Елімізде жастар мәселесіне үлкен көңіл бөлініп, жастар ісіне қатысты мемлекеттен бөлінетін қаржының көлемі де жыл санап артып келеді. Алайда сол мүмкіндік қалай пайдаланылып жатыр? Ресми түрде ұйым санатында мыңдаған жас бар деп көрсетіп алып, іс барысында шағын топ қана жүретін бірлестіктер бар екен. Жастар ұйымдары көп болғанымен, олардың жұмысының тиімділігі төмен деген пікірге қосылатындар көп. Сарапшылар бұл тақырыпқа қатысты екі түрлі көзқарасын білдірген еді.
Нұрлан ӨТЕШОВ, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының хатшысы:
иә
– Елімізде қазір жастар ұйымдары өте көп деп айтуға болады. Олардың жұмыс белсенділігі әртүрлі. Әрине, жекелей қарастыратын болсақ, ешбір шаруа тындырмай, жай ғана тіркеліп қойған жастар ұйымдары да бар. Олар жайлы сөз қозғап жатудың қажеті жоқ шығар. Ал еліміздегі түрлі мемлекеттік жобаларға араласып жүрген жастар ұйымдарының жөні бөлек. Олар қолдарынан келгенше өз мақсаттарына қол жеткізуде. Жастар өз бойындағы күш-жігері мен қуатын мемлекеттің гүлденуіне жұмсай алып отыр деп ойлаймын. Мысалы, өткен жылдары жастар ұйымдары жастар саясатына қатысты заң жобасын дайындау мәселесін белсенді көтерді. Бұл тақырыпты Мәжілістің, министрліктің алдына қойды.
Соның нәтижесінде қазір сол қызу талқылану үстінде. Жастарға қатысты ірі жобалардың бірі болып саналатын «Дипломмен – ауылға!» акциясына көп үлес қосып жатыр. Бұл жобаның маңыздылығын айтып жату артық болар. Үш жыл ішінде 19 мыңға жуық жас маман ауылға орналастырылды. «Жас еріктілер» атты жасақтар құрылды. Олар өткен жылы да, биыл да өз еңбегін көрсетіп жатыр. Алғашында Алматы маңындағы Қызылағаш оқиғасында, сосын Шығыс Қазақстандағы су көтерілу кезінде, биылғы жылы Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны кезінде халыққа тікелей көмек көрсетумен айналысқан жастар көп болды. Жастар ұйымдарымен құрылған еріктілердің жасақтары осындай қиын-қыстау сәттерде халықтың арасында болып қол ұшын берумен айналысты. Қазіргі кезде «Болашақ бүгіннен басталады!» атты шара жүзеге асып жатыр. Соның шеңберінде жас ғалымдар, жас мамандар, шығармашылық иелерінің күші жұмылдырылып, еліміздің игілігі үшін жұмыс жасалынуда. Мұндай ауқымды жобалардан бөлек, түрлі шағын мәселелер де назарда. Бір ғана мысал, 9 Мамыр мерекесінде жастар қоғамдық ұйымдарының мүшелері соғыс ардагерлеріне көмектесіп, үйлеріне шарбақ жасап, есігінің алдындағы отынын жарып беріп дегендей түрлі қамқорлықтар ұйымдастырды. Сөздің қысқасы, қазақстандық жастар ісі жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің белсенділігі төмен деп айта алмаймын. Қазақстандық жастар ұйымдары өзге шетелдік елдердің жастарымен де тығыз байланыс орнатып жатыр. Мәселен, өткен жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жастары бірнеше басқосу ұйымдастырды. Сол кезде қазақстандықтар ерекше белсенділік танытты. Одан бөлек, ТМД, Кедендік одақ шеңберінде, АӨСШК шеңберінде түрлі әріптестік жасалуда. Меніңше, қазақстандық жастар ұйымдары өз міндетін атқара алып отыр.
Замир ҚАРАЖАНОВ, саяси сарапшы:
жоқ
– Меніңше, еліміздегі жастар ұйымдары өзінің жұмыс тиімділігін арттыруы керек. Жастар ұйымдары еліміздің күллі жастарымен байланыс орната алып жатқан жоқ. Оның орнына өзара дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, үкіметтік жиындарға қатысқанды жақсы көреді. Бірақ одан мәселе шешілмейді. Қазір еліміздегі жастар ұйымдары ардагерлерге көмек көрсету, көше тазалау деген сияқты түрлі шараларға атсалысып, көмек көрсетіп жатыр. Алайда жастар ұйымдарының негізгі бағыты еліміздегі жастардың проблемаларымен айналысу болуы керек еді. Жастарға үй керек, жұмыс керек, мамандануына мүмкіндіктер жасау керек. Жастар ұйымдары, негізінен, осымен айналысуы қажет.
Жастар мәселесін тек жастардың өздеріне қалдыруға болмайды. Мұнымен білікті мамандар айналысып, қоғамдық ұйымдардың жұмысын білікті, білімді менеджерлер ұйымдастырғаны тиімді болар еді. Қазір бізде жастардың жұмыссыздығы 4-5 пайызды құрайды деп айтылады. Ал негізінде олай емес. Жастар деген ұғымға 25 жасқа дейінгілерді ғана енгізетін болса, расында, 5 пайыз шығады. Ал нағыз жұмыссыз жүргендер – 25 пен 30-дың арасындағылар. Бүгінде жастар ұйымдарының тиімсіз жұмыс істеуі ертең үлкен дауға әкелуі мүмкін. Мысалы, «Араб көктемін» алатын болсақ, оны ұйымдастырған – жастар. Яғни жастардың радикалдануына жол беруге болмайды. Қазір еліміздегі жастар ұйымдары түрлі мемлекеттік гранттармен жұмыс істеп, қомақты ақшаны игеруде. Жемқорлық орын алып жатыр деп байбалам салмай-ақ қояйын, дегенмен оның тиімділігі лайықты деңгейде болып жатқаны күмән тудырады. Егер жастар ұйымдары жастар арасында туындаған проблемаларды шынайы көтеріп, онымен шынайы айналыспаса, қоғам арасынан басқа лидерлер пайда болады. Олар мәселені төңкерістік жолмен шешеміз деп шығуы мүмкін. Сондықтан мемлекет жастар ісіне қатысты ұйымдарды, қоғамдық бірлестіктерді өз қадағалауына алып, жастар мәселесіне көп көңіл бөлуі керек. Басында пәтері жоқ кез келген жас адамның бойында наразылық болады. Ал сол наразылық сыртқа қалай шығатыны бір Құдайға ғана аян. Яғни проблема бар.
Қазір жұмыс істеп тұрған жастар ұйымдарының барлығын алып тастап, олардың орнына басқаларды әкелу керек деп айтпаймын. Олар жұмыс істеп жатыр. Бірақ сол жұмысының тиімділігі қандай, бағыты дұрыс па – осыны бақылауға алу керек.
Қадағалауды күшейтіп, олардың жұмысын барынша жетілдіру қажет. Жастар саясатының бағытын айқындау үшін алдымен жастар арасында социологиялық зерттеу жүргізіп, олардың жұмыс ауқымын айқындап алған жөн. Меніңше, бұл мәселе уақыт күттірмейді.
Бейтарап пікір
Айдар ҚЫРЫҚБАЕВ, «Жас Отан» жастар қанаты атқарушы хатшысының кеңесшісі:
– Өткен жылы Білім және ғылым министрлігі «Жастар туралы» заң жобасын дайындау үшін жастар жөніндегі ұйымдардан ұсыныстар жинаумен айналысты. Сол кезде жастар ұйымдарының белсенділігі тым төмен екені байқалды. Қарап отырсақ, қазір тіркеуде тұрған жастар ұйымдары өте көп екен. Бірақ нақты іске келгенде солардың арасынан санаулы ұйым ғана жұмыс істейді. Кейбірінің тіпті жастармен ісі де жоқ. Мемлекеттік гранттар таратылатын кезде ғана «тіріліп», бір-екі жобаны қолға алады. Қалған уақытта көрінбейді. Дегенмен белсенді жұмыс істеп тұрған ұйымдар да жоқ емес. Мемлекетпен, министрліктермен тікелей байланыста отырып, түрлі шаралардың басы-қасында жүргендері бар, бірақ аз. Аз болған соң жұмыс ауқымы да көлемді болмайды.