Таяуда өткен Үкімет отырысында ҚР Театр қызметкерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов мәдениет қызметкерлерін дайындау ісі Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзырына басыбайлы берілуі қажет деген пікір білдірген еді. «Алаш айнасы» осы мәселені «Ой-көкпарда» мамандар талқысына салып көрген еді.
Иә
Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері:
– Мәдениет саласына маман даярлайтын жоғары оқу орындарын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына өткізу туралы идеяны қолдаймын. Өнерге, мәдениетке қатысты оқу орындарының бір министрліктің төңірегінде болғаны дұрыс деп есептеймін. Айталық, өнер саласына қаржы бөлінгенде болсын, немесе болашақ дарынды өнер иелерін даярлауда болсын бәрі бір жүйеде болғаны ыңғайлы. Мұндай тәжірибе біздің еліміздегі басқа салаларда бар ғой. Мысалы, құқық қорғау органдарына қарасты оқу орындары өз министрлігіне, медицина саласына қатысты оқу орындары өз саласының министрлігіне қарайды. Менің ойымша, мәдениет саласында да осылай болғаны дұрыс. Біздегі ең үлкен проблема, өнер саласында жұмыс істеп жүрген адамдар үлкен жетістікке жетуі мүмкін, бірақ білім жоқ. Керісінше, білімі барлар өнерге келе алмай жатады. Екеуі екі түрлі сала болғандықтан осындай жағдайда қиындық туғызады. Сондай-ақ мәдениет саласындағы жас мамандардың жұмыспен қамтылуына да Мәдениет министрлігінің жауапты болғаны оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бүгінде теориялық білімге қарағанда практикалық білімнің маңызы зор. Егер мәдениет саласындағы оқу ошақтары Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайтын болса, онда студенттер бірінші курста теориялық білім алып, қалған курстарда практикалық білімдерін жетілдірер еді.
Жоқ
Тоққожа Мұқажанұлы, суретші, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің мұғалімі:
– Мәдениетке қатысты білім беру ошақтарын Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарауына беру туралы идеяға біржақты қарамау керек деп есептеймін. Меніңше, музыкалық мектептер, колледждер, унивеситеттер, жалпы кез келген мәдениетке қатысты оқу орындары қазіргідей Білім министрлігінің құзырында қала бергені дұрыс. Өйткені оқу орындарында балаға негізінен педагогикалық, психологиялық тәрбие беріледі.Қандай кәсіби маман, дарынды өнер адамы болсын ең алдымен теориялық біліммен сусындауы керек. Білім министрлігіне қарасты оқу орындарының барлығы бір оқу жүйесіне бағынады. Меніңше, жалпы мәдениет пен білімді екіге бөліп қарауға болмайды. Мәдениеттің өзі білім арқылы келеді. Білім министрлігіне қарасты болып тұрғандықтан қазіргі мәдени саладағы оқу ошақтарының жағдайы нашар болып тұрған жоқ қой. Қанша мәдениет, өнер ордалары дегенімізбен мәдени саладағы оқу орындары ең алдымен білім беруге негізделген. Ал мұндай оқу орындарында арнайы педагогтар, психологтар жұмыс істейді. Оқу жүйесін ауыстырып, мәдениет министрлігіне көшіру оқу орындары үшін де артық жұмыс деп ойлаймын. Ал театр қызметкерлерінің одағы, суретшілер одағы секілді қоғамдық ұйымдар Мәдениет министрлігінің құзырында болсын дегенге келісуге болады.
Түйін
Мәдениет қызметкерлерінің, өнер адамдарының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына өту-өтпеуі бүгін-ертең шешілетін мәселе емес, әрине. Әр сарапшының да пікіріне пікір қосуға болады. Дегенмен дәл қазіргі таңда қай министрлікке қай оқу орны қарайтыны емес, ең бастысы ұрпаққа дұрыс тәрбие берілуі әлдеқайда маңыздырақ секілді.