Бүгінде қазақ елі үшін ана мен бала денсаулығы басты назарда тұрғаны баршаға аян. «Дені сау бала – дені сау ұлт» деседі білетіндер. Бағамдасақ, қазірде ұлттың денсаулығын көтергісі келетіндер тарапынан түрлі ұсыныс-тілектер жиі айтылып-ақ жүр. Бұл ретте құзырлы тарап та қарап қалмай, ана мен балаға көрсетілетін жәрдемақы көлемін жыл сайын ұлғайтып, барынша қамқорлық жасауға тырысып бағуда. Ендігі кезекте қоғамның қайсыбір өкілдері: «Ұлт денсаулығын түзеу үшін алдымен жаңа туған баланың денсаулығы мығым болуы керек. Осыған орай, анасы бала 1 жасқа толғанға дейін сәбиінің күтіміне асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сондықтан біздің қоғамда бала 1 жасқа толғанға дейін анасының жұмысқа шығуына тыйым салу қажет», – деп отыр. Міне, біз бүгін осы сауалды арнайы мамандардың ой-талқысыны салып көрдік...
Төрегелді ШАРМАНОВ, ҰҒА академигі
Иә
– Мен нақ осы сауал турасында көптен бері ой қозғап жүргендердің бірімін. Өз басым, «баласы 1 жасқа толғанша анасы сәбиіне күтім жасап үйде отыруы керек» деп есептеймін. Бұл туралы көптеген ортада пікірімді ашық айтып жүрмін... Мәселен, дүниеге келген бала үшін басты қоректі зат – бұл анасының сүті. Мен өзім бес жасқа толғанша ана сүтін еміп, арда өскен баламын. Бұдан жаман болған жоқпын. Сенсеңіз, осы уақытқа дейін бірде-бір қатты ауырып көрген емеспін. Ананың сүтінен асқан балаға қорек жоқ. Әрбір ана баланы жарық дүниеге әкелді екен, бала кем дегенде екі жыл ана сүтімен қоректенуі керек.
Алты айға дейін бала тек ана сүтін азық етуі тиіс. Бұл – ғылыми дәлелденген нәрсе. Ал қазіргі жас аналар біздің бұл пәлсапамызға пысқырып та қарамайды. Баласын қырқынан шығара сала, мансап қуып, жұмысқа шығып кететін аналарды да көріп жүрміз. Бұл дұрыс емес. Арнайы бала күтіміне қатысты ақылы демалысқа шықты екен, міндетті түрде баласын бір жасқа толтырсын. Міне, ондай «жұмысбасты» аналарға осыны түсіндіру керек. Егер түсінбесе, Үкімет тарапынан бұған қатысты арнайы шектеу қою қажет. Жалпы, біздің елдегі заң бойынша қандайда бір декреттік демалысқа шыққан ана баласы 1 жасқа толмай жатып жұмысына қайта оралатын болса, оған бала күтіміне қатысты төленетін жәрдемақы төлене береді. Сонда ол ана айлық жалақысын бір алады. Бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны тағы алады. Міне, осындай қаражат «көз қызықтырған» соң, қайсыбір жас босанған аналар тезірек жұмысқа шығуды жөн санайды. Бұл үрдіс күні ертең ұлттың денсаулығына кері ықпал ететіні даусыз. Сондықтан мұндай әрекеттерге шектеу қойылғаны жөн. Біле-білгенге, біздің мемлекетіміз үшін нақ қазір туылған баланың саны емес, сапасы басты қажеттілік. Өзіңіз ойлаңызшы, біз қазір «демографиялық дүмпу орнатамыз» деп жатырмыз. Осындай сәтте саннан гөрі сапаға басымдық беріп, фәни есігін ашқан әр баланың денсаулығы мықты болса, ұлттың дамуы тежелмейді, үлтымыз одан әрі тамырлана береді. Міне, осыны дұрыс насихаттай білсек, бұл мәселе оң шешімін табады. Сондықтан кез келген анаға сәбидің күтіміне асқан жауапкершілікпен қарауы керектігін жүрегімен сезінуі керек. Ал құзырлы тарап ол ананың әлеуметтік жағдайына қам жасауы керек. Бесік тербетіп отырған ана «балам бағусыз-қағусыз қалатын болды» деп алаңдайтын болса ол – Үкіметке сын. Демек, Үкімет ана-мен балаға беріліп отырған жәрдемақы көлемін бұдан да жоғары көлемде ұлғайтып, бала 1 жасқа толғанша анасының жұмысқа шығуына үзілді-кесілді шектеу қоюы керек.
Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Жоқ
– Жоқ, бұл пікірмен мен келіспеймін. Бұл адам құқына жататын мәселе болғандықтан, шектеу қоюға болмайды. Себебі нақ қазір біз «бала 1 жасқа толғанша аналардың жұмысқа шығуына тыйым саламыз» десек, онда жыл сайын босанатын 200 мыңға тарта ананың құқын бұзамыз. Өзіңіз ойлаңызшы, біздің елімізде жыл сайын 200 мыңдай ана сәбиді дүниеге әкеледі делік, ал сол аналардың барлығының әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Базбір аналардың жағдайлары жақсы, үй-жайы жайлы, отағасының табысы қомақты болуы да мүмкін. Әрине, мұндай аналар жаңа туған баласының күтімін жасап, үйде отырғанды жөн санайды.
Керісінше, қайсыбір аналардың әлеуметтік жағдайы төмен, отағасының жалақысы орташа болады. Ал мұндайда амалсыз, бала күтімін жасап отырған ананың жұмысқа шығуына тура келеді. Рас, біздің елімізде дүниеге келген әрбір балаға және оның бір жасқа толық толғанша күтіміне арналған балалар жәрдемақысы қарастырылған. Мысалы, бала туылғанда берілетін бір ретттік жәрдемақы отбасында дүниеге келген әрбір бірінші, екінші, үшінші балаға 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 45 360 теңге мөлшерінде беріледі. Баланың күтіміне арналған жәрдемақы отбасындағы баланың туу ретінің санына қарай бірінші балаға – 8 316 теңге, екінші балаға – 9 828 теңге, үшінші балаға – 11 340 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға 12 852 теңге мөлшерінде белгіленген. Сонымен қатар 2010 жылдан бастап елімізде демографиялық ахуалды арттыру үшін сондай-ақ қоғамда көпбалалы аналардың дәрежесін көтеру мақсатында төртінші және одан кейінгі туылған балаларға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылып, ағымдағы жылы оның мөлшері 75 600 теңгені құрады. Аталған жәрдемақылардың мөлшері жұмыс істемейтін отбасыларына және отбасының табысына тәуелсіз төленетінін айта кету қажет. Нақты санға жүгінсек, 2010 жылы бізде 329,2 мың адам бала тууына байланысты 15,2 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы алса, бала күтіміне байланысты жәрдемақымен 130,6 мыңдай адам қамтылып, оған жұмсалған қаржы көлемі 19,1 млрд теңгені құрады. Бұған қоса 2008 жылдан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесіне екі қосымша әлеуметтік тәуекел енгізіліп, жұмыс істейтін әйелдерге Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан жүктілігіне және тууына, жаңа туған баланы асырап алуына байланысты, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімімен айналысуына байланысты әлеуметтік төлемдер төленеді.
Осыған орай жұмыс істейтін әйел: а) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігі және босануы жөніндегі әлеуметтік төлемді (табысына қарай); ә) республикалық бюджеттен жоғарыда көрсетілгендей, әрбір туылған балаға рет санына қарай 30 немесе 50 АЕК мөлшерінде бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақыны; б) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алады, оның мөлшері әлеуметтік аударымдар есептелген табыстың 40 пайызын құрайды. Ал әлеуметтік төлемдердің ең төмен мөлшері Мемлекеттік сақтандыру қорынан берілетін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі жөніндегі ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінен кем болмайды.
Жалпы, біздің мемлекетіміз – демографиялық ахуалды көтеруге, ана мен бала денсаулығына жіті назар аударуға, көпбалалы аналарға қолдау жасауға аса мән беріп отырған елдердің бірі. Білесіз, ана баласына жамандық ойламайды. Егер баласы 1 жасқа толмай анасы жұмысқа шығып жатса, ол да баласының қамы үшін жасалып отырған шаруа. Демек, бұл жерде ешқандай шектеу қойылмауы керек. Шектеу қою аналардың құқын бұзушылық болып табылады.
Бейтарап пікір
Светлана Жалмағанбетова, Сенат депутаты:
– Меніңше, баланың дені сау, ой-өресі жоғары болуы үшін балаға ата мен әженің тәрбиесі мол ықпал етеді. Сондықтан ата-әже қолқа салып немерелеріне сұрау салып жатса, онда баланы қарияларға беру керек. Сонда баланың анасы да алаңдамай қызметіне кірісе беретін болады. Ал енді «бала 1 жасқа толмай жұмысқа шықса анаға шектеу қою керек болмаса мұндай жағдайда бала күтіміне төленетін жәрдемақыны тоқтату қажет» деген пікірлермен өз басым келіспеймін. Біздің мемлекетімізде бұған қатысты арнайы заң бар. Ол заңда «тайға таңба басқандай етіп» барлығы анық жазылған. Ендігі кезекте сол заң аясында сауатты жұмыс істеген абзал.