Мәслихаттар депутаттығына орташа бәсекелестік 4,3 кандидатты құрайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының 334 мандатына партиялық тізім бойынша ұсыну кезеңінде саяси партиялар белсенділігінің жеткілікті дәрежеде жоғары болғанына назар аударамын. Мысалы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан басқа 6 саяси партия өңірлердің көпшілігінде мәслихаттардың депутаттарын сайлауға партиялық тізімдерін ұсынды», - деді Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында.
Оның дерегінше, алдағы 19 наурызда өтетін кезектен тыс сайлауда облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астанада – 334, аудандарда – 2 130, қалаларда 617 адам мәслихаттардың депутаты болып сайланады. Мандаттардың жалпы саны - 3 081
«Кандидаттарды бірмандаттық аумақтық сайлау окургтері бойынша ұсыну қорытындыларына сәйкес, орташа бәсекелестік бір орынға 4,3 кандидатты құрайды. Бұл көрсеткіш азаматтардың және азаматтық қоғамның жоғары белсенділігін айғақтайды», - деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.