Қазақстан экономикасы қазір біреуден ілгері, біреуден кейін, өзінше дамып келеді. Алайда алға қойған мақсатымыз айқын: бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу. Ол үшін ең алдымен экономикамызды дамытуға тиіспіз. Оның өзінде де міндет – экономиканы нарықтың барлық тиімді тетіктерін жете меңгере отырып дамыту. Оның жолдары көп. Қазіргі кезде күн тәртібінде тұрған басты мәселе – экономикадағы мемлекеттік үлесті біртіндеп қысқарту. Жалпы, осы экономикадағы мемлекеттің үлес салмағы қанша болғаны дұрыс? Мамандар не дер екен?
Мұрат Темірханов, «Visor Capital» АҚ қаржы директоры:
иә
– Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту мәселесінің көтеріліп жүргені бүгін емес. Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында былай делінген: «Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай ең аз дегенде екі есе өсуге тиіс.
... мемлекет өзінің рөлін өзгертуі тиіс. Бізге кең ауқымды жекешелендірудің екінші толқыны қажет. Бұл оңай қадам емес, өйткені мемлекет пен нарық арасындағы жауапкершілікті қайта бөлісуді білдіреді. Бірақ біз экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін соған баруымыз керек.
Жеке бизнес әрқашан және барлық жерде мемлекеттен гөрі тиімдірек әрекет етеді. Сондықтан біз стратегиялық емес сипаттағы кәсіпорындар мен қызметтерді жеке қолға беруге тиіспіз. Бұл – отандық кәсіпкерлікті нығайту үшін аса маңызды қадам». Экономикадағы мемлекеттің емес, керісінше, нарықтың үлесін арттырудың маңыздылығы жуырда өткен Еуразиялық форумда да жақсы көтерілді. Рас, әлемді дағдарыс шарпып өткен кезде, экономикада мемлекеттің белсендірек болуына тура келді. Ол сын сәт еді. Нарықтық экономиканың заңы бойынша мемлекеттің нарық саласындағы үлесі мен мөлшері аз көлемде болуы керек. Десек те, дағдарыс кезінде мемлекет пен жеке секторды үйлестіру қажет болды. Сөйтіп, мемлекеттің экономикадағы әсері күшейіп, үлесі артқан болатын. Енді нарық механизмдерін күшейту керек . Бұл – ең дұрыс бағыт. Еліміздің әл-ауқатын көтерудің бірден-бір жолы – осы. Мемлекеттің осындай міндеттеме қоюы –«жеті рет өлшеніп барып, бір рет кесілген» қадамы. Алайда бұл жерде мынаны ескерген жөн: нарықтық экономикадағы мемлекеттің рөлін қысқартуға тек Үкімет қана емес, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы да мүдделі болуы тиіс. Оның үстіне, «Атамекен» одағының Үкіметке ықпал етуге толық құқықтары бар.
Менің ойымша, кең ауқымды жекешелендіру кезінде мынандай тетіктерді ұмытпаған абзал:
1.Бұл үдеріс, негізінен, нарықтық экономикадағы мемлекет үлесін жаппай азайтуға бағытталуы тиіс. Өйткені Үкімет коммерциялық активтердің бірін сатып жатса, екінші жағынан, керісінше, сатып алып жатады.
2.Жекешелендіру кезінде нарық құралдары пайдаланылуы керек, яғни IPО арқылы. Оның өзінде бізге тиімдісі – Қазақстанның қор биржасы екенін ұмытпайық. Біздің тұрақты экономикамыздың арқасында шетелдің әлеуетті инвесторларының біздің сапалы қазақстандық эмитенттерге қызығушылығы бұрынғыдан да арта түспек.
3.Ұлттық IPО-мен шектеліп қалуға болмайды. Ондай жаппай жекешелендіруге қарапайым халық жаппай атсалыса алмайды. Сондықтан әлеуетті инвесторларды тарту керек. Міне, сонда нағыз нарықтық экономика, оның өзінде әлемдік нарыққа шығуға қауқары бар экономика жасай алған болар едік.
4.Жекенің қолына өткен компаниялардың стратегиялық маңыздылығына қатып қалуға болмайды. Егер Үкімет стратегиялық компаниялардың 30 пайызын сатса, бұл мемлекет барлық бақылауды қолдан шығарып алды деген сөз емес. Керісінше, мемлекеттік кәсіпорындардың айқындығының артатындығын, корпоративтік басқарудың жақсаратындығын және бәсекеге қабілеттілік күшейетіндігін ескерген жөн. Тағы бір мәселе – биржаға шығатын халықтық IPO-ның үлесін арттыру қажет.
Алғатбек Қыдырбекұлы, экономика ғылымының докторы:
жоқ
– Негізі, мұндай үдерісті нарық өзі реттеп отырады, былайша айтқанда, екеуінің біреуінің күш алуы – экономикалық жағдайға да байланысты өзгеріп отыратын құбылыс. Жалпы, мен өз басым, біздің елдегі ахуалды ескерсек, мемлекеттік үлестің көбірек болғанын қалаймын, яғни аралас экономика. Кейбір кездері мемлекет түгелімен, яғни 100 пайыз өз меншігіне алып, өзі тікелей басқару керек болады. Оған әлбетте мемлекет толықтай дайын болу керек. Соған шама-шарқы жетсе, әрине. Мұндай тәсіл негізінен социализм дәуірінде қолданылады.
Классикалық капитализм үстемдік құрған кезде мемлекет экономикаға кіріспейді. Оның барлығымен жеке кәсіпкерлер өздері айналысады. Ал социализм кезінде барлық меншік мемлекеттің қолында болғандықтан, экономиканы толықтай мемлекет өзі басқарады.
Осы екеуінің ортасында аралас экономика деген бар. Дәл қазір біз үшін ең дұрысы – осы. Былайша айтқанда, кәсіпорындар жартылай нарықта, жартылай мемлекетте болғаны абзал. Мұндай жағдайда мемлекет ілдалдап қалған өндіріс орындарын қанатының астына алып, ол аяғынан тік тұрып кеткенше қаржылай қолдау көрсетіп отыруы керек. Мемлекеттің көмегімен ол көтеріліп алады. Содан кейін мемлекет оны қайтадан жекеге сатып жібереді. Одан түскен ақшаны тағы бір тұралап қалған бизнеске жұмсайды. Осылай мемлекет нарықтық экономиканы басқарып отыруы тиіс. Мемлекеттік басқару дегеніміз, міне, осы. Әрине, мына нарық заманында енді социализмдегідей барлығы мемлекет меншігіне өте қоймас, ондай болса, тым құрығанда аралас экономикадан айырылып қалмасақ болды.
Үкімет басындағылардың позициясын өз басым еш түсіне алмаймын. Айқын бағыт-бағдар жоқ сияқты. Соның салдарынан да болар, қазір экономикамызда қолға алынған бастамалар аяқсыз қалып жатады. Экономикамыз дәл қазір аласапыран кезеңде тұрғандай.
Айта кетейін, «мемлекет тарапынан экономикаға кірісу – мемлекеттік басқарудың тиімсіз жолы» деген қағида сонау 1790 жылдары Адам Смиттің теориясына негізделіп айтылған. Үкіметіміз соны басшылыққа алатын сияқты. Экономиканы дамытудың барлық жолдарын зерттеп шыққан капиталистік дамушы елдер мұндай формадан бас тартып жатыр. Сөйтіп, олардың өздері КСРО-ның механизмдерін дұрыс деп тапты.
Өкінішке қарай, бізде барлығы талан-таражға түсті. Әкімдіктер, министрліктер отырған ғимараттардан басқа мемлекет қолында ештеңе жоқ. Азын-аулақ бар шығар. Оларды мемлекеттік деп айтуға да келмес.
Қазақстанда мұнай мен металлургия саласы ғана дамып келеді. Қалғандарының барлығы тұралап қалды. Соларды дамыту үшін мемлекет барлығын қолына алулары керек еді. Экономиканы дамыту үшін мемлекеттік басқару тәжірибесіне көшуіміз керек. Егер экономикадағы мемлекеттік үлесті 50 пайыздан асырсақ, нарықтың дамуын тежемейміз, керісінше, дамытамыз.
Түйін
Сарапшылардың есебінше, бүгінгі күні ел экономикасындағы мемлекеттің үлесі 50 пайыздай. Ал мұндай салмақ, олардың ойынша, «нарықтың дамуына кері әсерін тигізбек». Бір жағы, олардыкі дұрыс та шығар. Алайда ұлттық экономиканың тірегі – стратегиялық нысандар екенін естен шығармаған жөн. Аты айтып тұрғандай, мұндай нысандар қауіпсіздігі үшін мемлекеттік үлестің сақталуы ауадай қажет. Халықаралық тәжірибе де экономиканың стратегиялық салаларына шетел инвестициясын шектеу қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Ал біздің жағдайымызда мұндай маңызды салаларда шетелдіктердің, яғни жекеменшіктің үлесі зор. Сондықтан бізге ондағы мемлекеттік үлесті арттыру мәселесін көтеретін уақыт жеткен жоқ па?!