Соңғы кездері біз білімі мен білігі ұштасқан «интеллектуалдық ұлт» болуға, жаңа үлгідегі заманауи технологияларды игеруге талпыныс жасай бастадық. Бұл жағдайда мемлекет басты назарды жастарға аударып отыр. Десек те, дәл осы тұста біз өмірді енді тани бастаған балдырған ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыру жағын ескере бермейтін сияқтымыз. Ал ертеңгі болашағымыз болатын ұрпағымыздың тамырына рухани нәр бермей, біз ешқандай да «интеллект» иесі бола алмайтынымыз анық.
Кез келген саланы игеру үшін, ең алдымен, таным-білім керек. Ал әдебиет – ұшан-теңіз білімнің қайнар көзі емес пе?! Қазіргі қазақ баласы өз ана тіліндегі әдебиетке сусап отыр. Осы орайда «бүгінгі заманға сай балалар әдебиеті бар ма» деген сауал туындайды.
Сұлтан Қалиұлы, балалар ақыны, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері:
Иә
– Бүгінгі заманға сай балалар әдебиеті жоқ деп, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Біле-білсеңіз, балалар әдебиеті атамзаманғы ауыз әдебиетінен бастау алған. Қай кезеңде де бұл салада тоқтау болған емес. Әлі де жаңа дүниелер туып, жақсы шығармалар жазылуда. Қазіргі уақытта, әсіресе, балалар әдебиетін дамытуға елімізде ұйымдастырылып жатқан түрлі шығармашылық шаралар кәдімгідей үлес қосуда. Астана мен Алматы қаласы әкімдіктері, Мәдениет министрлігі мен кейбір баспалар, жекелеген кәсіпкерлер де балаларға арналған әдеби туындыларға ара-тұра болса да байқаулар жариялап келеді.
Мысалы, біраз жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бір ғана «Дарабоз» бәйгесі арқылы бірқатар балалар жазушыларының кітаптары шықты. Бұл – бір жағынан авторларға да тиімді.
Біріншіден, олардың жинақтары жарық көріп, қаламақыларын, сыйақыларын алады, екіншіден, біздің кішкентай оқырмандарымызға рухани олжа. Мұндай бастамаларға қашан да қолдау көрсетіп отыруымыз керек. Мұның өзін Бауыржан Оспанов сынды жекелеген іскер азаматтар қолға алып отыр. Жалпы, балалар әдебиеті дамымай отыр деген сөз, сол әдебиетті жасайтын ақын-жазушылардың еңбегін жоққа шығарғанмен бірдей сияқты. Айналып келгенде қаржы мен кітаптардың таралымына да көп нәрсе байланысты. Оның үстіне, мемлекеттік тапсырыспен басылатын бүгінгі кітаптардың таралымы екі мыңнан аспайтыны белгілі. Бұл, әрине, өте аз көрсеткіш. Бірақ осыған қарап, ештеңе жазылмай жатыр, дамымай жатыр деп айтуға болмас. Тағы бір назар аудартатын нәрсе, ол шетелдің мықты балалар жазушыларының шығармаларын, танымдық-энциклопедиялық кітаптарды қазақ тіліне аударып басу жағы да бізде жақсы дами бастады. Біздің балалар өзімізбен ғана шектелмей, сыртқы әлемді де танып-білуі керек емес пе?!
Бұған қоса, балар әдебиетінің дамып, қалыптасуына балалар басылымдары да атсалысып отыр. Алайда соңғы кездері біздің еліміздегі көптеген үлкен басылымдар балаларға келгенде сараңдық танытып отыр. Кезінде Шерхан Мұртаза ағамыз республикамыздың бас газеті саналатын «Егемен Қазақстаннан» балаларға жазылған шығармалар үшін арнайы орын бөлген болатын. Міне, осы дәстүрді басқа басылымдар қайта жаңғыртып, іліп әкете алса, бүгінгі заманға сай дамып отырған балалар әдебиетінің келбетін жан-жақты көрсете алар еді. Қарап отырсаңыз, бүгінде барлық басылымдарда міндетті түрде саясат, мәдениет, спортқа аса көңіл бөлінеді. Осы сияқты әр газет-журналдарда балалар әдебиетіне тым құрығанда бір айдар ашып қоюға болады ғой. Қазақ қаламгерлерінің ішінде балаларға жазатындары көп болмаса да, біраз бар. Соларға баспалар тарапынан тапсырысты молайту қажет. Қаншама жақсы дүниелер жарыққа шықпай жатыр?!
Ал бүгінгі балалар өз жазушыларын тани бермейді. Өкінішке қарай, көптеген оқулықтар мен әдеби, танымдық кітаптарда авторлардың аты-жөндері көрсетіле бермейді. Кейбір баспалар авторлық құқық жағын дұрыс сақтамайды.
Ендігі кезекте заман көшіне ілесіп келе жатқан балалар әдебиетін алыс ауылдарға жеткізуді ойластыру керек. Ал балалар жазушылары қандай қысылтаяң уақыт болмасын, ешқашан қаламдарын қолдарынан тастаған емес.
Есей Жеңісұлы, ақын, республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы:
Жоқ
– Әдебиет – тоқтамайтын процесс. Ендеше, балалар әдебиеті де әр кезеңде, өз деңгейінде көрініс тауып, қажетінше дамып отырады. Десек те, дәл қазіргі кезеңде балалар әдебиетін жасап, соның ыстық-суығына көніп жүрген кімдер деген сұрақ туады. Олар – Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Арасанбай Естенов, Сәкен Иманасов, Сұлтан Қалиұлы, Шәкен Күмісбайұлы сынды есімдері үлкенге де, кішіге де етене таныс қабырғалы қаламгерлер. Бұлар – балалар әдебиетінің майдангерлері әрі осы саланың әбден «жілігін шағып, майын ішкен» сөз зергерлері. Бүгінгі балалар әдебиетін осы кісілер ғана ұстап тұр. Ал оларға тыңнан келіп қосылатын шығармашылық күш-жігері бар жас қалам иелері әзірге жоқтың қасы. Мысалы, жазушы Шәкен Күмісбаев ағамыз өзі бас болып жүріп, «Жер-Су» корпорациясы басшылығының тілін тауып, балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» деген бәйге жариялады.
Бұл, әрине, игі бастама. Әйтсе де осы бәйге ұйымдастырылған үш жылда жас қаламгер арасынан тек бір ғана Дархан Бейсенбекұлы деген жігіттің шағын әңгімесі жүлде алып, кейін жинаққа енді. Республикамызда жарияланып жүрген басқа да байқауларда жас авторлардың есімдері аталмайды. Мәдениет министрлігі бүгінгі пьесаларға байқау өткізіп жүр. Онда да балалар тақырыбына жазатын жас драматургтердің қарасы көрінбейді. Демек, бізде балалар әдебиетіне жазатын жастар жоқ деген сөз. Бұл жанр бүгінде жаңа есімдерге зәру. Мұның бір себебі, әдебиетке келген жастардың балалар тақырыбына жаза алмайтындығында. Бұл аз десеңіз қазіргі қалам ұстаған жастардың көбі балаға арнап шығарма жазуды соншалықты дүние емес деп, қомсынатындары да бар. «Тақпақ жазып қайтеміз!» дейді. Осыдан екі жыл бұрын Баянауылда жас қаламгерлердің үлкен форумы өткен. Сонда әр жанр бойынша семинарлар болды.
Өкінішке қарай, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған таңдаулы деген жетпіске тарта жастардың арасынан балалар әдебиетіне ден қойған бір ғана қыз бала бар екен. Оның өзі бүгінде сол қырынан көрінбей кетті. Бұл ретте біз балалар басылымдары арқылы болса да осы жанкешті жанрды жанына серік еткен жастарды тауып, шығаруға тырысамыз. Әйтсе де бізге хат арқылы алыс аймақтардан балаларға әңгіме, өлең, ертегі жазып жіберетіндер де негізінен сол ересек адамдар. Бұған қоса, жалпы әдебиетті дамытуда біз заманауи технологиялардың көмегіне аса жүгіне бермейміз. Жазушылардың пиары, яғни жарнамасы жоқ. Сондай-ақ ұлтымыздың бай фольклорлық мұрасын, ондағы ғажап кейіпкерлерді бүгінгі әдеби айналымға енгізе алмай отырмыз.
Шындығына келгенде біздің бүгінгі қоғам мен билік балалар әлемінен алыстап кетті. Қазір балабақша мен мектептерде балалармен тиісті деңгейде жұмыс жүргізілмейді. Олар әдебиеттен жырақтап қалғандай. Біз, керісінше, технократ ұрпақ тәрбиелеп келеміз. Рас, қазір түрлі кітаптар басылуда. Бірақ олар бәріне жетпейді, әрі қымбат. Амалсыз орыстың полиграфиялық сапасы мықты әрі арзан кітаптарына қол созамыз. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын әдеби, танымдық еңбектердің ішінен қазақ балалар әдебиетіне арнайы қаржы бөліп, жағдай туғызу жағы ескерілмеген. Меніңше, мықты мемлекет құрғысы келген кез келген ұлт бірінші кезекте өз ұрпағының саналы, білімді болып қалыптасуына мүдделі болуға тиіс.
Бейтарап пікір
Әлия Бөпежанова, сыншы:
– Қазақ балалар әдебиеті кезінде мықты дамыды. Нәтижесінде миллиондаған, оқырмандардың жүрегін жаулап алған айтулы шығармалар дүниеге келді. Бердібек Соқпақбаев, Марат Қабанбаев сынды таланттардың балаларға жазған классикалық дүниелері әлі күнге дейін оқылады. Қазіргі кезде елге танылып, атақ-дәрежеге жеткен қаншама үлкен ақын-жазушылар әдебиеттегі қадамдарын осы балалар әдебиетінен бастаған. Өкінішке қарай, бүгінгі жастардың арасында балалар тақырыбына қалам тербеп жүргендер аз. Әзірге бұл төңіректе баланың жүрегіне жеткен, өміршең туындылар шыға қойған жоқ. Негізі, балалар әдебиетінің бүгінгі заманға сай дамуы үшін оны жанр тұрғысынан да жалпы әдебиеттен жеке-дара қарастыруға болмайды. Қаламгерлерге де нақты қамқорлық қажет. Ал дәл қазіргі уақытта әдебиет төңірегінде шешімін таппай отырған мәселелер жетерлік. Бір ғана кітап шығару мен тарату ісінде қаншама кемшін тұстар бар?! Бұл – үлкен проблема.