні, жалпы, әлемге, адамзатқа түскен ортақ дін болғандықтан, оның қағидаларын барлық ұлттарға жеткізуіміз керек.
Шариғат тұрғысынан қарағанда, дінді орыс тілінде уағыздау қателік болып саналмайды. Меніңше, бұл қазақ тілінің өркен жаюына қандай да бір кедергі келтірмейді. Алайда орыстілді, қостілді имамдар мәселесі Қазақстанның барлық аймақтарында шешілген деп айта алмаймын. Әсіресе Алматы мен Астанадан басқа аймақтарда бұл мәселе кенжелеп тұр. Кейбір жерлерде ислам жайында білгісі келетін орыстілді азамат қайда барарын білмейді. Дегенмен үлкен қалаларда, әсіресе Алматы қаласында бұл мәселе шешілген. Мысалы, орталық мешітте бір жылда өзге діндердің ондаған өкілі исламды қабылдап жатады. Әрине, ондай үлкен орталықтарда орыстілді мамандар мәселесі қарастырылған. Сондай-ақ солтүстік аймақтарда да мұндай қиындық бар деп ойламаймын. Себебі ондағы мешіт молдалары орыс тілін жетік біледі. Жалпы алғанда, еліміздің өзге аймақтарында да исламды үйренгісі келген адамдар орысша кітапшалар арқылы білім ала алады. Себебі бізде мұсылманшылық жайындағы орысша кітаптар өте көп. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соның біршамасын мақұлдаған. Яғни осы сараптаудан өткен кітаптардың кез келгеніне қол жеткізіп, дінмен танысуына мүмкіндік бар. Қысқасы, ислам дінін орыстілді қауымға жеткізу мәселесі уақыт өткен сайын өз шешімін тауып жатыр. Ал орыстілді имамдарға әлі сұраныс бар.
Кенесары ҚАПТАҒАЕВ, «Ұлт дабылы» қоғамдық қозғалысының жетекшісі:
Жоқ
– Қазір біздің мешіттер де орыстандырылып жатыр. Меніңше, бұл жақсылықтың нышаны емес. Құдайға шынайы бет бұрғысы келген адам оған барудың жолын табады. Оған тап қазақ тілі кедергі бола қояды деген пікірмен өз басым келісе алмаймын. Мысалы, қазір барлық мешіттер орыстілді молдалармен жарақтана бастасын делік. Оған қанша қаржы құйылады? Орыстілділердің мешітке бас сұғуының өзі – сирек құбылыс. Сол анда-санда мешітке бас сұғатын саусақпен санарлық өзге ұлт өкілдеріне орыстілді молда жалдау үшін де ақша төгетіндей мешіттер бай емес қой. Ортағасырдан бергі қазақтың дін ғұламаларының еңбектері шаң басып архивтерде жатыр. Егер бай болса, сол ақшаны соған неге жұмсамасқа? Өткенде Қожа Ахмет Ясауидің кітабын іздеп, ешбір дүкеннен таба алмадым.
Сол құнды байлықты қазіргі тілімізге икемдеп, халыққа ұсынсақ, мұнан үлкен сауап бар ма? Қазір исламға бет бұрғысы келген орыстілді азамат кез келген кітап дүкенінен құшақ-құшақ сапалы орысша дін кітаптарын сатып ала алады. Яғни керісінше, қазақтілді сенім иелерінің құқығы қорғалмай отыр. Себебі қазақтілді қауым солай істей ала ма? Бүгінгі молдалардың ғана пәтуасы берілген саусақпен санарлық жарияланымдардан басқа түк таппайсыз. Біздің өзіміздің аталарымыздың жазған еңбектері қайда? Міне, артық ақша болса, соған жұмсайық.
Кеңес Одағы кезінде тіл мәселесі қалай шешіліп еді? Біз орыс мектептерінде оқыдық, дүкенге барсақ та, құжат жөндетсек те, орысша сөйлеуіміз керек болды. Яғни мәжбүрліктен үйрендік. Бірақ біз бүгін бәрін керісінше істеп жатқан сияқтымыз. Орыстілді қауым сөз түсінбей, «обал» болып қалмасын деп мешітті де қостілді жүйеге көшіріп жатырмыз. Негізі, осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді өз деңгейінде жүзеге асырып келген бірден-бір орталық осы мешіттеріміз еді. Енді соны да көп көріп, орыс тіліне ауыстырып жатырмыз. Ағайындар-ау, тіпті кеңес өкіметінің кезінде де мешіттер қазақ тілінде сөйледі ғой.
Мен бұған әу бастан-ақ қарсы болып жүрген адаммын. «30 адам отырсақ, бір-екі орыс келсе, бәріміз орысша сөйлеп кетеміз» деп өзімізді жиі сөгеміз ғой. Бұл бастама да – сол сияқты іс. Мысалы, Петерборда, Мәскеуде, Челябіде, қысқасы, орыстың ірі қалаларында мешіттің негізгі тілі – татар тілі. Онда орысша уағыз жүргізілмейді, бәрі татарша. Сауд Арабиясына барсаңыз, араб тілінде, Түркияға барсаңыз, түрік тілінде уағыз тыңдайсыз. Ендеше, неліктен Қазақстанда өзге тілде уағыз жүргізілуі керек? Менің айтарым, мешіттер де, басқа мемлекеттік қызмет көрсету орталықтары да қазақ тілінде жұмыс істеуі керек. Сонда ғана мемлекеттік тіл мәселесі шешімін табуға бет бұрады. Қазір кейбір мешіттер ғимараттың сыртына орысшалап жазу жазып қойыпты және сонысын мақтан етеді. Сенбесеңіздер, Алматыдағы Таугүл мешітіне барып қараңыздар. «Біз орыс тілінде де уағыз жасай аламыз» деп мақтанып отырған молдаларды көрдім. Бұл мақтанатын нәрсе емес қой. Өздерінің бір кездегі КПСС-тің «наглядная агитациясын» жалғастырып жатқанын білмейтін сияқты.
Бізде тағы бір жаман тенденция жүріп жатыр. Еліміздегі өзге ұлт өкілдері өз алдына мешіт салып алады. Біреуі – ұйғыр мешіті, ол жерге тек ұйғырлар барады, уағыз да ұйғыр тілінде жүргізіледі. Енді біреуі – күрдтердің немесе шешендердің мешіті. Түркістанда қазір түріктердің мешіті салынып жатыр. Сонда әрқайсысы өзінің кішігірім мемлекетін орнатып жүре бере ме? Меніңше, бұған жол беруге болмайды.
Ой-түйін
Орыстілді азаматтың да исламға бет бұруға құқы бары – айдан анық нәрсе. Дегенмен қазіргі жағдайда, қоғам қайраткері Кенесары Қаптағаев айтпақшы, Қазақстанда орыстілділерден гөрі қазақтілді қауымның дін үйренудегі мүмкіндігі шектеулі сияқты. Мұны, ең алдымен, орыстілді әдебиеттердің айқын басымдығымен айғақтауға болады. Ал қазақ тіліндегі кітаптардың басым бөлігін шала сауатты аудармалар құрайды. Сондықтан мешіттерді жарыса орыстандырып, мұны да сәнге айналдырып жібермесек болғаны.