Елімізде мемлекеттік тіл мәселесін шешуге келгенде бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстар жетіп-артылады. Нақ қазір республикамыздың ірі-ірі қалаларында тіл төңірегіндегі заңбұзушылықтар мен қателіктер өршіп тұр. Бір ғана Алматы қаласының көшелерінде қазақ тілінің мәртебесін «мөлитіп» тұрған сауатсыз жарнамалар қаншалықты? Біз туындаған кез келген мәселені неліктен ресми тілде шешуге тырысамыз? Болашақта ана тіліміздің мерейін қалай үстем етсек болады? Соңғы кездері нақ осы қазақ тілінің мерейін өсіріп, өзгелерге де сол тілді сыйлату мақсатында тіл полициясын құру қажеттігі сөз болуда. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегіндегі заңбұзушылықтар мен қателерді реттеу үшін бізге мұндай тіл полициялары керек пе, әлде жоқ па? Мұндай полиция құру мәселені шеше ала ма? Біз бұл сауалды арнайы мамандардың талқысына салдық.
Амангелді АЙТАЛЫ, мемлекет және қоғам қайраткері:
иә
– Бұған ешқандай дау жоқ. Тіл полициясын құру керек. Нақ қазір елімізде қазақ тілінің қолданысына қатысты заңбұзушылықтар тым көбейіп кетті. Ірі-ірі қалалардағы қатесінен көз сүрінетін жарнамалардың өзі – үлкен өрескел заңбұзушылық. Осыған қатысты айтарым, мұндай заңсыздықтар мен өрескел қателерді түзеп, жөнге салу үшін қазаққа бір мықты тіл полициясы керек. Тілді құрметтеу тек қана грамматикалық, синтаксистік немесе терминдік мәселе емес. Бұл қателіктер өз алдына, қазірде қазақ тілін ашық сыйламау орын алуда. Сондықтан мұндай бір орган бізге қажет. Мәселен, қазірде Ресейде кімде-кім Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі фашизмді ақтауға қызмет жасаса, қылмыстық іс көтеруде. Себебі Ресейде орыс халқын сыйламау, фашизмді жақтау, дәріптеу орын алып бара жатқандықтан, олар осындай әрекеттерге барып отыр.
Ал қазақтың елінде қазақ тілін сыйламауға қатысты арнайы жазалау бабын енгізу қажет. Қазақтың тілін біле тұра, оны менсінбей, қасақана орыс тілінде сөйлейтіндерге шовинизм, яғни астамшылдық бабын енгізіп, арнайы заңмен жазалау керек. Тіл мәселесін осылайша жоғары деңгейде қолдауға кіріскен абзал. Тіл полициясын құру, қайсыбіреулер айтып жүргендей, ұлтараздыққа, өзге ұлттарды алалау түсінігін тудыруға апармайды. Бұл керісінше, тіліміздің мерейін өсіруге, тілді өзге халықтарға сыйлатуға бастайтын қадам. Қазірде ұлт құндылықтарына қарай шартты түрде қазақтарды үш топқа жатқызуға болады. Бірінші топтың психологиялық бағыт-бағдары ұлттық мәдени, тарихи санаға негізделген. Олар ұлттық құндылықтарға артықшылық береді. Екіншілер – өз бойына екі не одан да көп мәдениетті сіңіруге тырысатындар. Үшіншілер – ана тілінен орыс тілін артық білетіндер, сондықтан бөтен тілге, мәдениетке артықшылық беретіндер. Сонымен қатар тілді де, мәдениетті де меңгермеген маргиналдар да бар. Олар ұлт мәселесі төңірегінде ойланбайды. Бірақ барлығында ортақ «мен қазақпын» деген сана бар. Қазақтың сөзін сөйлейтіндер, қазақы рухы мықтылар – жаңағы бірінші топтағылар. Қазір бізге қолайлысы, қазақы рухты асқақтату үшін ұлттық мәдениеті, тілі, тарихы санасына сіңген бірінші топтағылардың сапасын арттыру болуы тиіс. Ендеше, қазақтың тілін сақтайтын, қорғайтын, мәртебесін өсіретін мұндай тіл полициялары бізге керек. Мұны қолдау қажет.
Ерлан СЫДЫҚОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Мен тіл полициясын құру керек дегенді қолдамаймын. Себебі адамзаттың тарихына көз салсақ, қоғамда, мемлекетте репрессивтік аппараттарды күшейткен сайын оның нәтижесі ойдағыдай болмайды. Сондықтан бізге қарақұрым органдарды көбейте бергеннен тіл мәселесі шешілмейді. Тіл полициясын құрып, ол полицияға арнайы міндет жүктеп, тілді осылайша қолдаймыз, қорғаймыз дегенмен, мәселенің түйіні тарқатылмайды. Сондықтан бізге мұндай полицияны құрудың қажеті жоқ. Егер біз тіл мәселесін шешеміз десек, қазақтың санасын өзгертуіміз керек. Тіл – әр мемлекеттің басты құндылығы. Тілсіз мемлекетті мемлекет деп атауға да болмайды. Сондықтан да халықтың ең басты бары да, байлығы да – тілі. Ендеше, осыны сезінсек, бірінші кезекте сананы түзеуіміз қажет.
Елбасының өзі «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенді нықтады. Міне, осы бағытты ғана ұстанып, ең алдымен қазақтың өзі бір-бірімен қазақша сөйлессе, мәселе реттелер еді. Ал біздің қазақ басқа ұлт өкілдерінің арасында мемлекетаралық тілді қолдануға бейім тұрады. Міне, сана өзгермей, тілдің мәселесін арнайы заңмен нықтау да, арнайы полициямен реттеу де оңтайлы ете алмайды. Тілдің мәртебесін өсіру отбасынан басталуы керек. Отбасында әр қазақ өз тілінде сөйлесіп, өзінің ана тілін балаларының бойына сіңірсе, тілдің мерейі осыдан өседі. Тіл ананың сүтімен, атаның қанымен даруы тиіс. Сонда ғана қазақтың тілі тектілене түседі. Балабақшада балалардың тілдік қорын жетілдіруге күш салғанымыз жөн. Мектеп қабырғасында қазақтың тілін оқытуды тереңдету қажет. Жоғары оқу орындарында қазақ тілінің беделін өсіретін арнайы шаралар ұйымдастырылғаны абзал. Егер біз қазіргі жастарымызды отбасынан бастап тәрбиелеп, елінің тілін қастерлеуге бағыттасақ, нақ осындай мәселе қазірде көтеріліп отырмас еді. Бізде жалтақтық басым. Қаншама жыл бодандықта болған қазақтың санасындағы сеңді бұзбай, тілдің мерейін өсіре алмаймыз. Сана өспей, қанша жерден арнайы инспекция немесе полиция құрғанмен, тілді білуді міндеттеп, мәжбүрлеп бойға сіңіру мүмкін емес. Тіл полициялары көшелердегі қате кеткен жарнамаларды, мекемелерде қазақ тілінде қате толтырылған құжаттарды түзетуге ғана мұрындық болар. Ал бұл мәселенің бетін ғана қалқып, өзекті проблема шешілмей қалады. Сондықтан бізге тәрбиені отбасынан, балабақшадан бастау қажет. Жас өскіндерді қалай баулысаң, қалай бағыттасаң, олар солай ниеттеледі. Ендеше, «арнайы полиция құрамыз» деп екпіндегеннен гөрі бізге қоғамның санасын өзгертуге, сананы дамытуға күш салған жөн. Ал тілдік полиция құру қаптаған орган-комитеттердің қарасын көбейтіп қана қояды. Сондықтан мұны қолдаудың қажеті жоқ.
Бейтарап пікір
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, қоғам қайраткері:
– Голландияда мұндай тіл полициялары жұмыс істейді. Ол елде көшеде өзге тілде сөйлеп келе жатқан адамды арнайы полиция құжатын тексереді. Егер де ол голландық болса, айыппұл салады. Міне, бізге тіл мәселесіндегі заңсыздықтар мен ретсіз қателерді тоқтату үшін мұндай талап ететін полицейлер қажет. Талап болмағаннан кейін қолданыстағы заң жүзеге аспайды. Ендеше, «Тіл туралы» Заңның орындалуын нәтижелі ету үшін бұл бастаманы тәжірибеге енгізген жөн деп ойлаймын.