Мемлекеттің имиджін қалыптастыру үшін бюджеттен арнайы қаржы қарастыру дұрыс па?

Кейінгі уақытта жекелеген мемлекеттер арасында имиджін қалыптастыру үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлу үрдісі жиілеп кетті. Алдымен саяси дау-дамайдан көз ашпай кеткен Украина осындай шешім қабылдады. Жаңа үкімет бұл шешімін өз елінің құлдилап кеткен имиджін қайта көтерудің басты амалы деп түсіндірді. Шығыстағы көршіміз де экономикалық жетістіктері қызыл партияның еңбегі екенін дәлелдеу үшін қомақты қаржы бөлуді дұрыс деп тапты. Бұған дейін томаға-тұйық саясат ұстанып келген Түрікменстан да қол жеткізген жетістіктерін айдай әлемге паш етуге кірісті. Жалпы, осы бастама дұрыс па? Мемлекеттің имиджін қалыптастыру үшін қаржы қарастыру қаншалықты қисынды? Бұл сауалымызды сарапшы мамандарымызға қойып көрсек.


Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты:
Иә
– Мемлекет имиджін қалыптастыру үшін қаржы бөлуді дұрыс деп ойлаймын. Себебі кез келген мемлекеттің имиджі сол елдің, ең біріншіден, экономикасына әсер етеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар ғой. Мемлекетте атқарылып жатқан игі шаралардың барлығы да шетелдерге көрсетілуі керек. Имидждің жақсы жағынан қалыптасуы мемлекетке ғана емес, бизнез құрылымдарына да оң әсерін тигізеді. Жасыратын несі бар, қаржылық дағдарыс жан алқымнан алып тұрған шақта біздің елдің банктік жүйесінің имиджі түсіп кетті. Сол кезде шетелдік банктер бізге несие бермей, есесіне, отандық шағын және орта бизнес қиыншылық көрді.
Біздің қор нарығымыз неге дамымай отыр? Сонымен қатар «біздің елде туризм саласы да дамымай отыр, қазақстандық өнімге сұраныс жоқ» деп байбалам саламыз. Себебі шетелдіктер біз туралы ақпаратқа қанық емес. Шетелде Қазақстанды мұнайлы мемлекет деп қана таниды. Ал бізде мұнайдан басқа да әлеуеті жоғары салалар бар ғой. Қазақстан – ғарыштық мүмкіндігі бар, халқы білімді, уранға бай ел. Бірақ мұны өзге мемлекеттер біле бермейді. Міне, осындай мәселелерді шешу үшін мемлекеттің мықты имиджі болуы керек. Ал оны қалыптастыру үшін арнайы қаржы, әлбетте, қарастырылуы қажет. Бірақ консалтингтік компанияларға имиджімізді жақсартады деп, ақшаны үйіп-төгіп бере салмауды да ойластыруымыз қажет. Бөлінген қаржының нақты шараларға жұмсалғандығын қадағалауды да естен шығармағанымыз жөн. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры өзінің қамқорлығына алған Велоспорт федерациясына бөлінген қомақты қаржының арқасында елімізді танытып үлгерді. Бір ғана «Астана» велокомандасы еуропалықтардың Қазақстанға, елордамыз – Астана қаласына деген жағымды пікірлерін қалыптастырды. Бірақ осы бір ғана спорттың түріне емес, жан-жақты өнерге, туризмге т.б. салалардың барлығына да қаржы бөліну керек шығар. Алдағы қыста Астана мен Алматы қалаларында қысқы Азия ойындарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған да аз ақша жұмсалған жоқ. Бірақ бұл Азияның көптеген мемлекетімен байланыстарымыздың жақсаруына өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Өткен жылы Берлин қаласында Германиядағы Қазақстан жылының жабылу кешінде болдым. Отандық өнер иелерінің концертімен аяқталған шараны немістермен қатар, өзге де еуропалық елдердің өкілдері тамашалады. Сол кезде олардың қазақ өнерінің биіктігіне тәнті болғанын өз көзіммен көріп қайттым. Бұл да – имидж қалыптастырудың бір түрі. Қазір мемлекеттер арасында «тұрақты елмен тұрақты байланыс» принципі қалыптасқан. Саяси, экономикалық тұрақсыздыққа душар болған елдерден инвесторлар бастарын ала қашады. Қазақстан – құдайға шүкір, барлық жағынан тұрақты ел. Енді осы жақсылығымызды шетелге көрсетуіміз керек. Сол арқылы экономикалық әлеуеті жоғары елдердің сеніміне ие боламыз. Сондықтан мемлекеттің имиджін қалыптастыру үшін қаржы бөлуді қолдаймын.


Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы:
Жоқ
– Менің ойымша, мемлекеттің сыртқы имиджін қалыптастыру үшін қомақты қаржы бөлудің қажеті шамалы. Кез келген мемлекеттің имиджін сол елдің қарапайым азаматтары ғана қалыптастыра алады. Менің бұл пікірімді романтика деп қарайтындар табылар. Бірақ мен ойымды түсіндіру үшін нақты мысалдар айтып өтейін. Біз шетелге әнші, күйші, бишілерімізді шығарып, ақша шығарып, концерттер ұйымдастырып, көрмелер өткізіп жатамыз. Бұл біздің мәдениеттілігімізді көрсетіп жатқанымыз дейміз. Бірақ біздің елдің шенеуніктерінен бастап қарапайым азаматтарына дейін жыл сайын шетелдерге демалуға барады. Студент жастарымыз білім алады. 
Арнайы ақша бөліп, әлемнің атақты сахналарында Құрманғазының күйін, «Қаражорға» биін көрсетіп жатқанымызбен, жаңағы шетелге шыққан азаматтарымыз бейәдеп қылықтар көрсетіп жатса, шетелдіктер «қазақтардың шынайы бейнесі осындай екен» деген ойда қалмасына кім кепіл? Әрбір мемлекеттің имиджін сол елдің азаматтары ғана қалыптастыра алады дегенім – осы. Жалпы, мемлекеттің бейнесін жақсы жағынан қалыптастыру үшін қаржы қарастырылу – жемқорлыққа қадам жасалды деген сөз. Еліміздің шетелдегі шараларына бөлінетін қаржының барлығы талан-таражға түсетіні айтпаса да түсінікті. Тағы бір мысал келтіре кетейін. Мен КСРО кезінде Мәскеуде оқыдым. Сол кезде жергілікті орыстар 15 республика туралы өздерінің пайымдарымен бөлісіп отыратын. «Құрылысшы, қарақшы, саудагер т.б.» деп одақтас халықтарды жіпке тізгендей етіп әңгіме ететін. Біздің қатарластарымыз сол кезде жақсы оқыды. Тәуелсіздік алған кезде билікті қолдарына алған сол кездегі жастарға қарап орыстар «қазақтар оқымысты, зиялы» деген пікір қалыптастырған еді. Әлі күнге дейін қарапайым ресейліктер қазақтарды зерделі ұлт деп есептейді. Ал ол имиджді кім қалыптастырды? КСРО құрамындағы Қазақстан сол үшін ақша шығарды ма? Жоқ. Әлі күнге дейін жақсы жағынан қалыптасқан имиджді сол кездегі білімге құштар жастарымыз жасады. Дәл осылай қазақ жастары Еуропаны да, Америка құрлығын да бағындыруы керек. Біздің елдің әрбір азаматы өз елімізде қарапайым адам болғанымен, шетелге шыққанда Қазақстанның елшісіне айналады. Қазақ елінің бір ғана өкілінің сөйлеген сөзіне, білім дәрежесіне, өзін-өзі ұстауына, қала берді, киім киісіне қарап шетелдіктердің Қазақстан туралы пікірі қалыптасады. Кейінгі кезде жекелеген мемлекеттердің имидж үшін ақша бөліп жатқаны рас. Мемлекеттің бет-бейнесін қалыптастыру үшін ақшаны жаңадан Тәуелсіздік алған болмаса инвесторлар тартуға мүдделі тұрақсыз елдер бөлуі керек. Ал бізде жағдай басқаша ғой. Сондықтан мемлекеттің имиджін қалыптастыру үшін бюджеттен арнайы қаржы қарастыруды қолдамаймын. Бұл – түбінде бөлінген қаржы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетуге жағдай жасайтын, жемқорлыққа әкелетін бірден-бір бастама.

Түйін
Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджі кісі күлетін жағдайда емес. Ядролық қарудан бас тартып, тұрақты қоғам құра алған мемлекетімізді шетелдік меймандарымыз Орталық Азияның көшбасшы елі деп таниды. Сондықтан кейде мемлекеттің имиджін асқақтатуды қомақты қаржы ғана емес, жігерлі саяси шешімдер арқылы да жүзеге асыруға болатын сияқты.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста