Елімізде жаңа жылдан бастап қозғалтқыш көлемі 3 мыңнан бастап 4 мың текше сантиметрді құрайтын көліктердің салығы бірден төрт жарым есеге қымбаттамақшы. Бәрінен бұрын, бұл жолы жайлы да сәнді көлік иелерін заңнан жалтармайтындай етіп бұғаулауға басымдық беріліпті. Кейбір деректерге сенсек, біздегі қозғалтқыш көлемі үлкен көліктердің қожайыны көбіне салық төлемейтін көрінеді. Өйткені заңда көрсетілген нормаға сай, олар темір тұлпарын салықтан босатылатын әлеуметтік топқа жататын туыстарының атына жаздыртып келген. Сондықтан Парламент талқысына ұсынылған жаңа заң жобасында осы жеңілдікті алып тастау қарастырылған екен. Мұндай жағдайда қымбат көлік иелері салықтан еш жалтара алмасы анық. Алайда салық бойынша жеңілдікке ие әлеуметтік топ бұл жаңашылдықты қалай қабылдар екен? Жалпы, «көлік салығы көтерілген жағдайда ардагерлер мен мүгедектердің жеңілдіктерін алып тастау керек» деген ұсыныс негізді ме?..
Мұхтар ТІНІКЕЕВ, Мәжіліс депутаты:
иә
– Бізде қымбат көліктер көбіне ардагер немесе мүгедек адамдардың атына жазылатындығы құпия емес. Мақсат – салық төлемеу. Жалпы, Қазақстанда қозғалтқыш көлемі 4 мың текше сантиметрді құрайтын, одан да асып түсетін көлік саны – 50 356. Мұндай көліктерге жыл сайынғы салынатын салық мөлшері – 165 мың теңге. Егер осы екі цифрді бір-біріне көбейтсек, онда бюджеттің табысты бөлігі 8 млрд 310 млн теңге болуы керек. Бірақ еліміздегі жыл бойындағы көлік салығы ешқашан мұндай көлемді құраған емес. Осыдан-ақ қымбат көліктер бойынша салықтан жалтарушылық барын нақты аңғаруға болады.
Бізде Ұлы Отан соғысының ардагері, тыл ардагері, мүгедек жандар, Кеңес Одағының батыры, Ауған соғысы ардагері, Социалистік Еңбек Ері, көпбалалы аналар және тағы осы сынды әлеуметтік топ көлік салығынан босатылады. Алайда бізде бұл жеңілдікті әлеуметтік осал топтар емес, бай адамдар ұтымды пайдаланып отыр, яғни салықтан босатылатын туысы атына өз автокөлігін тіркету арқылы. Сондықтан осы негізде заңға өзгеріс енгізу қажет. «Қозғалтқыш көлемі 4 литрге дейінгі көлікке қатысты аты аталған әлеуметтік топқа бұрынғы салық бойынша жеңілдігі сақталады, ал моторы 4 мың шаршы сантиметрді құрайтын әрі одан асатын көліктер бойынша бұл жеңілдіктер алынып тасталады» десек дұрыс болады.
Егер салық жеңілдігін ұтымды тұтынғысы келсе, мүмкіндігі шектеулі жандар, ардагерлер қозғалтқышы 4 мың текше сантиметрден төмен, маркасы да, жайлылығы да жақсы көліктерді пайдалана берсін.
Қалай дегенмен де заң нормасындағы сөз етіп отырған ұсынысты қолданғаныммен, салықтың бірнеше есеге қымбаттауына өз басым түбегейлі қарсымын. Бұл ретте, дамыған елдердегідей салықтың жанар-жағармай құнына енуін қолдаймын. Мұндай жағдайда әркім көлікті пайдалану деңгейіне қарай төлем жасайды, яғни көп жүйткісең, көбірек төлейсің дегендей. Бұл – логикалық, сол секілді теориялық тұрғыда да ақылға қонымды ұсыныс.
Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Қазіргі Парламент талқысына ұсынылған заң жобасында «қозғалтқыш көлемі 4 мың текше сантиметрді құрайтын көліктерге қатысты ардагерлер мен мүгедектердің жеңілдіктерін алып тастау керек» деген норма бар. Әрине, бұл мәселеге тереңнен үңілу қажет. Мен байлар осы норманы пайдалансын демеймін, бірақ олардың қитұрқы амалы үшін неге бұл әлеуметтік топ бар жеңілдігінен айырылуы тиіс? Неге әлеуетті топты салықты төлеуге мәжбүрлеу үшін әлеуметтік осал топты құрбан етуіміз керек? Мұның басқа бір жолы болуы тиіс қой... Шыны керек, заң жүзінде ардагерлерге, мүгедек жандарға түрлі жеңілдіктер көрсетіліп жатқанымен, ол аймақтық, тіпті қалалық деңгейде де сақтала бермейді.
Әкімшілікте заңға пысқырып қарамайтын пысықайлар көп. Мысалы, Ақтөбе қаласы әкімдігі әлеуметтік осал топқа арналған коммуналдық төлем бойынша жеңілдікті алып тастаған. Сонда біздің заңымыз еліміздің әр аймағында әртүрлі пайдаланылады ма? Сол секілді қалалық жолаушылар көлігі де бар жеңілдікті мойындай бермейді. Төрінен көрі жақын қарт адамдар мұндай бассыздыққа төтеп бере алмайды, сөйтіп, заң жүзінде бар жеңілдігін тиімді тұтынбайды. Осы жағынан алғанда, мұндай норманы қабылдау «жығылғанға жұдырық» болып тиері сөзсіз.
Ардагер адамдар бізде көп емес, күн санап қатары сиремесе, көбейіп жатқан жоқ. Оларға көбіне қымбат көлік сыйға тартылады. Салық еселеп қымбаттаса, ол кісілер оны төлей алмайды, сөйтіп, өмірінің соңындағы қызығының бірі – қымбат көлік міну құқығын шектейміз. Осымыз дұрыс па? Негізінен, арда азаматтарымызды ардақтап, мерейін асқақтата алсақ, бұл ұлтымыз үшін де, адамдығымыз үшін де оң баға болар еді. Ал қолында бар жеңілдігінен айырып, ақсақалдарымызды қан қақсатсақ, бұдан ұят нәрсе жоқ шығар. Біз үлкенді сыйлап, кішіні кішіпейілділікке тәрбиелей білген халықпыз. Осындай ұлттық менталитет елімізде қабылданған кез келген заңнан көрініс тауып отыруы керек. Сонда біз нағыз ұлттық мемлекет боламыз.
Бейтарап пікір
Мәди ТӘКИЕВ, Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры:
– Ұлы Отан соғысы ардегерлері мен Ауған соғысы ардагерлеріне қатысты бұрынғы жеңілдік сол күйінде қалдырылады. Бұл арада «люкс» класқа қатысты ғана сөз қозғалып отыр. Бір зейнетақыға өмір сүретін адамның атында Bentley и Maybach сынды өте қымбат көліктің тіркелуі, шынымен де, күмәнді емес пе? Мысалы, Алматы қаласы бойынша 188 Hummer көлігінің иелері жеңілдікке ие. 83 дана Bentley Ұлы Отан соғысы ардагерлері атына тіркелген. Сол секілді Rolls-Royce-тың 16 данасы мүгедек жандардың атында екен. Бұл таза салықтан жалтарушылық емей немене?
Жалпы, елімізде қозғалтқыш көлемі 4 мың текше сантиметрді құрайтын көліктердің 23,5 пайызы жеңілдікті пайдаланады. Біз тек осы цифрді қысқартқымыз келеді.