Кеден одағына кіргелі бері Қазақстанға ағылған импорттық тауарларға салынатын баж салығы күрт жоғарылаған болатын. Соның ішінде көлік құралдарына да. Басқа-басқа, әсіресе шетелдік автокөліктерге салынатын баж салығы төңірегінде ел арасында түрлі пікірталас туындағаны белгілі. Кеден одағы тарифтеріне қарсылық танытып жүргендер өз уәждерін былайша алға тартады: «Сырттан келетін көліктерге баж салығын төмендетпей, біз отандық көлік паркін жаңарта алмаймыз. Ал Қазақстанда шығарылып жатқан автокөліктер қарапайым халыққа қолжетімді емес». Күні кеше Еуро-4 экологиялық стандартына көше бастадық. Содан бері «импорттық көліктерге кедендік баж салығын төмендету керек» деушілерден дегбір қашты. Сондықтан бүгіндері «КО аясында сырттан келетін көліктерге салынатын кедендік баж салығын төмендету мүмкін бе?» деген сауалды талқыға салғандағы себебіміз – осы.
Геннадий БАКЛАЙКИН, ҚР жүргізушілер одағы төрағасының орынбасары:
иә
– Әрине, импорт автокөліктердің баж салығын азайтамыз десек, ол қолымызда тұр. Бірақ бұл бастама Кеден одағы мүддесіне сай келе ме? Мәселе осында... Сырттан келетін автокөлік құралдарына салынатын баж салығының тым қымбаттап кеткендігін жұртшылық жақсы біледі. Оған наразы адамдар да жоқ емес. Елімізде жуырда Еуро-4 экологиялық стандарты енгізілген болатын. Нақтырақ айта кетсем, Еуро-4 стандарты Қазақстан аумағына кіргізілетін көлік құралдары үшін – 1 шілдеден, ал отандық көліктер үшін 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілмек. Демек, көліктен шығатын зиянды заттардың құрамы мен мөлшерін реттейтін экологиялық стандарт енгізілгеннен кейін көлік құны тағы қымбаттайды.
Бұл қарапайым халыққа айтарлықтай қиындық туғызбақ. Міне, осындай жағдайларды ескеріп, Үкімет импортқа қатысты кедендік баж салығын төмендетудің жолдарын қарастырса дұрыс болар еді. Бұл реттегі салық мөлшерінің өзі көлік құнының жарты бағасына жетіп қалды. Соның салдарынан еліміздегі автокөлік саудасы да тұралап қалды. Ал отандық көлік құрастыру нарығының аяғынан тік тұрып кетемін дегенінше біраз уақыт керек. Демек, бұл – жылы жаңа, сапалы көлік иеленгісі келетіндердің арманы әлі алыс деген сөз.
Біз Кедендік одақтың талап-ережесін бұлжытпай орындап жүргенімізде көршіміз Ресей өздерінің көлік саудасын жандандырып жатыр, яғни олар Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді де, сырттан келетін бірқатар көлік құралдарының баж салығын төмендетті. Нақтырақ айтсам, сырттан келетін жеңіл көліктерге салынатын кедендік баж салығы 35 пайыздан 25 пайызға, ал қозғалтқыш күші 1,5-тен 3-ке дейінгі аралықтағы жаңа көліктерге салынатын салық 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеген. Білетін шығарсыздар, Total.kz интернет-басылымы жуырда еліміздегі жаңа көлік құнын шетелдегі бағамен салыстырып, зерттеу жүргізген болатын. Сонда Қазақстандағы баға көп елдердікімен салыстырғанда айтарлықтай қымбат болып шыққан. Біз, тіпті АҚШ, Германия, Жапония және Беларусь мемлекеттерінің алдына шығып кетіппіз. Мәселен, BMW 128 маркалы көлігін АҚШ-та 31,2 мың долларға бағаланса, оны бізде 46 мың долларға сатып аласыз. Сол сияқты АҚШ-та жасалатын Jeep Grand Cherokee-ні өздері 27,1 мың долларға сатса, оның біздегі құны – 61,3 мың доллар. Volkswagen Golf GTI көлігі АҚШ-та 23,995 мың доллар, Қазақстанда – 34,2 мың доллар. Audi Q5 көлігінің бағасы да АҚШ-пен салыстырғанда жер мен көктей. Ол – АҚШ-та 35,6 мың доллар, бізде 61 мың доллар. Тағы бір мысал келтіре кетейін, Toyota Land Cruiser 200-дің Жапониядағы бағасы – 59 мың доллар болса, біздегі құны –100 мың.
Осындай жайттарды тізбектей келе, қорытындылай айтпағым, Қазақстанға да сырттан келетін көліктерге баж салығын төмендету керек. Ал, жалпы айтсам, Үкімет халықтың отандық көлік сатып алуларына жағдай жасаулары қажет, яғни бағасын тиімді етіп, не болмаса несие жеңілдіктерін қарастыруы керек. Қазір біздің елде де жап-жақсы көліктер шығарылып жатыр емес пе?.. Бұл бір жағы – отандық көлік өндірісін дамытса, екінші жағы – еліміздің көлік паркін жаңартпақ. Ал ең бастысы, халыққа жағдай жасаймыз. Сонда екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін жоғары баж салығын төлеудің де қажеті болмай қалады.
Владислав КОСАРЕВ, Парламент депутаты:
жоқ
– Сөз басында Кеден одағы бізге несімен тиімді екендігіне мен де бір мәрте қысқаша тоқтала кетсем артық болмас. Өйткені Кеден одағына сын көзбен қарайтындар әлі де бар.
Сырттан келетін көліктерге салынатын кедендік баж салығын жоғары деп санайтындар да солардың қатарынан. Ең бастысы – шағын және орта бизнестің бағы жанбақ. Өйткені Ресей, Беларусь, Қазақстан мүше Кедендік одақ аясында осы үш елдің арасындағы тауар айналымы күшейеді. Ал тауар айналымының артуы аталған елдерден келетін тауар бағасының арзандауына өз септігін тигізбек.
Тағы бір ұтымды жағы – осы одаққа кіретін елдер кәсіпкерлерінің әріптестік жағдайда кәсіпорын ашуларына мүмкіндік жасамақ. Өздеріңіз білесіздер, қазір тұралап қалған кәсіпорындарымызға жан бітіп, жаңа өндіріс орындары көптеп ашылуда. Елімізде бұрын-соңды болмаған көлік құрастыру өндірісі серпінді жұмыс істеуі – соның бір ғана айғағы. Осы тұста, мынандай бір маңызды мәселені айта кетсем деймін, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде бой көтеріп жатқан ірі құрылыс нысандарын салуға Қазақстан өте ірі көлемдегі қаржы жұмсауға тура келді. Мұндай қомақты қаражатқа қол жеткізуге Кеден одағының пайдасы орасан болды.
Одаққа бірігуіміздің тағы бір тиімді жағы – Кеден одағына кірмейтін мемлекеттердің тауарларына деген баж салығы көтеріледі. Нақтырақ айтсам, біздің отандық өнімдерді ығыстырып жатқан Қытай, Түркия сияқты елдердің тауарлары біртіндеп қымбаттайтын болады. Демек, отандық тауарға деген сұраныс артады.
Ең негізгісі – бәсекелестік нығаяды. Бұлардың барлығын айтып өткен себебім, Кедендік одақтың тиімді жақтарын ескерген жөн. Ал сіздер айтып отырғандай, сырттан келетін көлік құралдарына салынатын баж салығын қымбаттату – осы үш елдің отандық бизнес үшін өзара бірлесіп жасаған қорғаны. Ондай болса, келісімшартты ешкім бұза алмайды, яғни баж салығын төмендету еш мүмкін емес. Сырттан келіп жатқан көлік құралдарына салынатын баж салығының қымбаттауы – заңдылық.
Әрине, кейде тығырыққа тірейтін қолайсыз жайттар болады. Мұндай жағдай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салып жатқан кезде болғаны есімізде. Құрылыс жүргізіп жатқан шетелдік компаниялардың бірі – сырттан келетін арнайы техникаларын дер кезінде жеткізе алмай, қыруар шығынға батқан-ды. Сонда Кеден одағы осындай олқы тұстардың алдын алу үшін импорт автобус пен жүк көліктеріне салынатын кедендік баж салығын төмендетуге мәжбүр болып, ортақ бір келісімге келді.
Біз қазір ДСҰ-ға кіреміз деп талпынып жатырмыз. Ол күн де алыс емес. Импорттық көліктерге салынатын баж салығын біз тек ДСҰ-ға енгеннен кейін ғана төмендете аламыз. Ал әзірге ол мүмкін емес. Өйткені біз Кеден одағы бекіткен тарифтен аттап кете алмаймыз.
Түйін
Әрине, қарапайым тұтынушы – халық кедендік баж салығының төмен болғанын қалайды. Алайда Кеден одағы аясында қабылданған келісімдерді одаққа мүше елдердің келісімінсіз ешкім бұза алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, мамандар айтпақшы, КО-ның Қазақстан үшін тиімді жақтары жоқ емес. Баж салығы тек Қазақстан ДСҰ-ға енгеннен кейін ғана төмендейді. Сарапшылардың мәліметтерін алға тартсақ, соңғы жылдары Қазақстанда құрастырылып жатқан көліктерге деген сұраныс артып келеді. 2013 жылдың мамырында отандық автокөліктер саудасы 62 пайызға артқан, былтыр осы кезеңде 1620 көлік сатылса, биыл бұл көрсеткіш 2629-ға жеткен екен. 2013 жылдың басынан бері еліміздегі автокөлік құрастыру мен сату көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 93(!) пайызға артық. Бұл үдеріс әлі де жалғасын табады деген болжам айтады мамандар. Демек, қалталылар болмаса, қарапайым халық үшін болашақта сырттан көлік әкелудің қажеттілігі болмай қалуы да ғажап емес. Қазір жұртшылықтың наразылығын тудырып отырған кедендік баж салығы проблемасының оң шешілетін күні де алыс емес деген үміттеміз. Бір тілек – мемлекет отандық автокөліктің қолжетімділігі мәселесіне басымдық беріп, оны дереу шешіп берсе, қоғамда импортқа деген сұраныс та күрт азаяр еді.