Жуырда Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхұтдинов қаламыздағы 28 панфиловшылар паркіндегі ескерткіште жазылған Василий Клочковтың «Ұлы Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва!» деген сөзіне қатысты ойын білдіріп, «Отан үшін шайқасқан қазақстандықтардың ерлігін мәңгілік есте сақтаймыз» деген сөйлемді қосу керек деген ұсыныс айтып қалып еді. Сол-ақ екен, қоғам тарапынан түрлі пікірлер төбе көрсетіп, әркім өз ойын білдіріп жатыр. Бірі «біз ол кезде Ұлы Ресейде емес, Кеңестер Одағы деген елде өмір сүрдік. Сондықтан да бұл сөзді өзгерту қажет» десе, екінші тарап «бұл соғыста опат болған 400 мыңнан астам аруақтың, майданға қатысқан миллионға жуық қандасымыздың ерлігін жоққа шығару емес пе?» дейді… Бұл, жалпы, қоғамдық мәселеге айналды. Осы орайда біз де мамандар талқысына «Кеңестер Одағынан қалған тарихи ескерткіштердегі жазуларды Тәуелсіз көзқарас тұрғысынан қайта қарау керек пе?» деген сұрақты салып көрген едік. Қоғамдық ой қақ жарылды.
Болат САЙЛАН, Ауған соғысының ардагері:
иә
– Кеңестер Одағынан қалған тарихи ескерткіштердегі жазуларды Тәуелсіз көзқарас тұрғысынан қайта қарау қажет деп ойлаймын. Неге дейсіз бе, ол кезеңде, негізінен, орыс ұлтының өкілдері көбірек насихатталғаны жасырын емес. Бір-ақ мысал айтайын, Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа бірінші болып ту тіккені бүркемеленіп, басқа біреулердің қанжығасында кетті. Осы секілді айтылмаған ақиқаттарды айтып, сол қателіктерді орнына келтіргенде тұрған ештеңе жоқ. Василий Клочковтың «Ұлы Ресей…» деп басталатын сөзін алып тастасақ, бұл оның ерлігін түпкілікті жоққа шығарды деген сөз емес. Василий Клочковтың сөзінің орнына Бауыржан Момышұлының кең тараған кез келген қанатты сөздерін жазуға болады деп ойлаймын.
Василий Клочков – одақтық деңгейде насихатталған батыр. Ал оның үзеңгілесі Бауыржан Момышұлы секілді батырларымыздың ерлігі саясаттың кесірінен одақтық деңгейде мойындалған жоқ. Сол себепті де, кеңестік кезеңдегі қалыптасқан идеологияға, ескерткіштерге ұлттық көзқараспен қарайтын кез келді. Бұл – бір. Екіншіден, бұл ойды тарихи ескерткіштерге басыбүтін өзгеріс енгізу, Василий Клочковтың, 28 батырдың ерлігін жоққа шығару деп түсінбеген жөн. Халыққа бәрін дұрыс насихаттап, ұғындыра білсек болғаны. Мәселен, Х.Доспанова, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов сынды батырларымыз тәуелсіздік алғаннан кейін «Халық қаһарманы» деген атақты алғаны өтірік пе? Ауған соғысы ардагері Бақытжан Ертаев та батырлық атаққа тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізді. Осы ақиқатты көре отырып, тәуелсіз көзқараспен «ұлттық батырларды дәріптеуіміз қажет» десек, несі айып екен? Кеңестік кезеңде қазақ ерлік жасаса, алдына орыс батырын шығарып, соның ерлігін қайталады деп екінші санатқа түсіріп тастайтын-ды. Ауған соғысында Кеңес одағының батыры атағын 86 азамат алыпты. 15 одақтас республикаға бір батырдан шығарып, қалған жұлдыздардың бәрін өздерінің кеудесіне тағып алған саясатты қолдауға хақымыз бар ма? Ауған соғысы батырлары дегенде, шешесі басқа ұлттың өкілі, қазақ Қайыргелді Майдановты айтамыз. Осы соғыста Қазақстанның 362 сарбазы ажал құшты. Соның бірде-біреуі батыр атағына лайық болмады деп айта аласыз ба? Осындай жайларға қарап отырып, мен тарихи мәселелерге тәуелсіздік көзқарас тұрғысынан қарағым келеді. Тәуелсіз ұрпақтың өкілдері, кейбір саналы азаматтар «Біздің Ұлы Отан соғысымыз – жоңғарлармен болған шайқас» дегенді айта бастады. Бірақ қоғамның кейбір өкілдері мұны 1941-1945 жылдар аралығындағы соғысты жоққа шығару деп түсінеді. Біз осы санадан арылуымыз қажет. Бұл екі қырғынның да тарих үшін өзіндік орны бар. Оны жоққа шығару мүмкін емес. Ауған соғысына да қатысты түрлі пікірлерді естіп жүрміз. Соғыстың болғаны рас па? Рас. Оны тарихтан ешкім өшіре алмайды. Сондықтан бұл қырғындарды «өз заманының соғысы» ретінде бағалаған жөн. Біз кезінде орыс батырларын, орыс тарихын оқыдық. Аңырақай шайқасы жайлы білмедік. Осы олқылықтың орнын Кеңестер Одағынан қалған тарихи ескерткіштердегі жазуларды тәуелсіз көзқарас тұрғысынан қайта қарау арқылы толтыра аламыз.
Ким СЕРІКБАЕВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, запастағы полковник:
жоқ
– Мен өткен тарихты бұрмалауға қарсымын. Егер де біз жастарға, келер ұрпаққа дұрыс тәрбие бергіміз келсе, жақсыны жақсы, жаманды жаман деп түсіндіріп бергеніміз жөн. 1941-1945 жылдар аралығындағы соғыста жанқиярлықпен шайқасқан Б.Момышұлы, Т.Бигелдинов сынды батыр ағаларымыз аман-есен елге оралды. Десе де, қаншама батырларымыз соғыстың кесірінен қыршын кетті. Солардың алдында, Құдайдың алдында, шыншылдықтың алдында айыпты болмауды ойлағанымыз жөн. Олар сол дәуірде Отанын қорғады. Ол уақыттағы Отанымыз Кеңестер Одағы болатын. Бұл – тарихи шындық. Менің бұл мәселені қолдамайтынымның бірінші себебі – осы. Екіншіден, мұндай бұрмалау ешқашан да жақсылыққа апармайды.
Өйткені біз тарихи шындықтан айналып өтер болсақ, ертеңгі тарихымыз да болмай қалуы мүмкін. Ұрпақ тек бүгінгі күнді ғана білетін, болады. Сол себепті де, өткенді өшіріп тастамауды ойлайық. Бұл пікірді көптеген азаматтар қолдайды деп ойлаймын. Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхұтдинов та панфиловшы Василий Клочковтың сөзіне қатысты «мен Клочковтың сөзін алып тастайық» деген жоқпын. Жұрт дұрыс түсінбей, сөзімді бұрмалап жіберіпті» деп жатыр. Енді осылай пікір айтты деп, бізді «қазақтың ұлтжандылығын көтерейік» деген пікірге қарсы адам деп ойлап қалуға болмайды. Меніңше, 28 панфиловшылар паркіндегі жөндеу жұмыстарын пайдалана отырып, сол жердегі ескерткіштегі тарихи сөздерге қол тигізбей-ақ, қазақы патриотизмді көтерудің жолдарын табуға болады. Біз бұл жөнінде тиісті орындарға Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен хат жазып, өз ұсынысымызды айтып отырмыз. Мәселен, мәңгілік алаудың екі қанатындағы қабырғаның оң жағына қазақ тілінде, сол жағына ресми тілде: «Қазақстан жауынгерлерінің Отан үшін шайқастағы ерлігі мәңгілік жасайды» деп жазуға болар еді. Бұл сөз Василий Клочковтың сөзінің жалғасы іспетті болып кетер еді. Елбасымыз 2050 стратегиялық бағдарламасының 7-тарауында Қазақстан патриотизмін көтеру мәселесін айтты ғой. Бұл қадам соның нақты жалғасы да болар еді. Ал Василий Клочковтың сөзін алып тастау деген – масқара. Себебі қазіргі саясатымыз әкелеріміздің ерлігін насихаттап, ұлтаралық татулықты ары қарай дамытуды көздеп отыр. Ал осындай тұста ел арасына жік салу кімге қажет? Қазақстан – соғыс жағдайында 6 мемлекетпен бірлесе күресетін келісімге қол қойған ел. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Бізге жау тисе, бірінші болып Ресей көмекке келеді. Мұны да қаперде ұстаған жөн. Кеңестер Одағынан қалған тарихи ескерткіштердегі жазуларды тәуелсіз көзқарас тұрғысынан қарадық деп, тарихты бұрмалап тастасақ, аруақ алдында айыпты боламыз. Аруақ ештеңе дей алмайды десеңіз, қазір ортамызда бар ардагерлерге, тірілерге не дейміз? Қазір еліміз тарихты көтеріп, жоңғарлармен болған шайқасты түпкілікті зерттеп жатыр. Мәселен, жоңғарлармен шайқаста 23 жыл қолбасшы болған Қожаберген батырды алыңыз. Бүгін біз солардың ерлік істерін зерттеп, іздеп жатсақ, ертеңгі ұрпақ 1941-1945 жылдардағы соғысты қопара тексеріп, ғылыми тұрғыда зерделейтінін ұмытпауымыз қажет. Яғни тарихи жазуды өшіруге, тарихты сызуға болмайды.
Бейтарап пікір
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Біріншіден, өткен тарихқа құрметпен қарауымыз қажет. Екінші мәселе, сол тарихты аталған Ресейдің өзінде бұрмалап, 28 панфиловшылардың ерлігін жоққа шығарғысы келетін азаматтар бар. Сондықтан да тәуелсіз сана қалыптастыру үшін тарихи мәселелерге абайлап барғанымыз жөн. Мәселен, Ақеділ Суханбаев Александр Матросовтан бұрын дәл сондай ерлік жасаған. Мергендер мектебін қалыптастырды дейтін В.Зайцев 255 немісті өлтірсе, Тілеуғали Әбдіков 398 немісті жер жастандырған (Кеңестер Одағының батыры атағын алған екі батырдың көрсеткішін қоссаңыз да, бұл межеге жетпейді). Ағасы сол тұста «халық жауы» атанғандықтан, Тілеуғали Әбдіков батыр атағын ала алмады. Сталин арнайы тапсырмамен 80 рет көкке көтерілген ұшқыш «Кеңестер Одағының батыры» атағын алатынын айтқан. Талғат Бигелдинов жерді картаға түсіру тапсырмасымен 305 рет ұшқан. Демек, бір өзі үш батырдың ерлігін жасап тастады. Ал Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін 2007 жылы Путиннің өзі мойындады. Демек, бұл майдан даласында қазақ қашуды білген жоқ деген сөз. Тәуелсіз сана қалыптастыру үшін тарихты жоққа шығармай, осыларды насихаттауды қолға алу қажет. Жаның азат болмаса, азат емессің, қаның қазақ болмаса, қазақ емессің. Осыны ұмытпауымыз керек.