Мемлекеттік тілдің жанашыры болып жүретін санаулы депутаттардың бірі Нұрлан Өнербаев жуырда Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың атына сауал жолдады. Өзекті проблема төңірегінде өткір ой айтқан Өнербаевтың ұсынысы ақылға қонымды сияқты. Ол өзінің сауалында мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер ілеспе аударма үшін өз қалтасынан қаржы шығару керектігін алға тартты. Депутаттың дәлелдері де жоқ емес. Десе де, қоғамда қанша адам болса, сонша пікір болатыны тағы белгілі.
Нұрлан ӨНЕРБАЕВ, Мәжіліс депутаты
Иә
– Тәуелсіздік алып, егеменді ел болғанымызға 20 жыл толады. Ал біз болсақ мемлекеттік тіл проблемасын әлі күнге дейін шеше алмай келеміз. Мемлекеттік тілді дамыту туралы түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатыр, қаржы жыл сайын бөлініп келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Бір сөзбен айтқанда, қаржы желге ұшып жатыр. Сондықтан нақты талаптар қоятын кез жетті ғой деп Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың атына сауал жолдадым. Ондағы айтпағым, қазір бізде қандай жиын болсын ілеспе аударма пайдаланылмайды. Бәрімізге ортақ тіл ғой деп барлығы да орыс тілінде баяндама жасауға әзір тұрады. Сол жиынға қатысып отырғандардың арасында орыс тілін білмейтін адамдар да отыруы мүмкін. Алысқа бармай-ақ өзіміздің шетелден келген қандастарымызды алып қарайық. Олар орыс тілінде сөйлемек түгіл, түсінбейді де.
Ал олардың құқығы тапталып жатқанын ешкім ескермейді. Оны қорғап жатқан да ешкім жоқ. Мысалы, кез келген халықаралық жиында баяндамашы өзінің сөзі жиналғандардың барлығына түсінікті болу үшін ілеспе аударма жасап отыратын аудармашыны қаржы төлеп, өзімен бірге алып барады. Немесе сол елден аудармашы жалдайды. Біздің қоғамдағы түрлі деңгейдегі отырыстар мен жиындарда мемлекеттік тілді қолдану тіпті де ескерілмейді. Конституция бойынша мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бірақ орыс тілі де қажет болған жағдайда қатар қолданылуы керек. Қажет болған жағдайда ілеспе аударма қолданылуы тиіс. Орыс тіліне жүйрік шенеуніктер көбінесе «барлығына түсінікті ғой» дегенді салтауратып ресми тілде сөйлеуге бейім тұрады. Ал бұл мемлекеттік тілдің қолдану аясын тарылтып, жыл өткен сайын қазақ тілін өшіріп барады. Сондықтан барлық жерде ілеспе аударма болуы шарт. Ал ілеспе аударма үшін қаржыны мемлекет төлеуі тиіс емес. Себебі баяндама жасайтын шенеуніктің қазақ тілін білмегеніне мемлекет кінәлі емес, кінәлі – шенеуніктің өзі. Ал онда неге мемлекет тіл білмейтіндер үшін ақша шығаруы тиіс? Қазақ тілін білмейтін, үйренгісі келмейтін шенеуніктердің әрбір баяндамасындағы ілеспе аударма үшін салық төлеушілер неге қаржы шығару керек? Менің депутаттық сауалым осы мәселеге байланысты туындаған болатын. Сайып келгенде, әрбір мемлекеттік тілді білмейтін шенеунік жалпыға ортақ баяндама жасағанда, ілеспе аудармалар үшін қаржыны жеке өзінің қалтасынан шығару керек. Сонда ғана олар жауапкершілікті сезіне бастауы мүмкін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессиясында: «Мемлекеттік тілдің шын жанашыры арнайы жобаларды өз қалтасынан да қаржыландырады», – деген болатын. Сонымен қатар мен әрбір мемлекеттік қызметкерді жұмысқа қабылдар алдында қазақ тілінен сынақ тапсыруын міндеттеуді де айтып өттім. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бізде президенттікке сайлау өткізілгенде, үміткерлерге мемлекеттік тілден сынақ тапсыртамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет осы сынақты тапсырды. Тіпті ол кісінің қазақ тілінде еркін сөйлейтінін барлығы білсе де, сынақ тапсыратынын көріп жүрміз. Президенттің өзі қазақ тілінен сынақ тапсырып жатқанда, қатардағы мемлекеттік қызметкерлерден неге емтихан қабылдамасқа?! Меніңше, әрбір мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті. Ол үшін осындай шаралар қолданылуы шарт.
Ғани ҚАЛИЕВ, «Ауыл» партиясының төрағасы
Жоқ
– Мен де мемлекеттік тілдің аясының кеңеюін қолдаймын. Ешқандай да қарсылығым жоқ. Бірақ менің түсінігімде тілді күштеп үйретудің ешқандай пайдасы жоқ. Қандай да қыңырлыққа баратын болсақ, қоғамда тұрақсыздық пайда болуы мүмкін екенін естен шығармауымыз қажет. Біздің көпұлтты ел екеніміз жасырын емес. Мемлекеттік тілге қатысты жұмсақ саясатымыздың арқасында шығар, бүгінде әлемдегі қоғамдық келісім орнаған елдердің біріне айналып отырғанымыз. Мысалы, бізбен бірдей тәуелсіздік алған Балтық жағалауы елдері, Гүржістан сияқты елдер тілге қатысты радикалды қадамдарға барды. Бірақ қаншалықты қиын болғанын, түрлі қақтығыстар орын алғанын жақсы білеміз. Бізге сол керек пе?! Бұған дейін түрлі ұсыныстар да, бастамалар да болды. Сол Парламент қабырғасында отырған кезімде де өз пікірімді айтып жүрдім.
Түрлі жиындардағы синхронды аударма үшін мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер қалтасынан ақша шығаруы керек деген мемлекеттік қызметкерлерді бөле-жару сияқты көрініп тұр. Бізде мықты кадрлар жеткілікті. Жасыратыны жоқ, олардың көпшілігі – Кеңес Одағы кезінде өмірге келіп, сол кезеңде орыс тілінде білім алған мамандар. Олардың біздің мемлекетке пайдасы ұшан-теңіз. Осы дәрежеге жетіп отырғанымыз да сол білікті кадрлардың арқасы деп айтсақ қателеспейміз. Бірақ солардың 100 пайызы қазақ тілін біле бермейді. Мемлекет үшін еңбегі сіңген мамандарға қазақ тілін білмейсің деп қалтасын қаққанымыз кеудесінен итергенмен бірдей емес пе?! Мемлекеттік тілді шұғыл енгізілетін талаптардың арқасында үйрету мүмкін емес. Тілді үйретудің сан түрлі әдіс-тәсілдері бар. Бірақ олардың арасында қатаң талап қою арқылы күштеудің нәтижесінде үйрету деген жоқ. Мемлекеттің негізгі ұстанымы – қоғамның тұрақтылығын сақтау. Ендеше, мемлекеттік тілді дамыту үшін, қолданыс аясын кеңейту үшін азаматтарды бөле-жармай, тіл үшін қаржы бөлінуі тиіс. Мемлекеттік жиындардағы ілеспе аудармалардың қаржысын мемлекет мойнына алғаны дұрыс. Қазақ тілін балабақшадан, мектептен бастау керектігі айтылып жүр ғой. Мемлекеттік бағдарламалар да қабылданып жатыр. Стратегиялық жоспарлардың жемісін алдағы уақытта көретін боламыз. Президенттің өзі де кемінде үш тілді білу керектігін айтып жүр ғой. Орыс тілін білгеннен қазақ ұтпаса, ұтылмайды. Сондықтан әр нәрсеге байыппен қарау керек деп есептеймін.
Түйін
Мемлекеттік тілдің күн тәртібінен түспей келе жатқанына да 20 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында қызықты ұсыныстар айтылды, ұзақ мерзімді бағдарламалар да қабылданды. Алайда «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып келеді. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы бастамалар Парламент мінберінен көтерілгені дұрыс-ақ. Мемлекеттік хатшының атына жолданған сауал қаншалықты ескерілетіні – уақыт еншісінде.