Балабақшаларды толығымен қазақшаландыру керек пе?

Еліміздегі қазақтілді балабақшалардың үлес салмағы 20 пайызды құрайды екен. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында енді елдегі балабақшаларға үштілділік жүйесі енгізіліп отыр. Осы ретте, мұны кейбір саясаткерлеріміз қолдаса, енді бір зиялыларымыз құп көре бермейді. Олар: «Мемлекеттік тілді дамыту шараларын ең алдымен балабақшадан бастауымыз керек. Сондықтан балабақшаларды толық қазақшаландыру қажет», – дейді. Осы дұрыс па? Бүгінгі ой-көкпарымыз осы негізде болмақ.


Темірхан МЕДЕТБЕК, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын:
Иә
— Міндетті түрде қазақшаландыру керек. Оны баяғыдан айтып келеміз, егер тыңдар құлақ болса. Үштілді болғаннан кейін бала қазақша жөнді біліп жарытпайды. Бұл психологияға да, адамгершілікке де сыймайды, тіпті керек десеңіз, мұның арты қоғамға жақсылық әкелмейді. Ең бастысы, одан бала ешқандай тілді меңгере алмай, дүбәра болады. Мәселен, мен осыдан біраз бұрын бір немеремді қазақша балабақшаға бердім. Кейін ол балабақша үштілділікке ауысып кетті, сосын баламды қайтып алдым. Себебі онда немерем ешқандай қазақша үйренген жоқ. Көршілеріммен бірігіп жеке мұғалім жалдап, қазақшаға үйретіп жатырмыз. Есіңізде болсын, үштілділіктен бала түкті де ұғынбайды. Баланың миын сапырылыстырып, қойыртпақ қылудың керегі жоқ. Егер біз дербес мемлекет боламыз десек, мемлекеттік тілді көтереміз десек, онда балабақшаларды міндетті түрде қазақшаландыруға тиіспіз. Мәселен, көрші Қытайда ұйғыр болсын, қазақ болсын, орыс мектептері болсын, ондағы балалар қалайда қытай тілін біліп шығуы міндетті.
Сонымен қатар онда қазақ тілінен сабақ берсең де, сен міндетті түрде қытай тілін білуің керек. Онсыз мұғалім болып жұмысқа орналаса алмайсың. Керек десең, қарапайым еден жуушы болғың келсе де, қытай тілін білуге тиіссің. Бүкіл дүниежүзінде осындай талап бар. Ал бізде ше? Өз елімізде орыс тілін кез келген адам біледі де, қазақ тілін ең болмаса, соның деңгейіне көтере алмай отырмыз. Қазақ тілі Қазақстанда ғана өркендейді. Соған біз ықпал етуіміз керек. Кезінде жалпақшешей болдық, ананың-мынаның көңіліне қарадық. Енді не болдық?! Қазір қазақ тілі дамудың орнына, кері кетіп барады. Біз өз мүмкіндіктерімізді жіберіп алып отырмыз. Енді үштілділікті дамыта беретін болсақ, онда бұдан былай қазақ тілі одан сайын төмендейді. Ал осыны жоғарғы жақтың қалай түсінбейтініне, неге осыншама қорлайтынына түсіне алмаймын. Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі біздің тілді мойындамайды. Себебі, жалтақпыз. Әшейінде Қазақстан Ресейге қарап үлгі алады. Сол Ресейіңіздің өзінде орыс тілін білмейтін адам болатын болса, ол ресейдің азаматтығын ала алмайды. Ол федеративті республика болса да солай жасайды, ал біз унитарлы мемлекетпіз ғой. Демек, олар қажеттілік туындатқан. Біздің де тіліміз осындай дәрежеде болмай, қазақ тілі өркендейді дегенге сенбеймін. Егер дәл қазіргідей жағдайда кете беретін болсақ, қазақ тілінің көсегесі көгермейді, қайта халі мүсәпір жағдайда қалып қояды. Одан кейін тіпті кері кетіп, тілімізден айырыламыз. Ал тілден айырылсақ, мемлекеттен айырыламыз, жаһандануға жұтылды деген сонда болады.


Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:
Жоқ
– Біріншіден, балабақшаларды жаппай қазақшаландыру деген — үлкен қателік. Олар – кішкентай сәбилер. Ары кетсе, 4-5 жастағы балалар. Оларға қазір бес тіл болсын, он тіл болсын, жақсылап үйретсе, меңгеріп кетеді. Балаларды бір тілмен шектеу — дұрыс емес. Сол үшін, ең болмағанда, үштұғырлы тіл деп жүрміз ғой, соны жетілдіруіміз керек. Кішкентай балалар қағілез келеді. 45-50-ден асқан азаматтарға тілді меңгеру қиын болғанымен, балалар тілді табиғи түрде тез меңгереді. Сондықтан балаларды бір тілмен шектеу, меніңше, ол — балаларымыздың болашағы алдындағы үлкен қылмыс. Қазіргі балаларға білім алуға барлық жағдай жасалынған. Олар бүгін жақсы оқыса, көп тілді меңгерсе, ертең ел аралайды, жер көреді. Дүниежүзін шарлайды. Сондықтан тілді шектеу дұрыс емес. Үш тілді емес, одан да көп тіл үйретуіміз керек. Мен бұл жерде қазақ тілін қазақтар білмесін деп отырған жоқпын. Әрине, балабақшадан бастап қазақ тілін үйретуге тиіспіз.
Бірақ сонымен бірге, бала ағылшынша сөйлей ме, қытайша сөйлей ме, италянша сөйлей ме, испанша сөйлей ме, орысша сөйлей ме, оны өз еріктеріне қалдыруымыз керек. Себебі жастардың қазір бәрін қабылдайтын, тез үйренетін кездері. Сондықтан кішкентай кезінен бала миына қанша тіл болса да үйретіп, негізін қалап беруіміз керек. Қазақ тіліне кедергі келтіреді деген – қате пікір. Керек десеңіз, бұл – жалған патриотизм. Әрине қазақ тілін үйрету керек, ол бірінші орында болсын. Бірақ сонымен бірге, орыс тілі, ағылшын тілі, испан тілі, француз тілін балаларға үйретуге тиіспіз. Біз неге осы өзімізді шектей береміз? Неге олар ертең Арал өңірінде немесе Шымкентте қалып қалуы керек? Неге біздің қазақ ертең Америкада не Канадада жүрмейді? Неге біз сәбиді кішкентайынан шектейміз? Біз кішкене алдымызға қарайық, елдің дамып жатқанын сезінейік. Әлемнің өркениетке ұмтылып отырғанына қарап, біз де алға адымдайық. Шынын айтқанда, ертең қазақ тілі кімге керек болады? Тек қана өзінің елінде керек болады. Бізге Елбасымыздың берген тапсырмасы бар. Қазақстанды бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылуға тырысу деген. Оған кім не десе де, қазақ тілімен кіре алмаймыз. Ағылшын тілінсіз, испан тілінсіз, орыс тілінсіз мың жерден бас иіп барсақ та, олар бізді қабылдамайды. Мәселе – осында. Сондықтан біртілді балабақша жасау деген, ол — болашақ ел тұтқасын ұстайтын азаматтарға жасаған кешірілмес қиянат болады. Бұл – тек қана өзінің жалған патриотизмін ойлайтын, өзінің пиарын ғана ойлайтын кейбір ағаларымыздың идеясы. Ондай жалған патриотизмнің маған бес тиынға да керегі жоқ.

Бейтарап пікір
Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:
– Балабақшаларды қазақшаландыру керек. Бірақ бұған қоғам дайын емес. Себебі қоғам қазақ тілінің болашағына әлі түгелдей сенбейді. Біріншіден, өзіміздің қазақтардың бір бөлігі мемлекеттік тілді менсінбейді, екіншіден, өзге диаспоралардың басым көпшілігі тілімізді мойындамайды. Әрине қазақшаландыру керек деген жақсы-ақ идея. Адам тілді жастайынан бойына сіңірсе, оны ұмытпайды. Бірақ бұл идея айтылғанымен де, Ата заңымызда «баласын қай тілде оқыту, қандай балабақшаға беру – ол ата-ананың өз еркінде» делінген. Яғни, мемлекеттік тілде тәрбиеленсін дегенімізбен, ата-аналардың көпшілігі қарсы болмас па екен деген ой туады. Егер әрбір азамат «менің бала-шағам осы мемлекетте өмір сүреді, осы мемлекеттің болашақ азаматы болады» деп түсініп, баласын қазақша оқытуға ықылас танытса, онда дұрыс. Дегенмен дәл осылай айтатындар бізде көп емес. Өкінішке орай, еліміздің ішіндегі тілдік ахуалды зерттей бермейміз. Қоғамдық пікірді жетік білмейміз. Қазақстан біртұтас мемлекет деп кеуде соққанымызбен, шын мәнісінде, қоғамдағы ой-ниет әрқалай. Өзге ұлттардан бірен-сараны ғана болмаса, көпшілігі қазақ тілін білуге ынта білдірмейді. Сондықтан жағдай бұл жерде күрделі. Мемлекеттік тілде сәбилерді түгелдей тәрбиелеу ұмтылысы жақсы болғанымен, көпшілік қарсы болуы мүмкін. Сондықтан елдегі ұлтаралық қатынастарды зерделеп, зерттеп барып келуіміз керек шығар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста