Ауған соғысына қатысқандарды Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестіру керек пе?

Ауған соғысына қатысқандарды Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестіру керек пе?

«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы

Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әртүрлі азаматтардың пікірімен саралайтын «Ой-көкпар» айдарымыз бүгінде СТВ арнасымен бірге телевизиялық жобаға айналып отыр. Телеарнада әр аптаның жұмасы күні кешкі сағат 22:30-да көрсетілетін бағдарламаның жазбаша нұсқасы апта сайын «Алаш айнасы» газетінде жарияланбақ. Бағдарламаның кезекті көрсетілімі «Ауған соғысына қатысқандарды Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестіру керек пе?» деген тақырыпқа арналып отыр. Аталмыш тақырыптың қоғамда үлкен тартысқа түсіп отыруына орай мамандар да осы тақырып аясында өз ойларын ортаға салатын болады.


Болат САЙЛАН, Ауған соғысының ардагері, тарих ғылымының докторы:
Иә

– Ауған соғысына қатысқандар мәртебесін Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіретін уақыт жетті. Шын мәнінде, Ауған соғысы Отан қорғау соғысы болмағанымен, сол кездері мемлекеттік тапсырманы орындау барысында туындады. Бұл соғыста да адам шығыны өте көп болды. Қаншама жігітіміз мүгедек болып, көптеген жігітіміз тұтқынға түсті. Тіпті бүгінде сол соғыста алған зардабынан о дүниеге аттанып жатқан азаматтарымыз да аз емес. Айта кетер жайт, 1983 жылы 17 қаңтарда сол кездегі КСРО Министрлер Кеңесі Ауған соғысының барлық ардагеріне жеңілдік беру туралы қаулы шығарды. 
Онда Кеңес Одағы құрамындағы бар­лық елдегі Ауған соғысына қатыс­қандарға мерзімсіз жеңілдіктер таға­йындалуы қажет делінген. Бүгін­де біз де егемен елміз, әлеуетіміз жақсы, Тәуелсіз ел атанғанымызға 20 жылдан асты. Рас, басында қиыншылықтар болғанымен, бүгінде еліміз аяғынан тік тұрып, әлемге танылды. Сондықтан еліміздің Ауған со­ғы­сына қатысқан 22 мыңдай батырды ұлық­тауға шамасы жетеді деп ойлаймын. Біз бұл тақырыпты қозғаған кезде Ауған соғысына қатысып, мүгедек атанған немесе бір мүшесінен айырылып келген, тіпті әлі де болса сол соғыстың зардабымен өмір сүріп жатқан адам­дардың көзқарасын ескерусіз қал­дырмауымыз керек.


Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымының докторы:
Жоқ

– Жоқ, бұл мәселеге кеңірек қарау керек. Қазақ – бұрыннан алыс жорыққа жиі қатысып келе жатқан ел. Алдағы уақытта да қатыса береді. Ал олардың бәрін ұлықтай беру шарт па? Жақында да соғыс шығыны болды. Мәселен, Тәжікстанда бір засадада қазақстандық 13 жауынгер қайтыс болды. Егер бұлардың барлығына жеңілдіктер тағайындай берсек, не болады? Осы орайда бізге әскери қызметкерлерді әлеуметтік қорғау туралы заң керек. Онда барлығы орнымен көрсетілуі керек. Және онда жеңілдіктер емес, тө­лем­дер болуы қажет. Өйткені же­ңіл­діктер белгілі бір топқа көр­сетілгенімен, екінші бір топқа салмағын салады.
Мәселені идеологиялық тұрғыдан да айқындап алуымыз керек. Мысалы, қазақ жігіттері 1940 жылы КСРО, Фин соғы­сына, кейін Балтық жағалауын басып алу майданына, Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны Румыниядан тартып алу, Солтүстік Иранға, Шыңжаңға әскер кіргізу және 1945 жылы Жа­по­нияға қарсы опе­ра­циялардың барлығына қатысқан. Әскери шығындар да орын алған. Олар әскер ретінде өз міндеттерін орындады. Алдағы уақытта да бұл секілді соғыстар бола береді. Мәселен, алдағы уақытта Ирактағы біздің миссиямыз залалсыздандыру бол­мақ. Қазіргі соғыс – миналар мен жарыл­ма­ған бом­ба­лардың соғысы. Сондықтан бізге машық керек. Оларға барып, тәжі­рибе алмасып көруі­міз керек. Ал олардың барлығына мәрте­бе беру жайын ойластыра беру артықтау. Сон­дық­тан мұның бәрін айқындап алатын заң керек.

тартыс бөлімі                                                                                                                             

Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың екінші «Тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқатып айтсақ. Болат мырза, «егер біз Ауған соғысы ардагерлерін дәріптесек, егемендігімізге нұқсан келеді, интернационалистік көзқарасқа ауып кетеміз» деушілер де бар. Сіз бұл пікірге не дер едіңіз?
Болат Сайлан:
– Жоқ, бұл пікір дұрыс емес. Өзім де қоғамдық жұмыстарға жиі араласамын. Сонда байқағаным, жастар арасында патриоттық сезім мүлдем жоғалып бара жатыр. Ауған соғысының ардагерлері еліміз Тәуелсіздік алғалы жастардың бойына патриоттық сезімді сіңіру үшін талпынып келе жатыр. Соның айғағы: 2009 жылы Ауған соғысының аяқталуына 20 жыл толуына орай еліміздегі барлық қалада іс-шаралар ұйымдастырдық. Мектептегі оқушылар Ауған соғысының ардагерлерін көргенде таңғалады. Олардың көбі бұл соғыс жайлы мүлдем білмейді де екен. Егер біз Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін көтеретін болсақ, егемендікке нұқсан келмек түгіл, егемендіктің керегесін нығайтатын боламыз. Жастардың да бойында патриоттық сезім күшейеді. Ұлт өз батырын ұлықтамаса, не болғаны?! «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады?» Ендеше, егемен ел атанып, еңсемізді көтеріп, ел болған тұста батыр ұлдарымызды ұлықтайтын кез жетті. Ауған соғысында 417 адам тұтқынға түсіп, олардың 119-ы ғана тұтқыннан босатылды. Және олардың 20 шақтысының елге қайтқысы келмеді. Себебі сол кезде қоғамда қалыптасқан көзқарастан қорықты. Бүгінде олардың барлығына баға берілуі керек.
Жүргізуші:
– Әзімбай мырза, Ауған соғысына елімізден
22 мыңнан астам адам аттанса, солардың бірі – Болат мырза алдыңызда отыр. Соғыста қандай қиындықтар болғанын да айтып өтті. Қалай ойлайсыз, зардабы Ұлы Отан соғысымен бірдей болған соғыстың мәртебесін көтермесек те, жеңілдіктер қарастыру керек пе?

Әзімбай Ғали:
– Қазақстандағы қазіргі отансүйгіштікті КСРО-дағы патриотизммен теңемес едім. Оны интернационализм деуге ғана болады. Тәуекел ханның кезінде Индиядағы мұсылмандарды қорғауға бізден 100 мың әскери қол жіберілген. Олардың бірде-біреуі қайтып келмеген. Ендеше, оларға неге мемориал орнатпаймыз?! Бұл секілді мысалдар өте көп. Кейде Ауған соғысына қатысқан орысшыл жігіттер КСРО-ны дәріптегенде жерге кіріп кете жаздаймын. Оларды мен отаншыл деп айта алмаймын. Ендеше, оларды қай ісіне қарап бағалауымыз керек?!
Болат Сайлан:
– Міне, ортақ заңның жоқтығынан олардың бәрі бытырап жүр. Әрқайсысы өзінше баға беріп, өзінше пікір айтады. Сондықтан заң шығару арқылы оларды бір арнаға тоғыстыру қажет.

сайыс бөлімі                                                                                                                                

Жүргізуші:
– Келесі бөліміміз «Сайыс» деп аталады. Өзара сайыса отырып, сұрақ алмасатын боламыз. Болат мырза, қарсыласыңызға сұрағыңыз...
Болат Сайлан:
– Әзімбай мырза, өзіңіз әскерде болдыңыз ба?
Әзімбай Ғали:
– Жоқ, әскерде болған жоқпын. Бірақ ІІМ-де сегіз жыл қызмет еттім. Қазір отставкадағы полковникпін. Кезінде көз жанарымдағы ақауға байланысты әскерге алынбадым. Ал сізге қояр сұрағым: еліміздегі патриоттықты бұрынғы КСРО-ны қоспай, қалай дамытуға болады? Әлдебіреулердің қолшоқпарына айналмай, жастарымызды қайтсек отансүйгіштікке тәрбиелей аламыз?
Болат Сайлан:
– Бауыржан Момышұлының «ақиқат бәрібір жеңеді, бірақ 50 жыл кешігіп жүреді» деген сөзі бар. Ауған соғы­сын аңсап отырған біз жоқ. Біздің бар жазығымыз – сол кезеңде еліміздің КСРО құрамында болғаны. Дегенмен өз еліміз, өз Тәуелсіздігіміз барда жастардың бойына патриоттық тәрбиені сіңірудің жолы көп деп білемін.

ойтүйін                                                                                                                                              
Жүргізуші:
– Соңғы «Ойтүйін» бөліміне де келіп жеттік. Әзімбай мырза, сіз өз пікіріңізде қаласыз ба, әлде қарсыласыңызбен пікір алмасу барысында ойыңызды өзгерттіңіз бе?
Әзімбай Ғали:
– Болат мырзаның бір ғана пікірімен келісемін. Бізге әскери заң керек. Осындай түсініспеушіліктер шықпас үшін бәрін заң шеңберінде анықтап алуымыз керек. Өйткені біз алдағы уақытта да әлі талай әскери қақтығысқа қатысамыз. Мемлекеттік мүддеміз соған итермелейді. Мемлекет болғаннан кейін мүддені қорғау үшін қақтығыстарға араласатын боламыз. Егер осының бәрін заң арқылы реттесек, ештеңеден ұтылмас едік.
Болат Сайлан:
– Біз үшін Отан соғысы Қазақ-жоңғар соғысы ғана екенін бүкіл қазақ мойындайды. Одан бері үш ғасыр уақыт өтті. Дегенмен әр қоғамның өз соғысы болады. Сондықтан үш ғасыр бұрынғы соғысты айтып отыра бермей, кейінгі соғыстарда ерлік көрсеткен ерлердің ерлігін ескерусіз қалдырмауымыз керек. Тәуелсіз елдің батырларын да дәріптей білуіміз қажет. Осы тұрғыда мемлекеттің нығаюы үшін, мемлекет мүддесі жолында күрескен ерлердің еңбегін ескеруіміз қажет.

Р.S.
Студияға келіп, пікір білдіргендеріңізге рақ­мет. Қоғам болған­нан кейін әртүрлі көзқа­рас­тардың болуы – заң­ды­лық. Біздің мақ­сат – қоғамдық пікір қа­лып­тастыру. Ал шешім шығару – ресми орган­дардың еншісінде.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста