Мектептерді жан басына байланысты қаржыландыру жүйесін енгізу ауыл мектептеріне ауыртпалық түсірмей ме?
Күні кеше білім жүйесіне тың бастама енгізіліп, яғни зияткерлік мектептерді ҰБТ-дан босату туралы шешім шығып, дүйім жұртты елең еткізген еді, енді мектептерді бала санына қарай қаржыландыру жүйесінің тәжірибе жүзінде қолға алынып жатқандығы туралы «отыз тістен шыққан сөз, отыз руға» тарап кетті. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Мемлекеттік бағдарламаның басты міндеті – 2015 жылға қарай білім берудің барлық деңгейінде жан басын қаржыландыру тетігін енгізу. «Білім туралы» заңға бірқатар толықтырулар енгізілді. Заң - жан басына қарай қаржыландыру тетігі орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына да пайдалануға мүмкіндік береді» деген мәлімдемесі бүгінгі күні қоғамның пікірталасын тудырып отыр.
Алмагүл Абдуллақызы, В.Г.Белинский атындағы орта мектеп, мектепке дейінгі шағын орталық пен мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
иә
– Кез келген қоғамның өркениеттілігі оның халқының білім-біліктілігімен өлшенетіні белгілі. Шындығын айту керек, еліміз Тәуелсіздік алғалы бері білім саласына айрықша көңіл бөлінуде. Елбасы да жыл сайынғы халыққа Жолдауында білім сапасын жақсартуды бірінші кезекке қойып келеді. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген бір отырысында «Мектеп – әлеуметтік мәселелердің ішіндегі ең өзектісі. Әсіресе ауыл мектебін өркендетуге, ауыл мектебінің жағдайын жақсартуға көңіл бөлу қажет» деген еді. Қолға алынып, жүзеге асып жатқан игі істер баршылық. Бұрындары өгей баланың күйін кешкен ауыл мектептері қазір біртіндеп көшке ілесе бастады.
Десек те, шалғай ауылдардағы білім ошақтарының ахуалы әлі де төмен. Ұстаздар санының жетіспейтіндігі өз алдына маңызды проблема, сондай-ақ материалдық жағдайлары мемлекет тарапынан қолдауға зәру. Қазір құзырлы министрліктің алдындағы басты міндет – білім беру сапасын бүгінгі күн талабына сай жетілдіру. Сондықтан да қандай да бір тәжірибені қолға алмас бұрын алдымен оның ауылдағы мектептерге қалай әсер ететіндігін ескерген жөн сияқты. Әрине, қаржыны бала санына қарай бөлу бастамасы жаман емес. Мұндай тәжірибені қашаннан қолға алған елдерде ол өміршеңдігін дәлелдеген. Алайда бізге әлі ертерек деп ойлаймын. Бірінші кезекте ауыл мектептеріндегі проблеманы оң шешіп алған абзал дер едім. Білім сапасы мен материалдық жағдайын еліміздегі барлық орта білім беретін мекемелерімен теңестіріп алған жөн. Өздеріңіз білесіздер, ауылдық жерлердегі білім ошақтарының арасында әлі де болса аса қажет техникалармен жабдықтала қойған жоқ. Материалдық техникалық базаны жақсартпай, білім сапасын дамыту екіталай. Тағы бір түйінді мәселе, ауыл мектептерінің арасында шағын жинақталғандары баршылық. Тіпті бір сыныпта он шақты оқушысы бар мектептер де жоқ емес.
Статистикаға жүгінсек, елімізде 7600-ге жуық мектеп жұмыс істесе, соның тең жартысына жуығы шағын жинақталған мектептер қатарына жатады екен. Міне, осыған қарап мен жаңа бастама ауыл мектептеріне тиімсіз болар деген ой түйдім.
Бірінші кезекте ауылдағы барлық мектептерді күрделі жөндеуден өткізіп, оларды ақпараттық технологиялармен қамтамасыз етіп және мұғалімдердің санын жеткілікті мөлшерге көтеріп алса деген ұсынысым бар. Сонда сөз жоқ ауыл балаларының білім деңгейі мемлекеттік талап көрсеткішіне теңестірілген болар еді. Міне, сол кезде қазір баршаның назарын аудартып отырған тың бастама қоғамның қолдауына ие болатыны даусыз. Менің пікірімше, әзірге ертерек. Қысқасы, мектептерді жан басына қарай қаржыландыру жүйесі басқа-басқа, ауыл мектептеріне қиынға соғады.
Жанар Рахметова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаржы және инвестициялық жобалар департаментінің бас сарапшысы:
жоқ
– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мектептерді жан басына қарай қаржыландыру жүйесін енгізуді бастап кетті. Биыл тәжірибе ретінде бірнеше ғана облыстар сынақтан өтпек.
Ал жаңа бастаманы жаппай енгізу 2015 жылға жоспарланып отыр.
Аталған жүйе бойынша әдіс-тәсілдер жиынтығы бекітіліп қойғандығын айта кеткім келеді. Былайша айтқанда, орта білім ұйымдарын жан басын қаржыландыру нормативтерін жасап, оны зерттеуге халықаралық сарапшылар тартылды, яғни БҰҰ-ның балалар қоры атсалысты. Құзырлы министрлік басшысы Б.Жұмағұлов айтпақшы, «орта білім беру саласында жан басына қарай қаржыландыруды енгізу – революциялық қадам».
Бұл жүйенің ең ұтымды тұсы – ол орта білім беру саласында бәсекелестікті дамытуға жол ашпақ. Сонымен қатар мектептерді жан басына қарай қаржыландыру арқылы, керісінше ауыл мен қала мектептеріндегі білім деңгейін теңестірудің мүмкіндігі тумақ.
Біртұтас нормативтік жолмен және нақты санаттармен білім алып жатқан оқушыларға көрсетіліп отырған стандарттау қызметі мемлекет есебінен субсидияланып отыр десек, жан басына қарай қаражат бөлу жүйесі әкімшілік тәртіппен есептелген шығындарын қайтаруды көздейді.
Бір айта кетерлігі, 2015 жылға дейін жан басына қарай қаржыландыру механизмін енгізіп, оны жолға қою арқылы құзырлы министрлік мына төмендегі нәтижелерге қол жеткізуді жоспарлап отыр:
– әр бір балаға бөлінетін қаржының арасындағы алшақтықты жойып, оны теңестіру;
– мектеп басшылығы бюджеттен бөлінген қаржыны тиімді жұмсауға ынталандыру;
– байыпты бәсекелестік орнату арқылы оқушылар мен барлық мектеп қызметкерлеріне заман талабына сай жағдай жасап, білім сапасын жақсарту.
5 849 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан. Оның 70 пайызы, яғни 4 074 мектеп шағын жинақталғандар қатарында. Алайда жаңа жүйенің аталған мектептерге еш зияны тимейді. Өйткені шағын жинақталған білім ошақтары сыныптар саны негізінде қаржыландырылмақ. Жан басына қарай қаржыландыру жүйесіне ауыл мектептерінің тек 30 пайызы ғана кіреді. Оның өзінде де ауыл мектебі екендігі ескеріледі. Ауыл мектептерінің жайын ойлап, алаңдап жүргендерді түсінемін. Шағын жинақталған мектептерге қаржы жетпей қала ма дейтін шығар. Жаңа бастама болғандықтан үрке қарайтындары заңды.
Еліміздегі мектеп басшыларының қаржы мәселесіндегі сауатын әлі де көтеруіміз қажет. Әрбір мектеп директоры менеджер бола білуі тиіс. Қазіргі күннің талабы – сол. Ауылдағы болсын, мейлі қаладағы болсын, мектеп директоры нарықтың осы тетігін игеруге міндетті.
Түйін
Жаңа бастама тиімсіз деп кесіп айтуға асықпас едік. Өз алдына артықшылықтары бар да шығар. Алайда бірінші тарап айтқандай, әлі ертерек сияқты. Шынымен де, мұндай жүйенің біз күткендей нәтиже беретініне сенімімізден күдігіміз басым. Жаңа жүйені бастап кетуге бөгет жетерлік. Бұл ауылдағы мектептер үшін нағыз сынақтың өзі болғалы тұр. Ешкімге жасырын емес, қалалық жерлердегі мектептер «ата-аналардың өз еріктерімен жинап беретін қоры» арқылы да аз қаржыландырылып отырған жоқ. Ауылдық жерлердегі мектептер мұндай жылудан да қағылған. Оның себебі түсінікті: ауылда жұмыс жоқ, яғни ақша жоқ. Шетелге қарап бой түзейміз дегеніміз де дұрыс емес. Оларда қала мен даланың арасындағы айырмашылық анау айтқандай емес. Әсіресе білім беру жүйесі ешуақытта бір-бірінен алшақ кетпеген. Міне, біз де сондай деңгейге жетіп алуымыз керек пе еді?!