Ішкі миграция жөніндегі заң жобасын дайындап, оны қадағалайтын арнайы орган құру керек пе?
Қазір Қазақстанда көші-қон туралы заң бар. Алайда ол сыртқы миграция мәселесін ғана қамтиды. Біздегі Көші-қон комитеті мен Көші-қон полициясы да сол мәселемен ғана айналысады. Алматы қаласының Тұрғындарды міндетті тіркеуден өткізу жөніндегі Ережесі пайда болғалы бері бұл мәселе көптеген түсініспеушіліктер тудыра бастады. Жұртты «әкімдіктің бұл шешімі заң аясына кіре ме?» деген сауал алаңдатуда. Осыған орай, сарапшылар қауымының да пікірі сан-саққа бөлінуде. Біреулер міндетті тіркеу жөніндегі шешім дұрыс деп есептесе, енді біреулері «Алматы әкімшілігі өзінің құзыры аясынан тыс шешім шығарып кетті» деген тұжырым жасауда. Ал осы «ішкі көші-қон мәселесінің негіздерін анықтайтын арнайы заң жобасы, оны қадағалайтын арнайы орган болуы керек пе?» деген сауалға келгенде, сарапшыларымыздың пікірі тағы да қарама-қайшы келді.
Мұхит Асанбаев, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының вице-президенті:
Иә
– Елімізде ішкі миграция жөніндегі заң жобасы мен оны қадағалайтын арнайы бір құрылымға деген ауадай қажеттілік бар. Мен азаматтардың міндетті тіркеу ережесін қолдамаймын. Осындай шешімнің шығарылуына арнайы заң мен тиісті мекемелердің болмауы себеп болды деп есептеймін. Себебі елімізде ішкі миграцияны реттеуші заң мен арнайы бір органның болмауы себебінен әр әкімдік өзінің ойына келген шешімін шығарып алады. Бүгін Алматы қаласы Францияны мысал етіп, өзіне тиімді ереже қабылдап алған болса, ертең келесі облыс тағы бір мемлекетке сілтеме жасап, ойына келген жаңа ереже қабылдап алады.
Меніңше, қала әкімінің құзыреті мұндайға жетпейді. Себебі миграция мәселесі – қалалық емес, мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Негізі, дәл осындай ереже Солтүстік Кореяда бар. Бұл шешім ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретіндегі Қазақстан үшін ұят нәрсе деп ойлаймын. Себебі ол адам құқығына нұқсан келтіру болып саналады. Тек адам құқығы бойынша ғана емес, одан да басқа параметрлер бойынша салмақтайтын болсақ, оның қате шешім екеніне көз жеткізуге болады.
Ішкі миграция жөнінде заң қабылданбайынша, бұл мәселеге кім жауапты екені анықталмайды. Мысалы, қазір Көші-қон комитеті ішкі миграция мәселесіне келгенде, «бұл іс біздің жұмыс аямызға кірмейді» дегенді айтып, ат-тонын ала қашады. Бір-біріне сілтеп жүре береді. Біресе Әділет министрлігіне, біресе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, енді бірде Көші-қон полициясына қарай итереміз. Содан барып жергілікті әкімшіліктер өздеріне ғана тиімді шешімдерді қабылдай береді. Бізге осы мәселені мемлекеттік тұрғыдан сараптап, зерделей алатын, шешу жолдарын көрсетіп беретін және іске асыру жолдарын қадағалайтын арнайы құрылым керек. Заң болған соң, ішкі миграциялық процестердің анықтамалары пайда болады, бағдарлары белгіленеді. Мысалы, Ресейде аймақтарды дамыту жөніндегі арнайы құрылым бар. Ол барлық аймақтардың демографиялық ахуалын бақылап отырады. Қажет болған жағдайда соны реттеудің жолдарын қарастыра бастайды. Қайталап айтқым келеді, егер ондай заң болмаса, бұл мәселені министрліктердің біреуі өз мойнына алмаса, әр әкімдік өзіне ыңғайлы шешімдер шығара береді.
Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары:
Жоқ
– Ішкі миграция жөнінде заң қабылдауға және осыған қатысты қандай да бір жаңа мекеме жасақтауға қарсымын. Меніңше, оған қажеттілік туып отырған жоқ. Егер мұндай заң қабылданатын болса, ол міндетті түрде ішкі миграцияға шектеулер қояды. Нәтижесінде, дискриминация тудыратын құжат пайда болады. Себебі ол азаматтарды екіге бөліп қарай бастайды. Бір заманда Америкада адамдарды ақтар мен қаралар деп екіге бөлді ғой. Бет-жүзі ақ адамдарға арналған дүкендер мен мейрамханаларға, театрларға қара адамдар кіріп кетсе, оларды соттап, айыппұл төлететін. Ішкі миграция жөніндегі заңның ақыр соңы дәл сондай құбылысқа апарады.
Еліміздің Конституциясында «әр азамат өзі қалаған кез келген аймақты қоныстануға құқы бар» деп жазылып тұр ғой. Бұдан артық ешқандай құжаттың да, құрылымның да қажеті жоқ. Қазір еліміздің азаматтары сол заңдылық бойынша, өздерінің қажеттілігіне қарай, бір аймақтан келесі бір аймаққа еркін көшіп-қонып жүр. Бұл – өте дұрыс нәрсе. Ал сол жөнінде заң қабылданады деген сөз қандай да бір шектеулерге қажеттілік туып отыр дегенді білдіреді. Қарсыласым Мұхит Асанбаев өзінің сөзіне өзі қарсы шығып отырған сияқты. Алдымен азаматтарды міндетті тіркеу керегі жоқ дейді де, сол туралы заң мен қадағалаушы орган болу керек дегенді айтады. Егер азаматтардың қоныс аударуы ешбір шектеусіз еркін түрде жүзеге асатын болса, оны қадағалаудың қажеті қанша? Ал Ресейдегі құрылым, негізінен, ішкі миграцияны емес, аты айтып тұрғандай, аймақтарды дамыту мәселесін қарастырады. Егер арнайы бір құрылымға сусап тұрған болсақ, ішкі миграцияны төмендетуге себеп болатын Аймақтарды дамыту жөніндегі арнайы бағдарламаны жасауға болады.
Жалпы, әр мәселеге бір орган жасақтай беру керек емес деп Президент Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан еді. Ішкі миграцияны реттеудің басқа да көптеген жолдары бар. Мысалы, адамдар не үшін қалаға қарай ағылады? Қалалық атану үшін ғана емес екені анық қой. Мұның себебі ауылдық жерлерде ақша жоқ, күнкөріс өте қиын. Міне, бұл – басты себеп.
Қарап отырсаңыз, Алматы мен Астананың бюджеті қандай, өзге аймақтардың бюджеті қандай? Адам басына шағып қарағанда, арасалмағы жер мен көктей. Сондықтан егер халықтың Алматыға жаппай ағылуын қаламаса, қаланың бюджетін кесіп, соны аймақтар мен ауылдарға салсын. Сонда ішкі миграция мәселесі өздігінен реттеледі. Жаңа жұмыс орындарын ашып, «Жол картасының» бюджетін еселей арттыру керек. Дәл қазіргі жағдайда бұл бағдарламаның 120-150 млрд теңге көлеміндегі бюджеті ештеңені де шеше алмайды. Кемінде 500-700 млрд теңге деңгейінде қажеттілік бар. Егер біз қаржының негізгі бөлігін қос қалаға аударып, ауыл адамдарын сол аймаққа кіргізбей қоятын болсақ, бұл барып тұрған жемқорлық болады. Сондықтан ауылдың инфрақұрылымын жетілдіру шарт. Азаматтардың еркін жүріп-тұруына шектеу қою – адам құқығының тапталуы болып есептеледі. Кімнің қай қалада тұруы керектігін орталықтан шешіп отыратын тоталитарлық жүйе артта қалған. Қазір ішкі миграция мәселесін әкімшілік жолмен емес, нарық тетіктерімен шешуге болады.
Біздің сарапшылар кез келген мәселеге агенттік, комитет немесе арнайы бір орган құруды ұсынуға әуес. Арнайы заң қабылдау оны қадағалайтын бір органға қажеттілік тудырады. Ал оны қадағалайтын адамдар пайда болса, жаппай пара алу басталады.
Түйін
Ішкі миграция жөніндегі заң жобасын жасауға қатысты екі түрлі пікір айтылды. Алайда екеуінің де көзқарасы Алматы әкімшілігінің «азаматтарды міндетті тіркеуден өткізу жөніндегі ережесіне» қарсы болып шықты. Жалпы, бұл жаңа тәртіпке қарапайым тұрғындардың арасынан да наразылық білдірушілер өте көп кездесуде. Ендеше, кемінде 1 миллион адамның тағдырына тікелей әсер ететін мұндай ауқымды шешімді қалалық мәслихаттың еншісіне тапсырып қоймай, Мәжіліс пен Сенат депутаттарының да бір қарап шыққаны артық болмас еді.