Егер мұнайдың бір баррелінің бағасы қыркүйекте 100 долларға жетсе, мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) өндіріс көлемін арттыруы мүмкін. Кувейт мұнай өнеркәсібінің министрі Шейх Ахмад әл-Абдулла әл-Сабах «Баға 75 долларға жетсе, картель өндіріс көлемін арттырмайды. Ал 100 долларға көтерілсе, көбейтетіні сөзсіз» дейді.
ОПЕК-тің көптеген өкілдері мұнайдың бір баррелі 75-80 доллар болса, сол ең әділетті баға деп санайды. Әлбетте, біз үшін «қара алтын» құнының қымбаттай түсуі тиімді екені дау тудырмайды. Алайда әлемдік дағдарыс шикізатқа телмірмей, өзге де табыс әкелетін салаларға басымдық беру қажеттігін айқындап берді. Осы орайда «алдағы уақытта да мұнай бағасына тәуелділіктен құтылу қажет пе» деген сауал кесе-көлденең шығады. Мамандардың пікірі әртүрлі.
Тоқтамыс МЕҢДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Әрине. Біріншіден, мұнайдың жер бетіндегі, Қазақстандағы мұнай қорының белгілі бір мөлшері бар. Сондықтан қазіргі қарқынмен өндіре берсек, «қара алтынның» қоры ұзаққа бармайды. Бізде Қашаған, Қайраң, Ақтоты сияқты кеніш орындары бар. Мәселен, Қайраңдағы мұнайды өндіру өте қиын. Әрі оның сапасы да төмен. Шетелдіктердің Қашағанды игеруді жыл сайын шегеріп келе жатқан себебі де – осы. Созып жүріп, ақыры игеру мерзімін 2010 жылға ауыстырды.
Бізге міндетті түрде «мұнай инесінен» құтылу керек. Ал мұнайға тәуелділіктен құтылу үшін инновациялық жобаларды жүзеге асыруды қолға алған жөн. Қарап отырсақ, мұнайға бай елдерде ғылымның дамуына ден қойылмайды. Мәселен, Араб елдерін, Нигерияны алыңыз, бұл елдерде ғылым онша дами қоймаған. Сондықтан мұнайға ауыз аша бермей, білім мен ғылымды дамытуға ұмтылуымыз қажет. Сондай-ақ инновациялық жобаларды енгізуге шын мәнінде күш салуға тиіспіз.
Әйтпесе бізде қазір қалай? «Қара алтынның» бағасы жоғарылай бастаса, жанданамыз. Құлдырай бастаса, жағдайымыз нашарлайды. Бюджетіміз де қара май бағасының құбылуына қарай өзгеріп отырады. Жан-жағымызға зер салсақ, қазба байлығы аз немесе мүлде жоқ елдер де күн көріп отыр ғой. Мәселен, Беларусьті алайықшы. Ешқандай қазба байлығы жоқ. Газ бен мұнайдан жұрдай. Соған қарамастан, өндірісі төмендемей келеді. Себебі бұл елде жоғары технологиялық өндіріс дамытылған. Трактор, тоңазытқыш сияқты шығаратын өнімі көп. Ондай елдерге дағдарыс та онша әсер етпейді.
Екіншіден, біздің мұнайымыздың сапасы өте төмен, құрамында ауыр заттар көп. Сондықтан оны өңдеу де қымбатқа түседі. Ал арабтардың мұнайының сапасы жоғары болғандықтан, оны өңдеу оңай, әрі арзан. Бұл жағын да ескерген жөн. Үшіншіден, экология жағы да бар. Каспий, Атырау, Ақтау, Ақтөбе облыстарындағы экологиялық ахуал жыл өткен сайын нашарлап барады. Жергілікті тұрғындар осыдан 50-60 жыл бұрын бұл өңірдің табиғаты тамаша, көк майса, сылдырлаған бұлақ та көп еді дейді. Қазір құлазыған қу далаға айналып, шаңды боран соғады екен. Қазақ «Алмақтың да салмағы бар» дейді ғой. Мұнай жер астынан өндірілетін болғандықтан, онымен қоса радиация да шығып жатыр. Бұл халықтың денсаулығына залалын тигізері анық.
Жалпы мұнай бағасына тәуелділік «қара алтынға» бай елдердің бәріне тән құбылыс. Терістіктегі көршіміз Ресейде де осындай жағдай. Рас, онда өндіріс көп. Бірақ солай болғанымен, олар да «мұнайдың инесінде» отыр. Ресей әлемдегі ең көп мұнай өндіретін елдердің қатарына кіреді. Ол Сауд Арабиясынан да көп өндіреді. Биылғы жылы бұл елде 488 млн тонна мұнай өндіріледі деп жоспарланған. Қазір ондағы ғалымдар да шикізатқа тәуелділіктен құтылу жөнінде мәселе көтеріп жүр.
Мұрат ӘБЕНОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
Жоқ
– «Қазақ ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» дегенде, аш болып жатқаннан гөрі қарынды тойдырып, тісті шұқылап, осындай мақалды айтқанды дұрыс көрмей ме? Сол сияқты, мұнайымыз жоқ болғаннан бар болғаны жақсы. Кейбір сарапшылардың «мұнайдың көп болғаны зиян екен» деп айтқанына мен қосыла алмаймын. Адамзаттың мыңдаған жыл тарихында мұнайды бар болғаны соңғы 150 жылда ғана өндіріп келеміз. Сол уақыттан бері «қара алтынның» кесірінен киындық көрген мемлекеттерге қарағанда, кызығын көріп, халқының ырыс-берекесін күшейткен мемлекеттер әлдеқайда көбірек. Мысалы, Америка. ХХ ғасырдың басынан ортасына дейін кейбір шикізаттың арқасында экономикасын күшейтіп, ең алып мемлекет болып алған жоқ па? Австралия да дәл сондай. Не болмаса, өткен ғасырдың ортасынан бастап қазба байлығының арқасында Канада мен Норвегия қалай көтерілді.
Ал атышулы «ресурстық қарғыс» теориясын 1993 жылы ағылшын экономисі Ричард Аути статистикалық дәлелдемелерге сүйеніп емес, саяси мақсатпен айтқан сияқты. Егер оның айтқаны рас болса, онда мұнай бағасы жоғары болса, жалпы ішкі өнім төмен болуы керек еді. Бізде керісінше, соңғы он жылда ЖІӨ жылына 9-10 пайыз өсіп келді. Сол себепті, мәселе мұнайдың өзі шыққан еліне сор немесе бақ болуында емес, оны тиімді пайдалана білгенінде. «Семіздікті қой көтереді» демекші, қоғамдық сана дамыған елдер оны өз игілігіне жарата білді. Ал кейбір Африкалық елдер бұл ырысты ұқсата алмады. Араб елдері мұнайды ел игілігіне пайдаланғанмен, олар масылдыққа бой алдырды.
Бізді айтатын болсақ, Тәуелсіздік алған жылдардан бері осы жағдайлардың барлығы «Қазақстан – 2030» ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлегенде ескерілді. Жоспарда бізге шикізаты жоқ мемлекет есебінде жұмыс жасау ауадай қажет, шикізатқа тәуелді болмауымыз керек, біздің мемлекет мұнай қаржысын пайдаланып, жаңа өндіріс орындарын ашу, экономикамызды диверсификациялау қажет екені белгіленген. «Мұнайдан түскен қаржыны халыққа таратып бер» деген популистік саяси жеңіл ұрандарға көнбей, біз уақытша қиындықтарға қарамастан, ұзақ күндерге жететіндей қор жасап, қаражат жинадық. Нәтижесінде, бүгін жыл сайын көбейіп отырған әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландырып қана қоймай, индустриялық бағдарламаларды жедел дамытуды жоспарлауға мүмкіндік алып отырмыз.
Әлемдегі дағдарыс бізге жаһандық экономиканың «әлсіз тұстарын» көрсетті. Себебі қазіргі төрімізге шығарған «классикалық» деп аталып жүрген экономикалық теория қаншалықты мықты болғанымен, дәлелденбеген ғылыми жорамалдар негізінде құрылған. Сөйте тұра, ол тез арада бүкіл әлемде шаң жуытпайтын «ақиқатқа» айналды. Дегенмен қазіргі кезде осындай «ақылгөй» ғылыми теориялар мен оларға негізделген кейбір ойға сыймас «ақыр заманғы» болжаулар орындала қоймағанымен, дағдарыс өзінің теріс әсерін байқатып үлгерді. Осы теориялардың қателіктерін дамыған елдердің өздері де бірінші болып сезінді. Сол себептен, олардың айтқандарын барлығын ақиқат деп қабылдамауымыз керек. Халық даналығына сүйенсек, ең бастысы, ырыс-береке байлықта, алтын-мұнайда емес, ауызбірлік пен қолдағы барды ұқсата білуде деп ойлаймын.
Түйін
Профессор Майкл Клэйр «Ресурстар үшін соғыс: жаһандық жанжалдың жаңа ладшафты» кітабында «Келешекте Каспий өңірі әлемдік саясат пен экономикаға ықпал ету жағынан Парсы шығанағындағы мұнайлы елдерден қалыспайтын болады» деп жазады. Алайда тек осы мұнайға сүйенген елдердің экономикасы көпке бармайды деп ескертеді. Қазір әлемдік мұнайдың барланған қоры 1 трлн баррельдің ар жақ-бер жағында. Бұл адамзат осы күнге дейін пайдаланған «қара алтын» көлемінің бестен бір бөлігі. Әлемдегі мұнайдың нақты болжанған қоры қазіргі өндіріс қарқыны сақталған жағдайда 42 жылға жетеді екен. Егер үнемдеу тәсілін ойлап таппаса, мұнайдың әлемдік қоры бірнеше онжылдыққа ғана жетеді. Салыстырмалы түрде, көмірдің қазіргі қоры 1 трлн тонна болса, қазіргі тұтыну көлеміне қарағанда оның қоры 230 жылға жетуі тиіс. Оған қоса, «қара алтын» құнының шарықтауы немесе құлдырауы үздіксіз құбылыс болғандықтан, келешекте энергетикалық дағдарыс өрши түспек.