Биологиялық зерттеулер орталығын жабу биология ғылымына кері әсерін тигізбей ме?

Биологиялық зерттеулер орталығын жабу биология ғылымына кері әсерін тигізбей ме?

Ғылым мен білім саласындағы соңғы өзгерістер ғылыми орталықтарды оңтайландыру жөнінде болды. Бұған дейін де Алматыдағы саны көп ғылыми орталықтар мен институттардың қоғамға берер пайдасы мен зияны туралы әңгіме жиі айтылып жүрген еді. Алайда оңтайландыру жүйесін ести салысымен Биологиялық зерттеу орталығының ғалымдары бұл өзгеріске қарсы шықты. Іле- шала Ұлттық ғылым академиясының бірқатар академиктері орталықтың жұмысын тоқтатқаны дұрыс деп мәлімдеді. Әзірге зерттеулер орталығына қатысты ел ғалымдарының пікірі екіге жарылып отыр. Біз де өз тарапымыздан Биологиялық зерттеу орталығын жабу биология ғылымына кері әсерін тигізбей ме деген сауалды ғалымдар назарына ұсынып көрген едік.

00160

Талқыбек ЖҰМАДІЛОВ, химия ғылымының докторы, профессор:

Иә
– Биологиялық зерттеулер орталығын жапқан жағдайда оны акционерлік қоғам (АҚ) негізінде құру көзделіп отырған сыңайлы. Ал АҚ құру кейбір нәрселерге шектеу алып келеді. Және мұның ғылым саласына тигізер зияны да болмақ. Себебі институттар АҚ-қа айналған жағдайда мемлекет оларды қаржыландыруды өз мойнына алмайды. Осы уақытқа дейін онсыз да ғылымға жағдай жасалмағанының кесірінен талай жастар ғылымнан кетіп қалды. Ал ғалымдардың ғылымды тастап кетуі ғылымға келген зиян емей немене?!

Бұрын бізге жастар не ғылыми атақ қорғау үшін, не үй алу үшін келетін. Себебі біздегі жалақы көлемі онсыз да мәз емес. 2010 жылдан бастап ғылыми атақ қорғау деген жүйені де алып тастап жатыр. Ендеше, ғылымға кім келеді? Не үй бермесе, не жалақысы дұрыс болмаса ғылымнан кім не іздеп келеді?

Әлі күнге ғылым туралы заң қабылданған жоқ. Оның үстіне АҚ болып қалыптасқан мекемені кез келген адамның сатып жіберуіне немесе сатып алуына болады. Ал сатылымда жүрген, біреудің құзырында жұмыс істейтін ғылымның ешқандай маңызы жоқ. Осылайша ғылыми мекеме жекеменшік мекемеге айналады. Жекеменшік мекемеге айналған соң ондағы көпшіліктің интеллектуалдық меншігі де жоғала бастайды.

Институтта 40-50 жыл істеген адамның институтқа пікір айта алатын құқығы болуы керек, ал АҚ-қа айналған жағдайда кім көрінгеннің қол жаулығына айналған институтқа ғалымдардың пікірін өткізе алатындай құқы қалмайды. «Биологиялық зерттеу орталығын тек қана хат тасушы делдалдың рөлін ойнап отыр деп те кінәлау орынсыз. Себебі бұл жерде басты мәселе жоғары басқарушы орындарда, олар зерттеу орталығының толық жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр. Толық құрамда олардың жұмыс істеуіне жағдай жасалғанда ғана оларға талап қоюға болады.

Еліміз бойынша ғылыми зерттеу орталықтары мен институттар көбейіп кетті деуге де болмайды. Біздің мемлекетіміздің ауқымына қарағанда олардың саны көп емес. Дүниежүзілік тәжірибеге көз жүгіртсек те жағдай осындай. Кеңес Одағы кезеңінен бастап қарағанда бізде іргелі зерттеу орталықтары қалыптасқан. Тек олардың инфрақұрылымын сақтай отырып, өзгеріске ұшырату қажет. Кез келген нәрсені бұзу оңай, құру қиын. Сондықтан бірнеше институттың басын біріктіріп отырған орталықты жабу дұрыс емес.

00259

Әлихан МЕЛДЕБЕКОВ, ҰҒА-ның академигі:

Жоқ
– Жоқ, Биологиялық зерттеу орталығын жабудан ғылымға келіп – кетер ештеңе жоқ. Өйткені бұл орталық ешқандай ғылыми жұмыс жасап жатқан жоқ. Ендеше, биология ғылымына да төніп тұрған қауіп жоқ деп айтуға болады. Бүгінде бұл орталық бар болғаны «аралық буын» болып табылады. Олардың істеп отырған қызметі тек Ғылым комитетінен келген хаттарды ғылыми институттарға жібереді, ал институттардан келген хаттарды керісінше, комитетке жібереді. Олар бар болғаны екі ортадағы хат таситын делдал. Ал ғылымға ондай қызметтің, ондай құрылымның қажеті қанша?

Жалпы, елімізде осы тектес институттар мен ғылыми орталықтар көп деп естимін. Мәселен, ботаника, зоология, адам және жануарлар физиологиясы, генетика институттары еліміз бойынша жалғыз. Ал біздің салада осыдан үш-төрт жыл бұрын арнайы Биологиялық зерттеу орталығын құрды.

Қызметі бойынша бұл орталық Ғылым комитетін қайталап қана отыр.

Алайда осындай мекемені ұстау үшін мемлекеттен жылына 20 млн 880 мың теңге жұмсалуда. Егер орталықты жапсақ бұл ақша ғылым саласын дамытуға жұмсалар еді. Олардың айлық орташа жалақысы 102 мың теңгені құрайды, ал бұл еншілес ұйымдардағы қызметкерлердің орташа жалақысымен салыстырғанда үш-төрт есе артық. Мәселен, кез келген институттағы кіші ғылыми қызметкердің айлығы 26 мың теңге болса, профессордың айлығы 52 мың теңге.

Олар ғылыми жұмыспен айналыспаса да бізден осынша көп алады және оларда екі көлік пен көлік жүргізушісіне дейін бар. Ал біздің институтта үш ҰҒА академигі, 20-дан астам ғылым докторы мен 40-қа жуық ғылым кандидаты болса да мұндай жағдай жасалмаған. Зерттеу орталығы құрылған кезден бастап біз мұндай орталықтың артық әкімшілік басқарушы құрылым екенін айттық. Орталық құрылғалы қарамағындағы бес институттың да басшыларын ауыстырды.

Себебі оларға директорларды, зертхана меңгерушілерін тағайындау секілді үлкен құзырет берілген. Бұл басқарушы құрамның да біршама әлсіреуіне алып келді. Мәселен, үш жыл ішінде Ботаника институтында төрт директор ауысты, институттан төрт ғылым докторы кетіп қалды. Орталық ғылымға да қамқор болып жарытпады, осы уақытқа дейін шетелмен барып тәжірибе алмасқысы келетін талай ғалымдардың шалғайынан тартып бақты.

Сондықтан мұндай орталық құрғаннан гөрі институттардың мәртебесін республикалық мемлекеттік кәсіпорындар деңгейіне дейін көтеріп, оларды ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылым жөніндегі комитетіне тікелей бағындыру керек. Есесіне аралық буындарды жойып, тікелей ғылыми зерттеулер жүргізетін ғалымдардың мемлекеттік қаржыландыруда кездесетін кедергілерді жою қажет. Осы орайда мемлекет тарапынан талап етіліп отырғанындай Биологиялық зерттеулер орталығының құрылымын оңтайландыру бүгінгі күннің талабына сай келеді.

Бейтарап пікір

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы:
– Қазіргі уақытта біздің еліміз ғана емес, жалпы дүниежүзі дүниенің кілті ғылымда екенін ұғып, ең бірінші кезекте ғылымға жағдай жасауда. Ал біз осыған дейін әсіресе нарықтық экономика кезеңінде қолданбалы ғылымымыздан айырылып қалдық. Соңғы жылдары ғана Қазақстан ғылымын өркендету туралы жақсы сөздер айтылуда. Бүгінгі күні біздің ғылым саласына аударып отырған ақшамыз ішкі жалпы өнімнің 0, 24 пайызынан аспай отыр. Ал шетелдерде ішкі жалпы өнімнің 2-3-4 пайызына дейін ғылымды дамытуға жұмсайды. Жекеменшік зерттеу институттарын ашатын болсақ, мемлекеттің есебіндегі зерттеу орталықтарының есебінен ашу қажет емес. Ал Биологиялық зерттеу орталығы қарамағындағы институттарға ғылыми методикалық бағыт-бағдар беріп отырса, қалдыруға болатын еді. Алайда бұл орталық бүгінде өз дәрежесінде жұмыс істемей отырған секілді. Өз дәрежесінде жұмыс істей алмайтын ғылыми-зерттеу орталығының қажеті жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста