«Латын графикасына көшеміз бе, көшпейміз бе?» деп екі ойлы болып жүргенімізде, онсыз да аз құқай көрмеген әліпбиімізге тағы бір ауқымды реформа қажет деген де әңгімелер айтыла бастады. Енді – латын графикасына көшпей-ақ, кириллицадағы басы артық әріптерді алып тастау керектігі төңірегіндегі тартыстар қайта басталатын сыңайлы. Бұл мәселе таяуда ғана Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Сәдуақасов тарапынан айтылды.
«Орыс алфавитінен, кириллицадан енген бірқатар қаріптерді қазақ алфавитінен алып тастауға болады. Бірқатар қаріптер қазақтың тіліне жат, фонетикасына келмейді. Егер біз бұл әріптерді алфавиттен алып тастасақ, қазақ тілі ештеңені жоғалтпайды. Қазақ алфавитінде 42 әріп бар, олардың кейбіреулері бір-бірін қайталайды. Мысалы, Э, Ю, Я әріптерін басқа белгілермен ауыстыруға болады, ал жуандық және жіңішкелік белгілерін мүлде алып тастауға болады», – дейді депутат мырза. Бұған мамандар не дейді?
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры:
Иә
– Қазақ әліпбиін жаңартып, қайта қалыптастыруға байланысты әртүрлі ұсыныстардың айтыла бастауы – бұл лингвистикалық емес, сонымен қатар үлкен маңызы бар қоғамдық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси маңызы бар мәселе. Осы төңіректегі талқылауларға ғалымдар мен саясаттанушылармен қатар қоғамымыздың әр саласындағы адамдардың араласып, өздерінің ой-пікірлерін білдіруі – заңды құбылыс. Соңғы уақыттарда әсіресе латын графикасына көшуге байланысты пікірталастар көбейіп кетті. Ғалымдардың бір тобы латынға көшу идеясын қолдап отырса, енді біреулері латынға көшпей-ақ қазіргі қолданыстағы кириллицадағы басы артық әріптерді алып тастасақ та жеткілікті дегенді айтады. Бұл ұсыныстардың тіліміз үшін тиімді жақтары бар. Әрине, қазақ қоғамында төрт ұрпақ пайдаланып келген кириллицадағы кірме таңбалардан бірден бас тарта алмаймыз. Өйткені қазіргі кириллицамен оқып, жазып, білім алған ұрпақ үшін жаңа графиканы пайдалану қиынға соғары сөзсіз.
Бұл жерде біз әуелі халықтың әлеуметтік-психолингвистикалық факторын да ескеруіміз қажет. Тіліміз жаттығып, көз көріп, құлақ үйренген нәрседен арылу процесі де жылдам өте салатын құбылыс емес. Дегенмен қазақ тілінің тазалығы үшін осы қадамдарға баруға тура келеді. Әлемдегі әр тілдің өзіндік ерекше қасиеттері мен мүмкіндіктері бар. Осы тұрғыдан алғанда біз Ахмет Байтұрсынов түзіп берген қазақ әліпбиіне оралуымыз қажет сияқты. Осы арқылы біз ең бірінші орыстан және басқадан енген бөтен таңбалардан, яғни әріптерден арыламыз. Қалай болғанда да қазақ жазуына заманға лайықталған үлкен реформа жүргізілуі тиіс. Бірақ айтуға жеңіл болғанымен, кириллицаны өзімізге икемдеу біз үшін оңайға түсетін шаруа емес. Әйтсе де, басы артық дыбыстарды жазуды ағылшындар сияқты екі-үш әріптермен таңбалау арқылы орындауға болады. Жалпы, біздің жазуымызда басы артық таңбалардың болмағаны дұрыс. Олар тіл тазалығын бұзады. Сол үшін де осы мәселелер талқыға түскенде, ең алдымен ғылыми негіздемеге сүйеніп, ұлтымыздың тілдік ерекшеліктері екшелу керек. Неге біз осы уақытқа дейін өз тілімізде таза сөйлеп, өз тілімізде таза жаза алмай жүрміз? Себебі тіліміз бен жазуымызды әлі бір ретке келтіре алмай жүрміз. Осы мәселеге жан-жақтан жамырамай, мәмілелі шешімдер қабылдайтын уақыт пісіп-жетілген сияқты. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде кириллицадағы басы артық әріптерді алып тастау ұсынысын өз басым қолдаймын.
Айдос ҚАРТАҢБАЙҰЛЫ, саясаттанушы:
Жоқ
– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында латын графикасына көшу мәселесі қозғала бастаған кезде, көптеген ғалымдар тарапынан жазуымызды ауыстырмай-ақ, кириллицадағы қазақтың дыбыстарында жоқ бөтен таңбаларды алып тастау идеясы көтерілген болатын. Бұл бағыттағы пікірталастар мен ұсыныстар ғылыми ортадан бөлек ара-тұра бұқаралық ақпарат құралдарында да көрініс тауып келеді. Қазіргі кезде латынға көшу қалай даулы мәселе болып тұрса, кириллицаны қазақ жазуына ыңғайлы етіп жасап шығу да сондай тартыстар туғызуда. Бұл мәселені әр тараптан зерттеген ғалымдардың көпшілігі кириллицадағы басы артық әріптерді алып тастаудың біз үшін тиімсіз екенін әлдеқашан дәлелдеп берген сияқты. Меніңше, бұл ұсыныс қоғамда да соншалықты қолдау табады деп ойламаймын. Бұл жерде мынадай мәселе бар: мысалы, қазіргі кириллицадағы басы артық саналатын ю, я, е, ц, э, һ, ъ, ь, в, ф сияқты әріптерден бас тартатын болсақ, әсіресе біздің тілдік қорымызда бар кірме сөздер мен жаңа сөздерді таңбалауымыз қиынға соғары сөзсіз.
Ал бір дыбысты белгілеу үшін өзге әріптердің басын біріктіріп, жасанды, құрама әдістерге барып, әуреге түсуге тура келеді. Бұған қоса әртүрлі кәсіби диалектикалық сөздер мен неологизмдерді ескі кириллицамен жазу мүмкіндігі шектеліп қалады. Сондықтан да кириллицаны тазарту керек деген идеяның қазақ үшін пайдасы шамалы екенін ұғынуымыз керек.
Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері түркі тілдес мемлекеттердің ғалымдары бас қосқан бірнеше үлкен жиындарға қатысты. Сол жерлерде түркі тілдес мемлекеттерге ортақ жазу қалыптастыру қажеттілігі туралы көп айтылды. Алайда уақыт өте келе, ортақ әліпби жасауға ниеттенген мемлекеттердің өздері осы ұсыныстардан айналып өтіп, өздерінше әрекет ете бастады. Түркітілдес халықтар қанша жерден бір-бірімен туыс, бауырлас болғанымен, тілдік ұстанымға келгенде олардың арасында әркелкілік бар. Осылайша әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері мен саяси ұстанымдарына қатысты ортақ тіл қалыптастыру идеясы тек идея түрінде қалып қойды. Кейбір түркітілдес мемлекеттер өз беттерінше латын графикасына көшіп алды. Бірақ қарап отырсаңыз, қазіргі латын жазуында да ала-құлалық бар. Бұл – жалпы тіл мен жазуға қатысты жүргізілетін іргелі зерттеулердің аздығынан. Біз де көп нәрсенің байыбына бармай жатып, әртүрлі идеяларға ұрынып жатамыз. Қазір біз «өз әліпбиімізді дұрыстаймыз, латын графикасын қабылдамаймыз және кириллицадағы артық әріптерді алып тастаймыз» деп жалған патриоттық сезіммен өршеленіп тұрған сияқтымыз. Мұндай қадамдарға баратын болсақ, біздің жағдайымыз тіпті қиындай түспек. Қазақ қоғамы қазіргі жаһанданған заманда қолданыстағы кириллицаны тазалаймын деу арқылы әлемдік ақпараттық-коммуникациялық кеңістіктен шеткері қалып қоямыз. Әсіресе компьютерлік технологиялар саласындағы онсыз да әлсіз күйімізді тіпті босаңсытып аламыз. Бұлай кете беретін болса, әлем бізді тұрмақ, біз өзімізді өзіміз түсінуден қаламыз. Қалай дегенмен қазіргі кириллицамен компьютерде жұмыс істеп, ақпарат алмасу анағұрлым жеңіл. Негізі, кириллицаны реформалауға бас қатырмай-ақ, түбінде латын графикасына көшкеніміз дұрыс. Сонда бізге тән емес деп жүрген бөтен таңбалар өзінен-өзі біздің қолданысымыздан түсіп қала бермек.
Қосымша пікір
Сағатбек МЕДЕУБЕКОВ, филология ғылымының докторы:
– Егер де біз өзіміздің ұлттық, төл әліпбиімізді сақтаймыз десек, онда артық әріптердің бәрінен арылып, Ахмет Байтұрсынов сынды арысымыз жасаған әліпбиді қайта қабылдауымыз керек. Жалпы, кезіндегі кеңес өкіметі қазақтың тілінің дамуына айтарлықтай тежеу салып отырды. Соның салдарынан қайта-қайта реформаларға ұшыраған ана тіліміз тазалығынан біршама айырылып қалды. Мысалы, армян халқы осыдан 16 ғасыр бұрын құрған алфавитімен әлі күнге дейін келе жатыр. Демек, әр ұлт өзінің жазуы мен тілін сақтағанда ғана өзінің нағыз ұлт екенін таныта алады. Дегенмен бүгінгі заман талабына сай бұрынғы тәсілдерге қайта оралу біршама қиындықтар тудырады. Соңғы кездері кейбір ғалымдар «қазақ тілінде сөздер қалай айтылса, солай жазу керек» дегенді ұсынып жүр. Бұл да тиімді әдіс. Осы арқылы да артық әріптерден құтылуға болады.