Соңғы кезде еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір талаптары қоғам наразылығын тудыруда. Тіпті «барлық кәсіпорынға өртке қарсы қызмет мекемесімен келісімшартқа отыруды міндеттеу керек» деген талабы әсіресе бизнес қауымдастықтың үдере қарсылығына тап болды. Жалпы, бұл талап орынды ма, әлде орынсыз ба? Бұл ретте мамандар пікірі екіге айырылды.
Бақытжан МҰЗДАҚБАЕВ, Түркістан қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, өртке қарсы қызмет капитаны:
иә
– ҚР «Өрт қауіпсіздігі туралы» Заңының 25-бабында «Өрт қауiпсiздiгi мен өрт сөндiрудi қамтамасыз ету ұйымдарының басшыларына жүктеледi» делінген. Сондай-ақ «кез келген мекеме өз қаражаты есебінен ұстайтын мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті осы заңда белгіленген тәртіппен құруға, қайта ұйымдастыруға және таратуға, сондай-ақ шарттар негізінде мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті тартуға міндетті». Мәселен, жеке кәсіпкер дүкен ашсын, кафе, мейрамхана ашсын, тіпті мектептерге дейін өрт қауіпсіздігін сақтауды талап етеміз. Енді ол мекеме болғаннан кейін оған жан-жақтан адамдар келіп-кетеді. Сондықтан халықтың қауіпсіздігі үшін кез келген мекеме өртке қарсы қызметтік жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жерде кәсіпорындар мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарымен емес, жеке өрт сөндіру фирмаларымен келісімшартқа отырады.
Өртке қарсы жеке фирмалар мекемелерге ұнтақты өрт сөндіргіш, өртке қарсы сигнал беру жүйесін орнатады, өрт болған жағдайда шатырлар тез жанып кетпес үшін шатырларға химиялық қоспасы бар сұйықтықтар жағады. Келісімшартқа отырғаннан кейін өртке қарсы жеке фирмалар кестеге сәйкес орнатқан жабдықтарының барлығын ай сайын тексеріп тұрады. Дабыл қаққыш істеп тұр ма, ұнтақты өрт сөндіргіш таусылып қалмады ма – барлығын қадағалайды. Ал мектептерге өртке қарсы қауіпсіздік шараларына бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді. Өртке қарсы жеке фирмалар тендер арқылы мемлекеттік мекемелерге түрлі жабдықтар орнататын болады. Бұл жерде өртке қарсы жеке фирмалардың түрлі өрттердің алдын алуға үлкен септігі тиеді.
Шынында да, қазір қарап тұрсаңыз, көптеген кәсіпорын өрт сөндіру жабдықтарымен толық қамтамасыз етілмеген. Көбі оны орындағысы келмейді де. Егер кәсіпорындармен осындай келісімшарт болса, онда өрт сөндірудің автоматты жабдықтарының барлығы орнатылатын еді. Бұл біздің жұмысымызға үлкен көмек болар еді.
Біздің мақсат – профилактика, яғни өртті болдырмау және алдын алу. Біз мекемелерден өрт қауіпсіздігін сақтауды талап етеміз. Ескі электр сымдары болса, ауыстыруға нұсқау береміз. Себебі өрт мемлекетке үлкен шығын әкеледі. Мемлекетіміздің экономикасына шығын келмеуі үшін өрт қауіпсіздігін жан-жақты қадағалауымыз тиіс. Ал өрт қауіпсіздігінің алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық кәсіпорынға өртке қарсы қызмет мекемесімен келісімшартқа отыруды міндеттеу дұрыс.
Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Меніңше, бұл дұрыс емес. Өйткені кәсіпкерлер мемлекетке салық төлейді. Ал өртке қарсы қызмет, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері – мемлекеттің атқаруы тиіс міндеттері. Еліміздегі кез келген кәсіпорын салық төлеуде мемлекеттік құрылымдарды қамтамасыз етеді. Осы жағынан алғанда олардың мемлекеттік өртке қарсы қызмет мекемесіне қосымша ақысыз жүгінуіне толықтай қақысы бар. Сондықтан төтеншеліктердің мұнысын мен дұрыс деп ойламаймын. Қазірдің өзінде еліміздегі кәсіпорындарға мемлекеттік емес өртке қарсы қызметке жүгіну үшін келісімшарт жасау міндеттелген. Меніңше, бұлайша министрлік өзіне қарасты «Өрт сөндіруші» АҚ және тағы басқа еншілес компанияларының коммерциялық мүдделерін лоббилеп отыр. Бұл жемқорлықтың бір түрі деуге болады. Себебі «Өрт сөндіруші» АҚ Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық компаниясы болып табылады.
Кезінде бұл компания мемлекеттік бюджет қаржысынан құрылған. Тіпті әлі күнге дейін компанияның жұмысына, қызметіне, түрлі жабдықтармен қамтамасыз етілуіне мемлекеттің қаражаты пайдаланылуда. Сондықтан мемлекеттік функцияларды коммерциялық түрге айналдырып, кәсіпкерлерге қысым көрсетуге болмайды деп есептеймін.
Қазір еліміздегі барлық кәсіпорын мемлекеттік емес өртке қарсы қызметке жүгінуге мәжбүр, міндетті. Бұл ретте айтарым, кәсіпкерлер өз тарапынан салықты бюджетке төлеп отыр. Енді неге мемлекеттік мекемелер өздерінің қызметін коммерциялап, оларға ақылы қызмет көрсетуі тиіс? Бұл жеке кәсіпкерлерге қолдау емес, керісінше, қолбайлау болып отыр. Сондықтан бұған бизнес қауымдастық үдере наразылық танытуда.
Тәжірибеден белгілі, ветеринарияны алыңыз, қазір оны жекеменшіктен қайтадан мемлекеттің қарамағына алу мәселесі қозғалуда. Сол секілді «ҚазАгро» АҚ-қа қарасты қызмет түрлері де тәжірибеде өзінің тиімсіздігін көрсетті. Сондықтан өткеннен сабақ алып, өрт сөндіру қызметін жекеменшіктің қолына бермеу керек. Оған халық та, бизнес қауымдастық та қарсы боларына сенімдімін. Тіпті, керек десеңіз, мұндай келісімшартқа кәсіпкерлер қол қоймайды. Бұлайша кәсіпкерлерді міндеттеп, мәжбүрлеу еш ақтауға жатпайтын тым өрескел іс болмақ. Сондықтан азаматтардың қорғанысын қамтамасыз етудің орнына корпоративтік мақсатты көздеп кеткен аталмыш министрліктің бұл әрекеті әлі талай сынға ұшырайтын болады. Айналып келгенде, мұның бәрін мемлекеттік органдардың жауапкершілікті салық төлеушілердің мойнына артып қоюға тырысуы деп түсінуге тура келеді. Біз төтеншеліктердің кәсіпкерлерді міндеттеп, мәжбүрлеуіне жол бермеуіміз керек. Бұл дұрыс емес.
Түйін
Мамандардың пікірін саралап қарар болсақ, екі жақтың да келтіріп отырған айғақтары орынды сияқты. Расында да, егер «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамы жеке құрылым болса, өзге мекемелер өрт қауіпсіздігін арттыру үшін өрт сөндірушілермен келісімшарт жасаса, артық болмас. Алайда бұл шара міндеттеу арқылы емес, түсінік жұмыстарын жүргізу арқылы ерікті түрде жүзеге асырылуы тиіс. Ал егер «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатынын ескерсек, онда төтеншеліктердің бұл әрекетін екі асап, би болғысы келетіндердің қылығына теңеуге болар.