Мемлекеттің өз тілі, елдік рәміздері секілді өзіндік өнер туындылары, яғни елдің келбетін айқындайтын қойылым, кино, әдеби шығарма болуы шарт. Себебі ол өз кезегінде сол мемлекетті құрайтын ұлттың мәйегі болып табылады. Кезінде сол мәйекті сақтау үшін мемлекет тарапынан жанашырлық танытып, арнайы тапсырыс берілген. Қазір осы жағынан бізде тыныштық орнағандай. Бірақ түрлі шығармалар жазылып, таралып жатыр. Олардың бағыт-бағдары белгісіз, тіпті кейбірінің идеясы біздің таным-түсінігімізге жат та. Сондықтан осы ретте, бізге мемлекеттік идеологияға қажет өнер туындыларын арнайы тапсырыспен жаздыру керек шығар?
Мұрат АХМАНОВ, режиссер:
иә
– Дәл қазір өнердің қай саласында болсын әркім ойына не келсе, соны тақырып қылып жазып жүр. Ал елде ұлттық идеология болуы үшін өз басым мемлекеттік тапсырыс бойынша түрлі туындылар жасалуы шарт деп есептеймін. Себебі бізге дәл қазір әртүрлілік емес, керісінше, өз болмысымызды сақтап қалатын біртұтас идея, ұлттық идеология ауадай қажет. Ал қазіргідей шашыраңқы, бытыраңқылық жүрген жерде ауызбірлік болмайды. Ал бұл – өте қауіпті. Яғни әркім әр жаққа тартатын елді кімге болсын жаулап алу оп-оңай. Олай болса, бізге мемлекеттік тапсырыспен қомақты қаржы құйып, кесек туындыларды бірінен кейін бірін шығарса да артықтық етпес еді деп ойлаймын. Әйтпесе біз елдік, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алып, өкініп қаламыз.
Кеңес өкіметі кезінде ән мен жыр, спектакль мен кино атаулының барлығы дерлік мемлекеттік тапсырыспен жазылды. Алайда соның бәрі бірдей кеңестік идеологияны жақтап кеткен жоқ қой, қазақтың игілігіне де қызмет еткен туындылар болды ғой. Айталық, «Қыз Жібек» немесе «Менің атым Қожа», «Тақиялы періштені» болсын кәдімгі мемлекет қаржысына түсірді ғой. Солар кеңестік идеологияның жаршысы боп кеткен жоқ, қазақ әлі күнге оларды жылы қабылдайды. Сол сияқты көптеген әдеби шығармалар, операға дейін арнайы тапсырыспен жазылды.
Осы секілді үрдіс еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда байқалды. Яғни көптеген ұлттық идеологиядағы туындылар сол тұста қаулап жазылды. Мысалы, қазақтың белгілі бір батыры немесе ерекше тұлғасы, мысалы Абай атамыздың мерейтойларында сол кісілерге арналған кітаптар, олардың туындылары, солар жайлы қойылымдар мен деректі фильмдер жасалды. Себебі мемлекет тарапынан соған ден қойылып, көлемді қаржы құйылды, жан-жақты мамандар жұмылдырылды. Кейінгі кезде осы бастамалар саябырсып, тіпті тоқтап қалды десе де болғандай.
Түрлі кино және театр фестивальдері болушы еді. Мәселен, ұлы Абайға арналған, Мұхтар Әуезов және Жамбыл Жабаевтарға арналған фестиваль өтті, соның арқасында біз сол бір аяулы тұлғаларымыздың мұрасын біршама жинақтап қана қоймай, олар жайлы жаңа шығармалар дүниеге келді. Сондықтан мемлекеттік идеологияға қажет шығармаларды арнайы тапсырыспен жаздыру қажет. Себебі мемлекеттік тапсырыс жүрген жерде тәртіп болады, екіншіден, онда көркемдік кеңес жұмыс істейді. Ал ол деген сөз – нағыз мамандар жиналып, шығарманы талқылап, електен өткізіп, көпшілікке дұрыс, яғни електен өткен шығармалар жолданады деген сөз. Және де ол кезде шығармалар әлі кино немесе қойылымға айналмай тұрып шығарма, сценарий күйінде талқыланады ғой. Сондай-ақ жақсы шығарманың авторына, режиссері, композиторы секілді сол дүниені жасап шығарған мамандарға қомақты қаламақы төленеді.
Қазір телеэкранда әсіресе жеңіл-желпі дүниелер басып кетті ғой. Егерде біз сонымен дамимыз десек, онда мықтап қателесеміз. Қателескеніміз өз алдына, жалпы, біздің идеологиямыз дамымай қалады. Ал ұлттық идеология біздің елімізде үстемдік орнатуы қажет. Қазір ондай құбылыс байқалмайды, бірақ Елбасымыздың әр жылды «Мәдениет жылы» немесе «Ауыл жылы» деп арнауы өнер мен біздің ұлттық идеологиямызға тың серпіліс әкелді. Сондықтан бізге тапсырыспен арнайы туындылар жаздыру керек, оның жасалу барысын қадағалап, оған атсалысқандарды марапаттау керек.
Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ, жазушы, журналист:
жоқ
– Мұқағали ақынның мынадай сөзі бар: «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» деген. Сондықтан өнер де дін секілді мемлекеттен бөлек болуы шарт. Себебі идеологиямен жасалатын туындылардың қандай болатынын Кеңес өкіметі тұсында көрдік қой. Біз сол идеологиялық өнердің психологиялық зардабын әлі күнге дейін тартып отырмыз. «Мемлекет тапсырыс бермесе, ақша бөлмесе, жақсы шығарма тумайды» деген ой, өкінішке қарай, бүгінгі буынның да санасын билеп отыр. Осы тұрғыдан қарағанда, өнердің идеологиядан азат болғаны дұрыс.
Шыны керек, қазір мемлекеттік сыйлық бола ма, бәйге, байқау секілді дүниелердің барлығы мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ тапсырардағы жарысы секілді болып кетті.
Біздің мүйізі қарағайдай деген ағаларымыз осындай бір аз-кем ақшасы бар сыйлықтар тапсырылатын сәттерде бірімен бірі таласып, пендешілікпен бірінің алдын бірі кес-кестеп, сондай бір ұятты жағдайға ұшырасып жатамыз. Біздің жазушы, ақындарымыздың арасында сол идеологияның салдарынан қалған «қырыққа дейін сен атаққа қызмет етесің, ал қырықтан кейін атағың саған қызмет етеді» деген бір жаман түсінік бар әлі күнге. Осыны тағы кез келген адам қолдайды ғой, ең жаманы. Сондай деймін, әлгіндей қаламгерлеріміз атаққа қызмет етсе, сол үшін шығарма жазып, атын шығаруды көздесе, сонда өнер қайда қалады? Енді осыған қарама-қайшы жағына келсек, жазушы Оралхан Бөкейді білмейтін адам жоқ десе болғандай. Оның шығармасын оқыған кез келген оқырман өнер мен өмірге басқаша көзқараспен қарап, біліктілігі мен талғамы да өседі. Ал сол Оралхан Бөкейдің қандай атағы немесе мансабы болғанын оқырман білмейді, тіпті керек те қылмайды. Себебі Оралхан Бөкей деген аттың өзі кез келген атақтан артық. Себебі Оралхан Бөкей таза шығарма жазды, ол ешқандай да идеологияға қызмет еткен жоқ, адами тұлғасы мен ардан аттап кететіндей бір істі өзі жасаған да жоқ, тіпті Компартияға жағыну үшін титімдей де болса бір шығарма жазған жоқ. Ол шығармашылыққа адал болды. Ендеше, осының қайсысын таңдауымыз шарт? Әрине, Оралханның бағытын. Себебі сол кездегі жүздеген, мыңдаған жазушылардың бәрі бірдей ел есінде қалған жоқ, есесіне Оралхан сындылар әлі тірі.
Шын жазушы, шын ақын, жалпы, шын шығармашылық иесі болам деген адам өнерді өмірмен шатастырып алмауы шарт. Яғни өнерді өмір сүрудің құралы ретінде пайдалану деген ойдан ада болмай, жақсы шығарма тумайды. Ал бізде қазір, өкінішке қарай, осы құбылыс асқынып кеткен. Мейлі қаламгер, мейлі суретші, мейлі әнші болсын ол өз бойындағы өнерін жан рахаты, жұртшылыққа тек рухани азық сыйлау үшін емес, одан бұрын сол өнерін бұлдап, «мен ақын едім, суретші, әнші едім» деп басшылардың есігін ұрып болмаса халықтың алдында тепсініп, сонысын бұлдап, пұлдап шыға келеді. Үлкен адамдардың алдына кіре қалса, елдің қамын емес, өзіне үй-жай, қызмет пен атақ сұрайтыны жасырын емес. Мемлекеттік тапсырыс аңдитын да, сыйлық аңдитын да солар. Ал шын дарындылар Мұқағали, Оралхан секілді өтеді өмірден. Не үй, не баспанасы болмаса да, өнерге адал күйінде. Бүгін де сол кісілердің соқпағын жалғап келе жатқандар аз емес...
Қалай болған күнде де әдебиет пен өнерді тапсырысқа байлап қоюға болмайды.
Түйін
Пікірлер екіге жарылды, бір жақ «тапсырысқа жазу деген де бір, «жетектеген тазы» да бір, ал «жетектеген тазының түлкі алмайтыны» ақиқат. Мемлекеттен ақша алды екен, ол мақтау мен жарамсақтанудан аса алмай, жалтақтап қалады. Қазақ айтады ғой, «тамағынан өткізіп қойған» деп» дегендей ой айтса, екінші жақ, дәл қазір керісінше, біз «әй дейтін әже, қой дейтін қожасы» жоқ өткелге айналғандаймыз. Бүгінде сапасыз дүниелер мен аты-жөні белгісіз адамдар өнер әлемін жаулап алса, ол осы мемлекет тарапынан тапсырыс пен қадағалаудың жеткіліксіздігінен, яғни тым еркіндік те қауіпті дегенді алға тартады. Расында, қазақ атты кейде қамшыласа, кейде тізгінді тартып отырады ғой. Яғни керек кезінде өнерге еркіндік берсек, керек кезінде тізгінді тартып, ширатып алу шарт секілді.