Семейдегі ядролық атом сынағы өткізілген жерлерді халықтың шаруашылықпен айналысуына беру туралы Ұлттық ядролық орталықтың ұсынысына еліміздің экологтары қарсы шығып отыр. Қазақстан экофорумының президенті Қайша Атаханова: «Семей ядролық полигонының аумағы жеткілікті түрде зерттелмегендіктен ауыл шаруашылығы мақсатына қолдануға болмайды. Қазақстанның Жер кодексіне сәйкес ядролық сынақтар жүргізілген жер телімдері жерді ластаудың бүкіл салдары жойылған соң ғана пайдалануға берілуі тиіс. Ал аталмыш жерлерде осы уақытқа дейін ешқандай зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ», – дейді. Радиация саласында 44 жыл еңбек еткен Лариса Птицкая бұл аймақтарда улы қалдықтардың мөлшері ресми мәліметтен әлдеқайда көп екендігін айта келіп, «Кеңес үкіметі тұсында сынақ жөніндегі мәліметтер құпия сақталатын. Негізінен, халыққа ресми түрде 456 атомдық сынақ жасалды деген мәлімет берілді. Алайда кейінгі зерттеу жұмыстары бойынша оның саны 607-ні құраған. Оның ішінде 85-і гидроядролық сынаққа жатады. Сондай-ақ онда 290 келіге жуық плутон пайдаланылды», – дейді. Мамандардың айтуынша, мұндай сынақ өткен жерді толықтай залалсыздандыру үшін 240 мың жыл керек көрінеді. Алайда мамандардың бұл пікіріне қарсы тараптың да өз айтары бар. Біз мамандардың қайшы пікірлерін ойкөкпар айдарында тоғыстырған едік...
Мақсат ЖАҚАУ, эколог
Иә
– Бұл – өте үлкен мәселе. Әрине Семей полигоны аймағына ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Айта кетерлік жайт, бұл аумақты халық қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануда. Яғни ол жерлерді халық онсыз да заңсыз пайдаланып жатыр. Біз бүгінгі күні ол жерлерді халықтың ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануына бермейміз десек те, халық өз бетімен пайдалана береді. Сондықтан жерді пайдалануды халықтың өз еркіне бергеннен гөрі, ядролық сынақтың ошағынан алыстау аймақтарды халық игілігіне пайдалануға заңды түрде рұқсат беріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да қатар жүргізген жөн.
Өйткені ядролық сынақ өткен аймақты толықтай залалсыздандырғаннан кейін халық игілігіне беру жөнінде арнайы келісім бар. Сондықтан ғылыми-зерттеу жұмыстары мен залалсыздандыру жұмыстарын қатар жүргізе отырып, зардабы жоқ жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатына сай өңдеуден өткізген жөн. Ол жергілікті халыққа тиімді болар еді. Өйткені халық ол жерлерді пайдаланбай отыра алмайды. Ендеше, жергілікті билік орындары да қол қусырып қарап отырмай, сол жерді мониторингтен өткізіп, қанша алқапты ауыл шаруашылығына пайдалануға болатыны, қаншасын пайдалануға болмайтыны жөнінде карта жасаса, артық болмас.
Қанша айтқанмен, халық жерді заңсыз пайдаланып отырғаннан кейін, оның сыртында сан түрлі басқа да заңсыз әрекеттер орын алуы әбден мүмкін. Біз ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге де қорқақтап отырғанда, халықтың өз бетінше ол жерлерді басып алуы да ғажап емес. Сондықтан тиісті орындар ғылыми негіздерге сүйене отырып, Семей полигоны аймағының залалсыз жер телімдерін заңды түрде халықтың пайдалануына жағдай жасауы қажет.
Болатхан МАХАТОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор
Жоқ
– Алдымен ғылыми қорытынды жасап алмай жатып ядролық сынақтар өткізілген Семей полигоны аймағының жер телімдерін ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға беруге болмайды. Бұл – өте қауіпті. Кезінде сынақ зардаптары туралы мәліметтер өте құпия жүргізілді. Тіпті сынақ жер астында жүргізілгендіктен, оның зардаптары білінбейді дегендер де болды. Мұның бәрі – кезінде халықты үрейлендірмес үшін айтылған әңгімелер.
Шын мәнінде, кезінде жүргізілген сынақтар шаң-тозаң арқылы немесе өскен өсімдіктер арқылы мыңдаған жылдар бойына өз зардабын қоршаған ортаға тигізеді.
Мен қазірдің өзінде ғылыми қорытынды жасалмай жатып-ақ, ол жерлердің зардабының жойылмағанын анық айта аламын. Бүгін ол жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатына қолданатын болсақ, ертеңгі күні өкініштен бармақ шайнаймыз. Өйткені ол жерден тамырланып шыққан шөпті азық еткен төрт түлік малдың етін, сүтін ішіп-жейміз. Осылайша, сынақ зардабы адам денсаулығына әсер ете бастайды. «Радиацияның қайталанған зардабы» деген термин бар. Яғни радиация қолданылған кезде бір әсер етсе, кейін екінші қайтара елеулі түрде адам денсаулығына қайтара әсер етеді. Біз егер аталмыш жер телімдерін ауыл шаруашылығы мақсатына қолдана бастасақ, оның тағы да елеулі түрдегі зардабына ұшырайтын боламыз. Сондықтан өз басым Семей полигоны аймағын ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға қарсымын.
Аталмыш аймаққа толыққанды түрде үлкен мониторингтік жұмыс қажет. Өсіп шығатын шөптерді кезең-кезеңімен қыс, күз, көктем, жаз мезгілдерінде жануарларға жегізе отырып, одан кейін оның етін зерттеуге алып, кешенді түрде үлкен зерттеу жұмысы жүргізілуі тиіс. Радиациялық элементтердің де өз ерекшелігі бар, ол мал ағзасында білінбей жинала беріп, уақыт өте үлкен қасіретке алып баруы мүмкін. Сондықтан кең ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізбей, полигон аймағын пайдаланбау қажет. Рас, ядролық сынақ өткен аймақты толықтай залалсыздандырғаннан кейін халық игілігіне беру жөнінде келісім бар. Алайда бұл жерлерде осы уақытқа дейін залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмеді, қаншалықты қауіптілігі жөнінде ғылыми қорытындылар жасалған жоқ. Сондықтан аталмыш жер телімдерін шаруашылық мақсатында пайдалануға беруге әлі ерте деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Сәдібек ТҮГЕЛ, «Жерұйық» экологиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
– Менің эколог ретінде ғана емес, сол өңірдің тумасы ретінде де айтарым, Семей өңіріндегі ядролық сынақтың экологиялық зардабы әлі күнге сейілген жоқ. Сынақ зардабы жан-жануарлар арқылы ғана емес, адамдар денсаулығы арқылы да ара-тұра білініп қалады. Сынақ өңіріндегі жер телімдері ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға берілгеннен кейін шөп арқылы – төрт түлік малға, малдың ет-сүті арқылы адамға берілуі мүмкін. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, сынақ зардабы әлі талай жылға созылуы мүмкін. Сондықтан әзірге бұл жерлерді зерттеуге де, ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға да қарсымын. Улы қалдықтарды бойына жинап жатқан жерді зерттегеннен немесе пайдалануға алған сәттен бастап өзінің зиянын тигізе бастайды. Сондықтан әзірге «тыныш жатқан жыланның құйрығын басып» қажеті жоқ. Ал ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізер болсақ, ол жерлерге әлем ғалымдарын жұмылдырып, тиянақты ғылыми қорытынды жасалуы тиіс.