«Мектеп мұғалімдері үшін бірыңғай форма енгізу керек» деген ұсынысты қолдайсыз ба?

«Мектеп мұғалімдері үшін бірыңғай форма енгізу керек» деген ұсынысты қолдайсыз ба?

Ұрпақ тәрбиесіне тікелей жауапты ұстаз қауымының жүріс-тұрысы, киім киісі мен сөйлеу мәнеріне дейін үлкен жауапкершілікті қажет ететіні даусыз. Осы орайда, кейбір мамандар «ұстаздарға арнап бірыңғай мектеп формасын енгізу керек» деген ұсыныс айтуда. Айта кетер жайт, елімізде бірқатар оқу ордаларының ішкі тәртібіне сәйкес, ұстаздар тізеден төмен етек пен ақ кофта, енді біреулері сыртынан жиегі қазақы оюмен өрнектелген қамзол үлгісіндегі арнайы киімдер киіп, өз іштерінде ұстаздардың бірыңғай мектеп формасын қалыптастырған. Әйтсе де бұл үрдіске бірқатар мұғалімдер қарсы. Екі тараптың пікірін «Ой-көкпар» айдарында тоғыстырып, қоғамда қызу талқыға түсіп отырған мәселенің артық-кем тұстарын салмақтап көрген едік.


Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
иә
– Менің ойымша, мектеп мұғалімдеріне бірыңғай форма кигізген дұрыс. Дәл қазіргі таңда баршаға ортақ бір үлгі керек-ақ. Біз оқушылардың бірыңғай мек­теп формасы туралы көп айта­мыз. Ал ұстаздардың киім киісіне мән бермейміз. Шын мә­нінде, оқушылардың көз алдын­да жүретін ұстаздар қауы­мының да киім кию үлгісі талапқа сай болуы керек. Қазір кейбір ұс­таз­дар мек­тепке көркін көрсету үшін бара­тын секілді. Барынша боя­нып, бүкіл алтын, брил­лиан­тын тағынып, киіміне де эсте­тикалық талғамнан гөрі оның бағасына мән беріп киінеді. Қазір ұстаздың құр сөзіне алданатын оқушы жоқ. 
Сондықтан мұғалім киім киісімен, ісі­мен оқушыға үлгі болуы керек. Ұстаздың сырт киімі де бала санасына тікелей әсер ететінін біз ешқашан ұмытпауымыз керек.Шынын айту керек, кейде мектепке уни­вер­ситетті енді бітірген жас мамандар қа­лай болса солай киініп келіп жатады. Олар сол университет қабырғасындағы үй­­реніскен киімдерімен – тырысқан джин­си, тіпті кейде қысқа кофтасымен, денесі көрініп, оқушыларға білім беруге келеді. Тіпті кейде жасы үлкен ұстаздардың да мектепке бет-бейнесіне сай келмейтін, жасына қонымсыз киім киіп келетіні байқалып қалады. Ондай қалыпта білім берген ұстаздың да оқушы алдында қадірі болмайтыны анық. Мектеп директоры қан­ша жерден оларға ескерту жасағаны­мен, баршаға ортақ талап болмағаннан кейін ұстаздарды бірыңғай мектеп фор­масына бағындыру мүмкін емес. Сондық­тан мүмкіндігінше мектептегі мұғалім­дердің бәріне ортақ бірыңғай мектеп формасын енгізу қажет. Осы орай­да айта кетер жайт, ұстаздардың бірыңғай мектеп формасы ұлттық киім үлгісімен де астасып жатса дұрыс болар еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласының Түркісіб ауданына қарасты №83, №59 мектептің ұстаздары ақ кофта, қара белдемше не­месе бір түсті көйлек сыр­тынан қазақы ою-өрнектермен өрнек­телген қамзол киіп, өзіндік бірыңғай мек­теп формасын қалып­тастырған еді. Мұн­дай қамзолдың белгілі бір дәрежеде оқушылардың бойына қаза­қы­лықты сіңіруге, көздеріне қазақы ою-өрнектердің де сіңісті бола беруіне көмек­тесері анық. Сондықтан біз ою-өрнекті қамзолды ұстаздардың бірыңғай мектеп формасы ретінде қабылдасақ, ұтылмас едік. Бұл жерде әр ұстаз ақ кофта мен тізеден төмен белдемшені өз қалауымен алуына болады. Ең бастысы, етегінің тізеден төмен түсіп, ақ кофтасының ашық-шашық бол­мағаны жөн. Ал жиегінде ою-өрнегі бар қамзол бір­ыңғай үлгімен өз өлшемдеріне сай тігіледі. Айта кетер жайт, жалғыз қам­зол сон­­ша­лықты қымбат болып, олардың қалтасына да ауырлық түсірмес еді. Бұл қамзолдың басты артықшылығы – сол, мектептің ұстазы екенін сырт көзге ажы­ратуға оңай. Жалпы, ұлттық киім – бұл да тәрбиенің бір көзі деп білемін. Ұстаз дегенде ішкі білім, ой-өрісі сыртқы тұлғасымен астасқан парасат иесі елестейтіні рас. Осы орайда оқушының ұстазына деген құрметіне селкеу түсірмей­тіндей, эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейдегі, ұстаз бойына қонымды әрі сәнді көрінетін киім үлгісі бірыңғай мектеп формасы ретінде қабылданса нұр үстіне нұр болар еді.


Аягүл МИРАЗОВА, Алматы қаласы мектеп директорлары кеңесінің төрайымы, Қазақстанның Еңбек Ері, Ы.Алтынсарин атындағы №159 жан-жақты профильді гимназияның директоры:
жоқ
– Мектеп мұғалімдеріне бір­ыңғай форма кигізуге қарсымын. Сон­­дықтан «мектеп мұғалім­деріне бір­ыңғай мектеп форма­сын енгізу керек» деген ұсынысты да қолда­маймын. Мектеп оқушы­лары дұрыс, бірыңғай форма кисін. Ал сырт көзге қарағанда ұстаздардың тауықтың жұмырт­қасындай, бірдей болып жүруінің қажеті не? Оқушылар бірі­нен-бі­рін кем сезінбесін, қатарына қа­рап өзін қор сезінбесін, қасын­дағы сыныптасының үстін­дегісіне қызығып, артық талап қойып ата-анасын қинамасын деп оқушы­ларға арнап бірыңғай мектеп формасын енгіздік. Ал енді бұл қағиданың ұстаздарға не қатысы бар? 
Оқушы ұстазының киім киісі, өзін-өзі ұстауына қарап бой түзейді. Сондықтан, ең бастысы, ұстаздар өзіне жарасымды, жинақы, үстіне қонымды киініп жүрсе болды емес пе?! Егер «ұстаздар әдептен асып, ашық-шашық киінбеуі керек» десе мен оны қолдаймын. Онсыз да қазір ұстаздардың осы талапқа сай киінуін мектеп директорлары қада­ғалап отыр. Шектен асып кетіп жатқан ұстаздарды мектеп директорлары өз іштерінде, дер кезінде тезге салып отыр. Ендеше, мектеп мұғалімдеріне бірыңғай форма енгізудің қажеті қанша?! Ұстаз ашық-шашық, қысқа кимеуі керек. Сондай-ақ тым көзге тез түсетін түстердің де қажеті жоқ. Өзін-өзі сыйлайтын кез келген ұстаз осы талапқа сай киінеді деп те ойлаймын. Бір түсті белдемше, кәстөмдер ғана ұстаздарға лайық. Бұл – сырт көзге тартымды көрі­нетін, ұстаз­ға жарасымды бірден-бір киім. Балаларға қойылған талаптың ұстаздарға да қойыл­уы, бір жағынан ұят та. Ең бастысы, ұстаз киімінің омырауы, етек-жеңі жинақы болса болғаны. Сондықтан ұстаздардың бәрін бірдей, бір түспен киіндірмей-ақ белгілі бір талаптарға сай, тәртіппен киінуі керек деп ойлаймын.
Егер ұстаздар да бірыңғай мектеп формасына ауысатын болса, оқушыларға қойылатын талап ұстаздарға да қойылып, олардың оқушылардан ешқандай айырмашылығы болмай қалады. Онсыз да оқушылардың бірыңғай мектеп формасы бар. Сол арқылы-ақ оқушы мен ұстазды айыруға болады. Және де ұстаздардың бәрі бірдей бұл талапты қолдай қояды деп те ойламаймын. Өткенге көз жіберер болсақ, бұрын мектептегі оқушылар арнайы үлгідегі киімдер киді. Ала-құла, қымбат сақина-сырға тағу, сағат тағу, аса қымбат киім киіп, ерекшелену деген болған жоқ. Қазір де оқушыларды осы қалыптан шығармаған жөн. Бірақ ұстаздарға ол кезде де бірыңғай киім киюге талап болған емес. Қазіргі таңда да ұстаздардың бірдей киінуіне соншалықты қажеттілік көріп тұрған жоқпын. Ең бастысы, оқушы үшін ұстаздың киімі емес, беретін білімі сапалы болса болғаны. Осы орайда ұстаздардың киіміне келіп тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Ең алдымен, оқушыларға беретін білім сапасына назар аудару қажет деп санаймын.
                                    Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Бейтарап пікір
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымының докторы, ББЖ КБАРИ профессоры:
– Егер ұстаздарға полиция қызметкері, әскери қызметкерлер секілді бірыңғай форма енгізілсе, онда оларға да мемлекет тарапынан арнайы бірыңғай мектеп формасы тігіліп, ұсынылуы керек. Мемлекет тарапынан мектеп мұғалімдеріне бірыңғай форма ұсынылса, ол мемлекет қаржысына тігіліп, ұстаздарға тегін таратылуы керек. Ал ұстаздар оған өз қалтасынан қаржы шығындамауы керек. Онсыз да ұстаздардың жалақысы басына тартса, аяғына жетпейді. Негізі, бүгінгі күні ұстаздарға бірыңғай мектеп формасын енгізуден гөрі олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру маңызды дер едім.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста