Біздің базардағы тауарлардың бағасы сырттан әкелінген бағасынан екі, кей кезде төрт есе көп болып жатады. Бұған Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің ай сайынғы жариялап тұратын кеденнен өткенде белгіленген тауар бағасы мен оның бөлшек саудадағы бағасының салыстырмалы түрдегі кестесіндегі мәліметтер айғақ бола алады. Осыған байланысты соңғы кездері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын мемлекеттік реттеу мәселесі көтеріліп, осы тұрғыда Мәжілісте заң жобасы да қаралып жатқан көрінеді. Саудагерлер мұндай шараны әкімшілік күштеу деп бағалайды. Олардың пікірінше, базардағы бағаны мемлекет емес, нарық реттеу керек. Алайда әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, саудадан түсетін пайда — 10, одан әрі кетсе 20 пайыздан ары аспайды. Ал біздегі бұл реттегі пайыздық көрсеткіш 200-300-ге дейін шарықтап кете барады. Жалпы, көтерме сауда мен бөлшек сауда арасындағы баға алшақтығын реттеуге бола ма?
Бақберген ДОСМАМБЕТОВ, сенатор:
Иә
– Әрине, нарыққа мемлекет ықпал етпеу керек. Әсіресе, бағаға келгенде. Дегенмен біздегі жағдай басқаша. Мысалы, қазақстандық саудагерлер сырттан әкелген 50 теңгелік тауарын базарда міндетті түрде 150 теңгеге сатуға тырысады. Яғни олар тауарын ішкі нарықта кеденде белгіленген бағадан 2-3 есе, 200-300 пайызбен сатады. Бұл – дұрыс емес. Кез келген дамыған мемлекет саудалайтын тауарынан 10 пайыз табыс көрсе, соған шүкіршілік етеді. Сондықтан бұл арада қандай да бір мемлекеттік реттеу керек.
Меніңше, сырттан тасымалданған тауардан 15-20 пайыз табыс тапса да болады, бірақ одан асырмау керек.
Қазір Мәжілісте «Ішкі сауда» туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова ханымның айтуынша, онда әлеуметтік маңызы бар 12 тамақ түрінің бөлшек бағасы бойынша мемлекеттік реттеу механизмін енгізу қарастырылған екен. Мысалы, нан, қант, тұз, май деген секілді. Яғни олардың бөлшек саудадағы бағасы кедендік тіркеуде белгіленген бағасынан 10 пайыз аспауы тиіс. Әрі бұл реттеу бір ай ішінде азық-түліктің баға өсімі 30 немесе одан да көп пайызды құраған жағдайда жүргізіледі. Дегенмен бұл арада аталған заң жобасының әлі толыққанды дайын еместігін, әлі де оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айта кетейін. Қалай дегенмен де, мұндай ұсынысты мен толықтай қолдаймын.
Саудагерлер мардымсыз жалақыға жұмыс істеп жүргендердің, зейнеткер мен студенттердің қалтасын қақпауы керек. Міне, осы өзгеріс осы жағынан халыққа қандай да бір жеңілдік жасайды деп ойлаймын.
Әрине, мұндай шараны жаппай тауар бойынша қолдана алмаймыз. Алайда осы бір заңнамалық шараның тәжірибесі басқа да тауарлардың баға өсімдерін реттеуде сабақ бола алады деп есептеймін. Әрине, оған біршама уақыт керек.
Азат ҚОНЫСБЕК, кәсіпкер:
Жоқ
– Нарықтағы баға алшақтығын әкімшілік реттеу бүгіндері, меніңше, ақылға сыйымсыз нәрсе. Қазір социалистік экономикадағыдай қатып қалған бағаны белгілеу мүмкін емес. Өйткені сауда-саттық, басқа да коммерциялық қызметтердің басым бөлігімен заңды және жеке тұлғалар айналысады. Мемлекеттің қатысуындағы сауда-саттықтың өзі халықаралық нарықтағы өзгерістерге тәуелді. Нарық болған соң, бағаның құбылмалы болуы заңды. Өйткені бүгіндері әлем экономикасының өзі сан түрге бой ұруда. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, бұл арада «көтерме мен бөлшек сауда бағасының айырмасы 10 пайыздан аспау керек» деген қатып қалған принципті енгізу арқылы көтерме бағаны қымбаттатқысы келетін мүдделі топтың пиғылы да болуы мүмкін.
Үшіншіден, биылғы қаңтар айы мен мамырда Еуропадан әкелінген тауардың бағасын теңестіру мүлде келмейді. Екеуінің аралығында евро валютасының құны 220-дан 180 теңгеге дейін құлдырады. Сондай-ақ мысалы, Еуропада көбірек тауар алсаңыз, соншалықты жеңілдік беретін маркетингтік тәсіл бар. Әрине, бұл арада 10 мен 1000 дана тауар алып келген саудагерлердің бөлшек саудада белгілейтін бағасында айырма міндетті түрде болады. Біреулер тауарды әуе жолы арқылы, ал тағы біреулер теміржол тасымалы арқылы әкеледі. Бұл да бөлшек сауда бағасына ықпал ететін фактор. Мұндай жағдайда қатып қалған бағаны енгізу шағын кәсіпкерлердің жолын жабуы мүмкін. Ал нарықтың заңдылығы бойынша, шағынның орта кәсіпкер болуына, ортаның іріленуіне жағдай жасалу керек. Осы жағынан алғанда, бұл мәселені шешуді нарықтың өзіне қалдырған дұрыс-ақ. Олай болмаса, «ешкі сақал сұраймын деп мүйізінен айырылыпты» дегеннің кебін киюіміз әбден мүмкін.
Бейтарап пікір
Серік ЖҰМАНҒАРИН, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Сауда саясатын дамыту департаментінің директоры:
– Әрине, Мәжіліс қабырғасында қаралып жатқан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бөлшек бағасын реттеу жөніндегі заңнаманың бағыты дұрыс деп білемін. Ал жалпы нарықтағы бағаны реттеуге, меніңше, сауда желілерінің дамуы және оның көбеюі өзінше ықпал ете алады. Кейбір болжамдар бойынша, 2015 жылы Қазақстандағы сауда желісі жалпы бөлшек тауар айналымының 50 пайызын құрайтын болады. Кеден одағы құрылғаннан кейін Қазақстанға аты танымал сауда желілері келе бастайды. Мәселен, Ресейде 200-ге тарта сауда желісі бар. Олардың ішіндегі орта форматтағы «Ашан», Магнит» секілді ірі ойыншылары біздің нарықта пайда болуы ықтимал. Ал әзірге біздегі сауда желілері 15-20 пайызды құрайды.