30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні!
Сөз басын Елбасы Н.Назарбаевтың «Конституция – біздің арайлы азаматтығымыздың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары, еліміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың қайнар бастауы» деген толымды пікірімен бастауды жөн санаймын.
Тәуелсіз еліміздің Ата заңы бүгінде құндылығы өлшеусіз, қабілеті орасан, қастерлі кітап іспетті. Өйткені, ол халықтың жүрекпен жасаған таңдауы, елдегі тыныштық пен татулықтың, береке мен бірліктің кепілі, алтындай азаттықтың тұғыры болып саналады. Биыл еліміздің басты Заңының қабылданғанына – жиырма екі жыл. Қаншама уақыт өтті, қаншама игі реформалар іске асты, осы аралықта қаншама өзгерістер болды, әлемдік тұрақсыздық та сынға алды, соған қарамастан Қазақстанның Конституциясы заманның ырғағына сай келіп, халықтың игілігіне абыроймен жарап келеді.
Жыл сайын 30 тамыз күні Республика Конституциясының кезекті мерекелі жылын жоғары дәрежеде атап, оның жеткізген табыстарын електен өткіземіз. Расында, біздің елдегі кез келген өмір саласының өзіндік жетістіктермен көңіл көншітерлігі қуантарлық жағдай. Осындай әлеуметтік тұрақтылық, саяси жаңғыру бағытындағы мәселелерге Конституцияның әсері ерекше басым. Мемлекет басшысының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Конституцияның әлеуетін арттыру бойынша жүргізген мықты саясатының арқасында республикамыз әлемдегі қарқынды дамып отырған елдердің біріне айналды. Табысты істерді халық қалаулылары қабылдаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларациясынан анық байқауымызға болады. Расында, атқарылған іс ұшан-теңіз.
1995 жылы қабылданған Ата заңымыз бірнеше рет күрделі өзгерістерге ұшырады. Конституцияны өзгерту туралы әңгіме өрбісе, көкейге көп сауал келіп түйілетіні рас. Өйткені, ол мемлекеттің құқықтық құрылымы, әр азамат үшін маңызды, ал, мемлекет үшін төтенше маңызды оқиға.
Конституцияға өзгеріс еңгізу өте күрделі мәселе. Конституция басқа да заңдар секілді кейбір нәрселерді шектесе, кейбір қалыптасқан қарым- қатынастарды айқындайды, әрине, осыдан оның бойынан консерванттық белгілер байқалады. Өмір әрі қарай жалғасқан сайын, конституциялық нормаларды өзгертудің қажеттілігі туындап отыруы заңдылық. Осы мәселе қозғала салысымен сын айтатын адамдар да аз емес. Бірақ, әр Конституциялық өзгерістің өзіндік мақсаты бар екенін ұмытпауымыз керек. Мысалға, Ата заңымызға алғаш өзгерістер 1998 жылы орын алды.
Онда Парламент пен Үкімет арасындағы өкілеттіліктер қайта қарастырылып, өзара бөлінді. Бұл Парламентке өкілеттілікті көбірек беру үшін жасалған қадам болатын. Сондай-ақ, бұл өзгеріс жалпы Парламенттің құрылу жүйесі мен шақырылымдардың жұмыс мерзімінің ұзақтығын айқындады. Осы арқылы біз мажоритарлық жүйеден, сайлаудың аралас жүйесіне көштік. Аталмыш өзгерістерден сот жүйесі де тыс қалған жоқ, оған қатысты сот төрелігін жүзеге асыру кезінде алқабилерді қатыстыру мәселесі заңмен реттелді. Мысалға, 2007 жылы қамауға алуды санкциялау мәселелері қайта қаралып, нәтижесінде бұрынғыдай қамаққа алуға санкцияны прокурор емес, сот беретін болды. Осындай қарқынмен адам құқықтарын кеңейтуге, заңнамаларды ізгілендіруге бірқатар жұмыс атқарылды.
Биыл Ата заңымыз кезекті өзгеріске ұшырады, «бұл өзгеріс неліктен болды?» деген сауалға жауапты Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кешіктірмей бірден берген болатын. 2017 жылғы 25 қаңтар күні ол халыққа үндеу жариялап, мемлекеттік басқаруға енгізілетін өзгерістердің мәнін түсіндіріп, өзгерістерді жүзеге асыру үшін Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындағанын айтқан. Осыған орай, Елбасының өкімімен құрамына мемлекеттік органдардың, депутаттық корпустың, сот жүйесінің, Қазақстанның заңгерлер одағы мен құқықтанушы ғалымдары бар арнайы жұмыс тобы құрылып, бір айдың көлемінде мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді тең бөлу үшін түрлі талдау жүргізді.
Ұсыныстар мен пікірлерді қорыту жұмысынан кейін нәтиже Президентке ұсынылды. Жалпы, заң жобасын әзірлеу кезіндегі кез келген жұмыс көп жылдан бері өзінің үздік нәтижесін көрсетіп келе жатқан президенттік реформаның аясында жүзеге асты. Өйткені, президенттік басқару формасын енгізу арқылы ғана Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде күрделі өзгерістер орын алды, нарықтық экономика талаптарына сәйкес жүргізілген экономикалық реформалар қолға алынды, сондай-ақ, азаматтық қоғам қалыптасты. Президенттік басқару формасы жеткілікті деңгейде демократиялық және құқықтық деп саналатын өзге мемлекеттердің мемлекеттік құрылысында қалыптасқан билік формасы болып саналады.
Конституцияға өзгеріс енгізу бұл тек жұмыс тобының шеңберінде қалып қойған жоқ, осындай маңызды жаңашылдыққа кез келген қазақстандық араласып өз пікірін білдіруге мүмкіндік алды. Бір сөзбен айтқанда, жоба бүкілхалықтық талқылауға салынды. Талқыға шығарылған жобада қолданыстағы Конституцияның 19 бабына өзгеріс енгізілді. Өзгерістердің басым көпшілігі билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу мәселелеріне қатысты болды.
Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылады. Негізінен, Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаның бірін іске асыру Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер беруді көздеді. Бұл орайда қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конституцияны қорғаудың және мемлекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала бермек.
Конституцияға енгізілуге ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жобасын екі топқа бөліп қарастырған жөн. Біріншісі – Қазақстандағы меншік құқының кепілдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, жекеменшікті Конституция негізінде қорғау тетіктерін одан әрі нығайту, күшейту қарастырылып отыр. Екіншісі – Қазақстандағы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді билік тармақтарының қайта бөлу мәселесі. Сол арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсу жолдары қарастырылды.
Қазір Қазақстан Президентінің ерекше құзырына жатқызылған өкілеттіктер саны жаңа өзгерістерге сай азайғанын байқауға болады. Мысалы, бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мәселелері, жаңа басқару органдарын құру Үкімет пен Парламенттің құзырына берілді. Одан бөлек Парламенттің рөлін, оның ішінде, Парламент Мәжілісінің маңызы күшейтілді.
Ата заңның құндылығы сарқылған жоқ. Қазіргі таңда барлық мемлекеттік құрылымдардың мақсаты конституциялық нормаларды шынайы мазмұнмен толықтыру болу керек. Ол тек сөз болып қоймай, өмірде қолданылып, мүлтіксіз орындалуы тиіс. Елімізде жаңадан заң қабылданса, қарапайым халық көбінде тек заңгерлер мен әділет саласының қызметкерлеріне керек деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Заң – әрбір адамның өмір сүру құқығы. Сондықтан, Ата заңды толық білген абзал. Бұл ең әуелі азаматтың өз құқын қорғай білуі үшін керек. Сол себепті республика азаматтарының бойында конституциялық-құқықтық мәдениет қалыптастыру қажет.
Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ,