Эфирдегі қазақ тілінің 50 пайыздық үлесінің орындалу мерзімін созбай, дереу жүзеге асыра аламыз ба?

Эфирдегі қазақ тілінің 50 пайыздық үлесінің орындалу мерзімін созбай, дереу жүзеге асыра аламыз ба?

Кеше елордада отандық телеарналардың мәселесін қараған жиын өтті. Онда телерадиохабарларды тарату жөніндегі заң жобасын әзірлеуге қатысты бірқатар мәселе талқыға түсті. Сонда қазақстандық телеарналардағы 50 де 50 принципінің толыққанды жүзеге асырылмай отырғандығы өзекті мәселе ретінде ортаға тасталды. Себебі арнайы заңда көрсетілгендей, «қазақтілді хабарлардың үлес салмағы 50 пайыздан кем болмауы тиіс» деген талапты біз осы уақытқа дейін орындай алмай отырмыз. Елімізде хабар тарататын телеарналар жиынтығын алып қарасақ, қазақ тілінің көрсеткіші небәрі 10 пайыздың төңірегінде ғана екен. Алайда мамандар бұл мәселені шешуді 2015 жылдарға шегере тұруды жөн көріпті. Осылайша теледидардағы қазақшамыздың жағдайы әл-әзір оңала қоймайтын сияқты. Ал біз эфирдегі қазақ тілінің үлесін 50 пайызға жеткізу мерзімін созбай, дереу жүзеге асыра аламыз ба? Бұған сіз не дейсіз?

Серік Әбікенұлы, «Алматы» телеарнасы бас директорының орынбасары:
Иә

– Заң бойынша отандық теле­ар­на­лардағы қазақ тілінің үлесі 50 па­йыз­дан кем болмауы керек. Демек, бұл көрсеткіш бұдан да көп болуы мүм­кін. Алайда көптеген арнадағы ана тіліміздің арасалмағы 50 па­йыз­дан анағұрлым төмен болып тұр­­ғаны жасырын емес. Кейбіреуінде бұл көрсеткіш жоғары шығар. Бірақ мә­селе санда емес, сапада болса ке­рек. Күні кеше ғана Астанада өт­кен бір жиында тағы да телеарналар­да­ғы қазақ тілінің жағдайы сөз бо­лып­ты. Жиналғандар «телеэфирдегі қазақ тілінің 50 пайыздық үлесінің орындалу мерзімін тағы да 2015 жылға дейін соза тұру керек» деген­ді айтыпты. Тіл мәселесін бұлай са­ғызша соза беруге бола ма? Осы бастан қолға алмаған мәселе ертең шешіле қойылатынына кім кепілдік береді? 
Қалай десек те, біз осыдан біраз жыл бұрын 50 де 50 деген қағиданы шығарып алдық та, оны заң жүзінде бекітіп қойдық. Бір жағынан, мемлекеттік тілге жасалын­ған қамқорлық болып көрінгенімен, екінші жағынан, бұл – орыстілді хабарлардың кең қанат жаюына зор мүмкіндіктер беріп отыр­ған заң. Таяуда ғана мемлекет бас­шысы 2020 жылға қарай барлық қазақстандықтар қазақша сөйлейтін болсын дегенді қадап айтты. Ал ақпарат құралдары, оның ішінде теле­арналарымыз ана тілімізде толық сөйлей алмаса, халық қайдан қазақшаға бет бұра қойсын?!
Жақында менің қолыма телевизияға қатыс­ты жасалынып жатқан заң жобасы тиді. Оны мұқият қарап шығып, тиісті орынға өз ұсыныстарымды жібердім. Мыса­лы, аталған заң жобасында мемлекеттік тіл­дің кабельдік жүйедегі үлесі 15-20 пайыз деңгейінде ғана көрсетілген. Меніңше, бұл – тым аз. Бұл көрсеткіш кемінде 35 пайыз болуы керек. Қалай болған күнде де біз кабельдік жүйеде қазақстандық телеарналар үстемдік құрсын десек, мемлекеттік тілге деген талапты күшейтуіміз керек. Ал біз «те­ле­визия мамандары аз, заманауи техника­мыз жетілмеген, қаржы жеткіліксіз» деген сияқты жаттанды сылтаулар айтуға әуеспіз. Құдайға шүкір, бүгінгі Қазақстанның әлеуеті бәсекеге қабілетті телеарналар жасауға жетіп-артылады. Бұған тек құлық жоқ. Бізде заң жүзінде бәрі дұрыс шешілген сияқты. Бір­ақ сол заңдардың орындалу жағын қа­даға­лап отырған ешкім жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдың жүзі болды, бірақ біз телеарналарымыздың қазақшасын жөн­ге келтіре алмай, әлі әлек болып жүрміз.
Қазір кең қолданысқа ене бастаған спут­никті, кабельді арналардың арасында қазақ­тілді арналарымыздың үлесі ең төменгі саты­­да тұр. Есесіне, орыстілді арналар эфи­рімізді әбден жаулап алды. Еліміздегі ком­мерциялық мақсаттағы телеарналардан 50 пайыз қазақша табу қиын. Неге біз, жалпы, отан­дық телеарналардағы қазақша хабар­лар­да 50 пайыздық көрсеткішке байланып қал­дық? Бұл талапты телеарналарға ғана қоймай, жалпы, Қазақстандағы электронды бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілінің үлесі 70 пайыздан кем болмайтындай етіп бекітетін болсақ, ешкім бізді қолымыздан қаға қоймас.

Серік Абас-Шах, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:
Жоқ

– Ұлттық телевизияны дамыту үшін, ең алдымен, оның сапасын арт­тыруға күш жұмсау қажет. Теле­ар­налардағы қазақ тілінің үлес сал­мағын арттыру – эфирді ешкім көр­мейтін, қызықсыз, жеңіл-желпі бағ­дарламалармен толтыру емес.
Біздегі арналардың көбінде қа­зақ тіліндегі хабарлардың көрсе­ті­лімі прайм-таймға негізделмеген. Жалпы, мемлекеттік тіл мәселесі – елі­міздегі барлық саланың басты проб­лемаларының бірі. Осының ішін­­де телеарналардағы тіл жағ­­дайының ақсап тұрғаны рас. Менің­ше, қа­зіргі уақытта мемлекет бір те­ле­ар­на­ны қоғамдық деңгейде хабар та­ра­татын дәрежеге жеткізіп, оған бар­лық мүмкіндікті жасауға ты­ры­суы керек. Кәсіби білікті, мық­­ты ма­­­мандардың басын бірік­ті­ріп, жақ­сы бір арна жасауға болады. 
Бірақ бізге қазіргі кезде 50 де 50 прин­ципін бұзып, «100 пайыз қазақ тілінде хабар тара­татын арна жасаңдар» деген күннің өзін­де оның жұмысын игеріп кететін өзіміздің ма­мандарымыз жоқтың қасы. Ал рейтингі жоғары қазақтілді бағдарламалары көп отан­дық телевизия жасау үшін барлық мәсе­лені тек заңға тіреп қоя салуға болмайды. Сондық­тан да біз, ең алдымен, телевизия сала­сын өркендете алатын арнайы маман­дар­ды дайындап шығаруды қатар алып жү­руіміз керек. Өкінішке қарай, біз телеар­на­лар­дағы қазақтілді бағдарламалардың са­па­сы мен мазмұнын жуық арада жақсарта ал­­маспыз. Оның үстіне, жоғарыда отыр­ған­дар телевизия саласына қатысты кейбір мә­селелерді телеөндірістің өзіндегі қайнаған жұмыс­тың ортасында жүрген мамандармен ақыл­дасып шеше бермейді. Өз басым телеарнаның ішкі өндірістік шаруаларынан бас ала алмай, өз міндетімді шамам келген­ше атқарып жүрген адаммын. Сол себепті кей­бір үлкен мәселелерден шет қалып та жатамын. Осы тұрғыдан алып қарағанда, аталған мәселе төңірегінде айта қоятын нақ­ты ұсыныстар жасай алмаймын. Әйтсе де қа­зақ телевизиясының болашағы мені де алаң­датпай қоймайды. Қазақ теле­жур­налистикасы қазақтілді мамандарға зәру бо­лып отырғаны – шындық. Өз тәжірибемнен айтатын болсам, еліміздегі жоғарғы оқу орын­дарындағы журфак пен филфакті бітір­ген жастардың басым бөлігі кәсіби тұрғы­дан тым әлсіз. Ал осындай ортаңқол ма­ман­дармен отандық телевизияның сапа­сын арттыру оңай емес. Аталған фактор­лар­дың әсерінен эфирдегі қазақ тілінің 50 па­йыз­дық үлесінің орындалу мерзімі ұзарған үсті­не ұзара бермек. Жалпы, 50 де 50 прин­ци­піне жабысып, иек арта берудің қажеті жоқ. Бұл дегеніңіз, екі тілді арна жасаудан ажы­рамау сияқты көрінеді. Қостілді арна­ның жұмысын үйлестіріп, тұрақты аудитория қалып­тастыру өте қиын. Қажет болатын болса, «қазақтілді және орыс­тілді арналар» деп екі бөліп қойған жөн. Орыстілділер қазақтілді бағдарламалар­ды көрмейді. Олар «қашан орыс тіліндегі бағдар­лама бас­талады екен» деп қазақшасын қарап отыра бер­мейді. Мүмкін, белгілі бір телеар­наларда жар­ты күн қазақша, жарты күн орыс­ша ха­бар тарату қажет шығар. Егер де біз 50 де 50-ден арылғымыз келсе, ара­лас­тілді арна­лар­дан арылуымыз керек.

Қосымша пікір
Қанат Тілеухан,
тележурналист:
– Телехабарлар таратуға байланысты шығарылған заңдағы 50 де 50 талабы, біріншіден, орыстілділер үшін тиімді. Бірақ бізге ешкім мемлекеттік тілдегі бағдарламалар көрсеткішін 50 пайыздан асырмасын деп отырған жоқ. Айналып келгенде, бұл талапты орындау әрбір телеарна басшы­лығына байланысты. Өкінішке қарай, Қазақстандағы көптеген арна басшылары – орыстілді. Телевизияға бәлендей қатысы жоқ адамдар да осы салаға араласуда. Сонымен қатар біздегі телеарналар көп жағдайда белгілі бір топтық мүдделердің үдесінен шыға алмайды. Ал халықтың ақшасына күн көретін арналардың өзі халықтық сипатқа ие бола алмай отыр. Егер, шын мәнінде, қазаққа қызмет етемін, ұлттық телевизияны көркейтемін деген тұлғалар болса, оған ешқандай 50 деген көрсеткіштер қолбайлау бола алмайды. Бірақ ондай тұлғалар бізде жоқтың қасы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста