Эфирдегі жарнаманың шамадан тыс жиі берілуі тұтынушы құқығын бұзу емес пе?

Эфирдегі жарнаманың шамадан тыс жиі берілуі тұтынушы құқығын бұзу емес пе?

Мойындауымыз керек, бүгінде ақпараттық ғасыр десек, соның ең бір түкірігі жерге түспей тұрған жанры – жарнама. Жаһанды қазір жарнама жаулап алды, жарнама билеп тұр десек те жаңылмайтын секілдіміз. Көше, қоғамдық көлік т.б. айтпағанда, үйден шықпай-ақ ол сізді көгілдір жәшіктің ішінде күтіп алады. Жарнаманың жиі шығатыны, тіпті сықақшы Жанатбектің «Әжептәуір жарнама көріп отырсаң, арасында жылт-жылт етіп кино бөле береді» деген әзіл-әжуасы ел-жұрттың көкейіндегісін дөп басып, хит-әзілге айналды десе болғандай. Себебі оның негізінде шындық жатыр. Олай болса, эфирде жарнаманың шектен тыс жиі шығуы көрермен кұқығын бұзу емес пе? Осыны ақылға салып көрелікші.


Заря ЖҰМАНОВА, журналист:
иә
– Иә, меніңше, жарнаманың шектен тыс көп берілуі – көрерменді сый­ла­мағандық. Бұрындары бір фильмнің ара­сын үш-төрт рет, ары кеткенде бес рет жар­нама бөлетін болса, қазір тіпті бес минут сайын жылт етіп жарнама шы­ға ке­леді. Тіп­ті кейде жарнамаға елігемін деп, өзің­нің не көріп отыр­ғаныңды ұмытып қа­ласың, ұмытпа­ған­ның өзінде оның не­ден басталып, оқи­ғаның не жайлы бо­лып жатқанынан жа­ңылып қаласыз. Ал енді осы көрерменнің көңіл күйімен ой­нау емей немене?
Әрине, жарнама – табыс көзі. Сол арқылы арналар өз шы­­ғындарын ақтап, бәлкім, жыртығын жа­мап жатқан шығар. Бірақ оның да жө­ні бар емес пе? Жекеменшік арналар бол­са, түсінуге болады, яғни олар қайт­се де өз күндерін өздері көруі тиіс.
Ал мемлекеттік арналарға бюджеттен ақша бөлінеді емес пе? Ендеше мемле­кеттен ақшаны бір алып, жарнамадан тағы табыс тауып отырғаннан кейін ол телеарна басшылығында да қанағат деген болмай ма? Жарнаманы сәл азайтқаннан олар ұтылады деп әсте ойламаймын. Азайту  деген – жарнамадан бас тартып, эфирге жібермей қою емес, оны уақытқа дұрыс бөліп, жиілігін реттеу деген сөз.
Мен күндізгі уақытта ел мүлдем теле­ди­дар қарамайды дегенмен келісе алмай­мын. Себебі үйде отырып, сериал жібер­мейтін әйелдер бар. Олар үшін сериал жай нәрсе емес, ол – тұтас өмір. Өзінде жоқпен сонда қауышады, армандайды. Міне, нағыз жарнаманы да, тауар­ды осындай үй ханымдарына көрсету ке­рек. Ал жұмыс­бастылардың қайта миы шар­шаулы. Олар күні бойы қызметтен шар­шап келгенде, үйде тек демалуды ойлайды, тіпті теле­дидар қоспайтындары да көп. Оның бір­ден-бір себебі де – осы жарнама. Жақсы бір дүние көріп келе жатсаң, жылт-жылт етіп жарнама шыға береді. Ондайда үй ішінде отағасынан бас­тап «ту, мыналар да бір шаршатты-ау» деп көріп отырған ар­насын кілт бұрғанын не тіпті теледидарды сөндіріп те тастағанын өзім көріп жүрмін талай. Олай болса, эфир­де жарнаманың тым жиі беріліп кетуі тұтынушы құқын бұзып қана қоймай, олардың жүйке жүйесіне кері әсер етіп те жатыр.  Бұған бір шара қолданатын кезге жеттік қой?! Бастапқы кездегідей еліміздің жағ­дайы нашар емес, экономикалық жағ­да­йымыз біршама тұрақталды. Біздің кө­рер­меніміз де қазір бір кездегідей жар­тылай қарны аш адамдар емес, олар зиялы, олар ненің не екенін парықтай бі­летін, өз қалауы бар қауым. Ендеше елінің әрбір тұрғынын сыйлайтын, оның қалауы­мен санасып, мүддесін қорғайтын арна бол­са, ол табыс көзінен де көрерменін жо­ғары қоя білуі керек.


Серік АБАС-ШАХ, телепродюсер:
жоқ
– Сұрақтың бұлай қойылуының өзі, меніңше, біртүрлі секілді. Ақылға салып көріңізші, жарнамасыз арна бола ма? Мейлі ол мемлекеттік арна болсын, мейлі жекеменшік арна бол­сын жарнама – ең негізгі табыс көзі. Сон­­дық­тан жарнама­ны тарата білу керек, жарнамаға да қолы жеткен арна ие болады. Неге? Өйткені жарна­ма беруші оның көрерменге жет­кенін, одан қандай да бір нәтиже бол­ға­нын қалайды. Сондықтан оны да рей­тин­гі жоғары бағдарламалар не кино­ның арасында береді. Енді осыдан-ақ өзіңіз байқап тұрған шығарсыз, жар­нама – тек қана ақша көзі емес, сол арнаны ынталандырушы да күшке ие.
Қазір қай арна үшін де ең бірінші орын­да  рейтинг деген мәселе тұра­ды.
Нарықтың басты заңы бәсекеге төтеп беру үшін арнадан берілетін бағдарла­малар мен кинофильмдердің рейтингі жо­ғары болуы керек, яғни неғұрлым көрер­мен көп көрген сайын, рейтинг де жоғары болады. Ал жарнама рейтингі жоғары бағдарламалар арасында көп беріледі. Ал рейтинг жоғары болу – телеөнім сапасы­ның жоғарылығының дәлелі. Сапасыз дүние­де рейтинг төмен болатыны айтпай-ақ түсінікті.
Жалпы сапалы, жақсы нәрсеге ұмтылу – адамның табиғатына тән құбылыс. Айта­лық, ең қарапайым моншаға барсаңыз да, сіз оның жақсы монша болғанын қа­лай­сыз, мейрамхананың да жақсысына барғыңыз келеді. Сол сияқты жарнама беру­шілер де өз өнімдерінің көрермен асыға күтетін жақсы бағдарламалар мен фильм­дер арасында кеткенін қалайды.
Өзіңіз де білесіз, күндіз жарнама аз, тіпті кей бағдарламалардың арасын бөле­тін жарнама да болмайды. Неге? Өйткені ол кезде адамдардың көбі жұмыста, теле­дидар көретіндер аз. Жарнама ұсыну­шылар өз өнімдерінің сондай «өлі» сағат­тарда көрсетіліп, солайша қаншама күш, қаражаттың желге ұшып кеткенін қала­майды. Ал прайм-тайм, яғни кешке үй іші түгел теледидар көретін уақыт – жарна­ма­ның нағыз жәрмеңкесі. Жарнама беруші­лер де сол уақытты сатып алуға тырысады. Ендеше көріп отырған телеөніміңіздің ара­сында жарнама жиі ұшырасса, қуаны­ңыз қайта, ол демек сапалы деген сөз, және арнаға жақсы қаржы түсіп жатыр. Ен­деше біреуге ұнамады екен деп, жар­наманы бермей қою дұрыс па?
Тұтынушы құқығы тапталды десек, оған бір мысал келтірейін. Айталық, ав­тобусқа отырған адам, яғни тұтынушы ақша­сын төлемесе, бензинсіз автобус жү­ре ме? Сол сияқты жарнама да – телеар­наның жанар-жағармайы. Жарнама – ар­на­лар үшін күнкөріс көзі. Ендеше, тұ­­­­тыну­­­шы да өзінің көріп отырған бағдар­лама не фильмінің уақыты ақылы екенін, ал сол ақыны өз қалтасынан емес, жар­нама берушінің қалтасынан шығып жат­қанын түсінсе, онда жоғарыдағы пікір­де бол­масы анық.

                                       Абай ОМАРОВ (коллаж)

Бейтарап пікір
Гүлназ Молдабергенова, журналист:
– Жалпы, кез келген ақпарат құралының қаншалықты күшке ие екендігін бүгінде оның мазмұнынан бұрын онда берілген жарнамаға қарап білетін күнге жеттік. Себебі жарнама – қаржы. Яғни басылымның не телеарнаның жарнамасы көп деген сөз – оның арқа сүйеуші күші мықты деген сөз. Алайда екінші бір жағынан біз мазмұн дегенге, сосын оқырман, көрермен санасы дегенді де ұмытпауымыз керек. Оны құр жылтыраған жарнамамен толтыру деген – өз ұлтыңа қиянат жасау, яғни рухани тонау деген сөз. Себебі жарнама тек материалдық құндылықтарға ұмтылдырады. Біз осы жағын да ұмытпауымыз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста