Есірткі трафигіне тосқауыл қою үшін Орталық Азия елдерінің арасында визалық режим енгізу керек пе?
Деректерге жүгінсек, еліміздегі есірткі тұтынатындардың жалпы саны бүгінде 70 мыңнан асып жығылыпты. Қазақ елінде жыл сайын 1500 мыңнан астам адам нашақорлықтың құрбаны болып, ажал құшады екен. Рас, есірткімен күресуге қарсы мемлекетімізде арнайы бағдарламалар қабылданып, оған қарсы кең көлемді мақсатты күрестер жүргізілді. Десек те, мемлекетіміздің халықаралық есірткі тасымалы жолының бойында жатуы осыған қатысты қылмыстардың көбеюіне әсерін тигізіп отырған жайы бар. Әлемдегі есірткінің 80 пайызға жуығы өндірілетін Ауғанстаннан шыққан есірткі керуені республикамыздың бірқатар аймақтары арқылы Батыс елдеріне бағыт алады. Сондықтан болар есірткі саудасына қатысты қылмыстар бүгінде біздің елде көкейтесті мәселеге айналып отыр. Осыған орай мамандар тарапынан «Есірткі трафигіне тосқауыл қою үшін Орталық Азия елдерінің арасында визалық режим енгізу керек пе?» деген пікірлер де айтылып қалуда. Міне, біз бүгін нақ осы сауалды мамандардың ой талқысына салып, таразылап көрдік...
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-сарапшы:
иә
– Жалпы, виза енгізу мәселесі – орынды көтеріліп отырған дүние. Мысалы, әлемдік сауда айналымында есірткі саудасынан түсетін түсім барлық сауданың 20 пайызын құрайды. Бұл – өте үлкен алаңдатарлық жайт. 2009 жылы есірткі саудасынан түсетін түсімнің жалпы көрсеткіші 9 пайызды құраған-ды. Ал айналасы үш-төрт жылдың ішінде көрсеткіш 20 пайызға еселеніп отыр. Сондықтан бұған қалың көпшілік болып, қоғам болып алаңдағанымыз дұрыс. Қазір Батыс елдеріне Ауғанстан арқылы тасымалданатын есірткі заттарының көпшілігі біздің шекаралас жатқан елдермен әкетіледі. Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан елдері арқылы есірткі заттары елімізге ашық, еркін түрде еніп кетіп жатыр.
Біздің шекарамыз ашық жатқан дарбаза тәрізді. Сондықтан сол алып есірткі саудасымен айналысатындарға өзіндік қатаң тыйым болсын десек, бізге визалық режим енгізу керек. Сонда жауапкершілік күшейіп, тексеру тегеурінді болады. Қазірде есірткіні жою мақсатын көздейтін халықаралық күштердің біразы бұл тәжірибені қолдап, қолпаштап отыр. Сондықтан біздің мемлекетімізге де мұндай жүйеге баруды қажеттілік деп санаймын. Себебі қазірде жасөспірімдердің арасында есірткіге тәуелділік көрсеткіші белең алып отыр. Мектеп жасынан бастап балаларымыз есірткіге тәуелді болса, ұрпақтың азғаны емес пе?! Егер ұрпақ азбасын десек, қоғам тозбасын десек, мұндай шараларды қарастырған жөн. Қайсыбір елдер елінде есірткімен айналысқан азаматтарын өлім жазасына дейін кесіп жатқанда, оның қасында есірткі трафигіне тосқауыл қою үшін Орталық Азия елдерінің арасында визалық режим енгізу деген оңай шаруа. Мысалы, Канада, Сингапур, Малайзия сияқты елдерде есірткі таратушыларға өлім жазасы қарастырылған. Ал біз есірткімен күресеміз деп «Мак», «Допинг», «Наркощит», «Притон» тәрізді операциялар жүргізумен ғана шектеліп келеміз. Егер болашақ ұрпағымыз салауатты өмір сүріп, саналы азамат болсын десек, бұл өзекті мәселеге айналған дертке қарсы мемлекеттік тұрғыда салмақты шешімдер қабылдануы керек. Өйткені нашақор адамның болашағы жоқ. Мұндай жолға түскен адам қоғамға да пайда келтірмейді. Адамдық бейнесінен айырылып, кәдімгі керексіз азғынға айналады. Демек, біздің қоғамдағы адамдар керексіз азғынға айналмасын десек, мұндай шешімдерді қолдаған жөн деп ойлаймын...
Ғабиден ЖАЙЛИН, заңгер:
жоқ
– Нақ осы визалық режим енгізу есірткі трафигіне түбегейлі тосқауыл қоя алады деп өз басым айта алмаймын. Сондықтан мұны қолдамаймын. Егер біз Орталық Азия елдері бойынша визалық режим енгізетін болсақ, бұл елдерге қатынасатын қарапайым азаматтардың құқын да аяқасты ететін боламыз. Есірткі тасымалына тыйым салу үшін бір ғана визалық жүйе енгізу аздық етеді және бұл қажетсіз болады. Бұған визаның тікелей ешқандай қатысы жоқ. Болашақта шекаралас жатқан елдер арқылы елімізге еніп кететін есірткі заттарына тосқауыл қойғымыз келсе, алдымен халықаралық шарттарға мән беріп, ережелерді қатайтуымыз керек. Меніңше, визалық режим енгізгеннен гөрі кеден қызметін қатайтуымыз, кедендегі электронды қызмет түрін жетілдіруіміз қажет.
Біз қанша жерден визалық режим енгізсек те, оны тасымалдаған адам саудасын жүргізе береді. Демек, бұл жерде еліміздің жедел-іздестіру тобына жауапкершілік жүктелуі керек. Кеден қызметінің ісін жетілдіру қажет. Заманға сай кедендік электронды рәсімдеу істері тереңдетілгені жөн. Ал тап осы есірткі бизнесіне қатысты визалық шектеу енгізуді өз басым қолдамаймын. Себебі мәселені шешудің түп-төркіні мұнда жатқан жоқ. Қазіргі таңда әлемдік есірткі саудасының жылдық тауар айналымы шамамен 400 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде Ауғанстаннан экспортталатын апиын және апиыннан өндірілетін героинның үлесі – 100 млрд АҚШ доллары. Есірткі саудасын қыздырып отырған Ауғанстан есірткіні әлем елдеріне негізгі үш бағыт бойынша тасымалдайды. Оның біріншісі – солтүстік бағыт. Бұл бағыт бойынша есірткі Орталық Азия елдері арқылы Ресейге, Ресей арқылы Еуропаға тасымалданады. Екіншісі – Батыс бағыт. Бұл арқылы Иран мен Түркия территориясы арқылы тауар Еуропаға жеткізіледі. Үшіншісі – Оңтүстік бағыт. Бұл – Пәкістан территориясы арқылы әлемдік мұхитқа шығарылатын жол. Аталған үш бағыттың біріншісі, яғни солтүстік бағыт біздің ел үшін де үлкен қатерлі екені даусыз. Мұның зардабын көбінесе қарапайым халық тартуда. Осы күнге дейін есірткімен күрес мақсатында көптеген операциялар өткізіліп келеді. Шын мәнінде, мұның артында есірткі саудасын өмірлік кәсіп қылушы алпауыт қылмыстық топтар тұрғанын білмейді емес, біз білеміз. Сондықтан бұл жерде бір ғана виза мәселесін сөз ету дұрыс емес, бұл жерде әлемдік тұрғыда Ауғанстанда жүйелі түрде есірткі саудасымен күресетін арнайы ұйым құру қажеттігі туралы мәселе көтерілуі керек. Ықпалды мемлекеттер, ықпалды тұлғалар келешекте осы жағын ойласа жөн болар еді. Осы мәселе дүркін-дүркін көтеріліп, халықаралық ұйымдардың құлағына жетерліктей мәселе көтерсе, сол негізді болар еді деп ойлаймын.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бейтарап пікір
Орынғали Есенғазиев, Алматы қалалық ішкі істер департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник:
– Жалпы, есірткі бизнесіне тосқауыл қоя білу керек. Бірақ сол бизнестің көзін тауып алғандарды алқымдауда біз мәселенің бергі жағын ғана қалқып алып жатырмыз. Ал мәселенің арғы жағы, яғни түп-төркіні сол күйінше аршылмай қалып қойып жататыны жасырын емес. Әрине, тиісті орган қызметкерлері түрлі шаралар өткізу арқылы есірткі тасымалымен айналысқандарды ауыздықтап жатады. Олар тиісті жазасын да алады. Бірақ сол ұсталып, тұтылып жататындар ең үлкен алып қылмыскерлердің атын атап, түсін түстеуге келгенде жұмған ауыздарын ашпайды. Міне, мәселе қайда?! Біз үшін нақ қазір ұсақ қылмыскерлерді емес, сол алып қылмыс иелерінің ордасын бұзатын жобалар ойластыру тиімді болмақ. Бұл орайда мемлекеттік тұрғыда игі шаралар, бағдарламалар, түрлі операциялар жасалынуы керек. Ал «визалық режим енгізу мәселесі есірткі саудасына еліккендердің жолын біржола кесіп тастайды» дегенге сене қоймаймын. Себебі сауданың жолын кесіп, есірткіні бұғаулау үшін бұдан да салмақты шешімдер қабылдаған дұрыс. Абзалында, есірткіні ауыздықтайтын халықаралық статусы бар бір ұйымдар құрылып, бақылауды солардың жүргізіп отырғаны дұрыс болар еді.