Соңғы жылдары әлемнің барлық елдері транспорт құралдарын жанармайдан басқа, экологиялық жағынан тиімді баламалы отынға ауыстыруға тырысуда. Біздің еліміздегі ірі қалаларда да көлік санының күн санап өсуі қоршаған ортаның ластануына тікелей әсер етуде. Қоршаған ортаның ластануының алдын алу бағытында арнайы бағдарлама қабылданғанымен, ауыз толтырып айтарлықтай іске мұрындық бола алмай отыр. Мәселен, осы бағдарлама аясында 2018 жылы экологиялық тұрғыдан таза отын саналатын газбен жүретін көліктердің санын 54 мыңнан асыру, соған сай газбен жүретін қоғамдық көліктердің санын да еселеп көбейту жоспарланған еді. Алайда әзірге бұл бағытта ілгерілеушілік байқалмайды. 2012 жылы Алматы қаласы бойынша газбен жүретін бар болғаны 200 қоғамдық көлік, 10 жекеменшік көлік тіркеліпті. Осы орайда, мамандар «көліктерді экологиялық таза отынға ауыстыруға ынталандыру үшін газбен жүретін автомобильдердің салығын төмендету» туралы ұсыныс айтып отыр. Ұсынысты мамандардың талқысына салып, артық-кем тұстарын салмақтап көрген едік.
Сәдібек ТҮГЕЛ, эколог:
иә
– Мен бұл ұсынысты қуана құптаймын. Өйткені көліктерді экологиялық тұрғыдан таза отынға ауыстырудың пайдалы тұстары жетерлік. Қазір әлемдегі барлық елдер жанармайға балама болатын, экологиялық тұрғыдан таза басқа отын іздеуде. Біздің елімізде де жыл өткен сайын көліктердің көбеюімен бірге ауаның күрт ластануы анық байқалуда.
Демек, біздің елімізде де көліктерді тез арада экологиялық таза отынға ауыстыру қажеттілігі туындап отыр.
Алматы қалалық әкімдігі бірнеше жылдан бері газбен жүретін қоғамдық көліктердің санын арттыру бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Бірақ бұл істі әрі қарай қолдайтындар табылмай тұр. Сондықтан газбен жүретін автомобильдердің салығын төмендетер болсақ, бұл белгілі бір дәрежеде жүргізушілерді көліктерін экологиялық таза отынға ауыстыруға ынталандырар еді. Осы орайда біз газбен жүретін автомобильдердің салығын төмендетуді қолға алуымыз керек.
Бүгінгі күні ауаның ластануы салдарынан халықтың арасында тыныс жолдары ауруы күрт артып отыр. Әсіресе көлік құралдарының саны мен ауасының ластануы жағынан алдыңғы орында саналатын Алматы қаласында бүгінгі күні атмосфераның бұзылуына көшедегі көліктердің елеулі үлесі бар екені дәлелденіп отыр. Нақ осы Алматы қаласы тұрғындарының аллергияға жиі шалдығуы, тыныс жолдары мен жүрек-қан тамырлары ауруына жиі ұшырауы да ауаның ластануынан екенін айтып мамандар да дабыл қағуда. Америкалық ғалымдар адамдар арасында рак пен тыныс алу жолындағы ауруларды туғызатын атмосфера құрамындағы ұсақ дисперстік бөлшектердің кесірінен жылына 2,1 миллион жан өмірмен қоштасатынын есептеп шықты. Сондай-ақ экологияның бұзылуы климаттың өзгеруіне де әсер етіп отыр. Демек, ендігі жерде ауаны неғұрлым таза ұстаудың маңызы зор екенін біз түсінуіміз керек. Ауаны таза ұстаудың бір амалы – көліктерді экологиялық таза отынға ауыстыру. Халқымыз осы ұсынысты бірауыздан қолдап кету үшін газбен жүретін автомобильдердің салығын төмендетсек, тіпті дұрыс болар еді. Оның үстіне, халық үшін де жанармайдан гөрі газдың бағасы арзанға түсер еді. Бұл да көліктерді газбен жүргізудің бір артықшылығы деп санаймын.
Негізі, уақытша болса да көліктердің салығын төмендету арқылы жүргізушілерді ынталандыруымыз керек. Кейін жанармай бағасының тұрақсыздығын көргеннен кейін жаппай жүргізушілердің бәрі көліктерін газбен жүргізуге ынталы бола бастайды. Сондықтан көлік жүргізушілерін ынталандыру үшін газбен жүретін автомобильдердің салығын төмендетуді қолға алу керек деп ойлаймын.
Ғалым БАЙНАЗАРОВ, экономист-қаржыгер:
жоқ
– Расында да, елімізде көліктердің көбеюімен бірге ірі қалалардағы экологиялық ахуал күрделеніп бара жатыр. Негізі, көзін таба білсек, көліктерден шығатын улы түтін салдарынан туындап отырған экологиялық жағдайдың алдын алу жолдары жетерлік. Оның ішінде жанармайды басқа экологиялық таза отынмен міндетті түрде ауыстыру қажет. Алайда ол үшін көліктердің салығын төмендетудің қажеті жоқ. Өйткені біз онсыз да бүгінгі күні көліктердің салығын көбейтуге мүдделі болып отырмыз. Сондықтан, бір жағынан, бұл мүмкін де емес нәрсе.
Шын мәнінде, көліктердің экологиялық жағдайға кері әсерін төмендетудің жолдары өте көп. Мәселен, ең бай мемлекеттердің бірі – Швейцария. Әлемдегі бай адамдар да сол елде тұруға құштар. Экологиялық жағынан да өте таза. Осы Швейцарияда әлі күнгі трамвайлар өте көп жүреді. Оған жергілікті халық өткен ғасырдың көлігі деп менсінбеушілікпен емес, керісінше экологиялық жағынан таза көлік болғаннан кейін өте үлкен құрметпен қарайды. Ал біз неге екенін білмеймін, трамвайлардың санын қысқарттық. Барының өзі өте аз жүреді. Сондай-ақ Лондонда 1970-1980 жылдары экологиялық жағдай өте қиын болған. Ал қазір аталмыш қаланың ауасы өте таза. Өйткені сол жылдары Алматы қаласы секілді экологиялық жағдайы нашарлап кеткендіктен, жанармайдың сапасын жақсартуға ден қойған. 95 маркалы жанармайды ғана сатылымға шығарып, қалғанының сатылуына тыйым салған. Екіншіден, көліктерден шығатын улы түтіннен зиянды заттар ауаға таралмас үшін сүзгі ойлап тапқан. Нәтижесінде ауа тазарып шыға келді. Экологиялық таза көліктердің салығын төмендетпей-ақ осындай қарапайым шаралар қаладағы экологиялық ахуалды жақсартты. Біз де жоғарыдағы қалалардан үлгі алып, солардың қолданған әдісін өзімізде пайдалансақ, көліктердің салығын төмендетуден әлдеқайда нәтижелі болар еді.
Осы орайда айта кетер жайт, біз қазір экологиялық таза отынға көшкен көліктердің салығын төмендеткенмен, елдің барлығы газға көше қалмайды. Өйткені еліміздің ең үлкен шаһары – Алматының өзінде оларды газбен қамтамасыз ететін бекеттер мүлдем жоқ. Сондықтан түрлі ұсыныстар айтудан гөрі көліктердің газбен жүруіне жағдай жасауымыз керек. Егер көліктерге газ құю бекеттері көп болса, мұндай отын бағасының тиімді екенін білген жүргізушілер өздері-ақ көлігін газға ауыстырары сөзсіз. Сондықтан автокөлік иелеріне газ отынының тиімді екенін жеткізе білуіміз керек.
Жалпы, экологиялық жағдайға қарай көліктердің салығын төмендету ақылға қонбайтын дүние. Одан да көліктерді экологиялық таза отынға ауыстырудың, жалпы қоршаған ортаны таза ұстаудың басқаша түрлі жолдарын қарастыруымыз керек. Электр қуатымен жүретін автокөліктер, трамвай, троллейбустардың санын көбейтіп, жанармайдың сапасын көтеріп, улы түтін шығаратын көліктерге арнап сүзгілер қолдансақ, мәселені еш қиындықсыз шешуге болар еді.
Бейтарап пікір
Меңлібай МЫРЗАХМЕТОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Шын мәнінде, көліктерді экологиялық таза отынға ауыстыру соншалықты қиын шаруа емес. Мәселен, мына көрші өзбек елінде көшедегі көліктердің 70-80 пайызы газбен жүреді. Біріншіден, газ жанармайға қарағанда экологиялық тұрғыдан таза отын саналады. Екіншіден, газ жанармайға қарағанда әлдеқайда арзан. Соны ұққан өзбек жүргізушілері темір тұлпарларын газға ауыстырды. Сондықтан біз де газға өтіп алсақ, ұтарымыз көп болар еді. Таза ауамен тыныстап, күн сайын бағасы өсіп бара жатқан жанармайға тәуелді болып, шулап отырмас едік. Сондықтан мемлекетіміз халықты түрлі жолдармен ынталандыра ма әлде жұртшылыққа жеңілдіктер ұсына ма, әйтеуір тез арада көліктеріміздің газбен жүруін қамтамасыз етсе дұрыс болар еді.