Тәуелсіздік алғалы бері ел азаматтарының, оның ішінде, мемлекет құраушы ұлт өкілдерінің дені жеке бас мәліметтерін, аты-жөндерін ұлттық дәстүрге сай жазып, тіркете бастады. Бір кездердегі «-ов», «-ев»-терден арылып келеміз. Азаматтардың хал актілері жағдайларын тіркейтін органдар қазақстандықтардың есім мен тегін ұлттық ұғымға сай жазудың бірыңғай тәртібін түзді. Бірақ ескі құжатты өзгертудің машақаты азаюдың орнына қат-қабаттана түсті. Фамилияны сәл өзгерту жеке басқа қатысты барлық құжатты ауыстыруға мәжбүрлейді: өзгерген бір әріп салықтық тіркелу нөміріңе де, әлеуметтік жеке кодыңа да кедергі келтіреді. Ал осы шаруаны жеңілдетудің амалы бар ма немесе аты-жөнді өзгертудің тиімді формасын табуға болмай ма? Бұл сауалға хабар қонақтары жауап береді.
Гүлназат МҰҚАШЕВА, Алматы қаласы Әділет департаменті АХАТ бөлімінің бас маманы:
иә
– Меніңше, біз қолданып жүрген форма тиімді. Заң аясында азаматтардың аты-жөнін ауыстыруына, өзгертуіне, түзетуіне барлық жағдай қарастырылған. Көп жерде фамилиядан «-ов», «-ев»-терді алып тастау мәселесі талқыланып жатыр. Еліміз 1991 жылы Тәуелсіздік алған болса, Президентіміздің 1999 жылғы қаулысы бойынша азаматтарға өз фамилиясынан «-ов», «-ев», «-ин» қосымшаларын алып тастауға құқық берілді. Ал көпшілік азаматтардың фамилиясында мұндай қосымшалардың әлі күнге дейін алынбай жүруі, ол адамдардың өз қалауы солай болғандықтан деп есептеймін.
Фамилияны заңда көрсетілген үлгі бойынша басқаша өзгертемін деген адам болса, оған ешқандай кедергілер жоқ. Қазақта «біреу қыз алып қашады, біреу босқа қашады» деген сөз бар. Кейбір азаматтар тиісті мамандардың алдына барып, кеңес алмай тұрып, құр байбалам салғыш келеді. Ешқайда барып шабылудың қажеті жоқ, жай ғана интернетті ашып, одан «Неке және отбасы» туралы Заңды оқыса да болады. Сонда бәрі анық жазылған. Жаңа туған баланың құжатын тіркемек болған әрбір ата-анаға біздің мамандар міндетті түрде кеңес беріп отырады. Бұл – біздің жұмысымыз. Оған қоса, аты-жөнді өзгертуге байланысты жаңалықтар болып жатса, біздің саланың мамандары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оны әрбір азаматтың сауалына орай егжей-тегжейлі түсіндіріп беріп жатыр.
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
жоқ
– Мен азаматтардың фамилиясын өзгертуге құқығы бар екенін білемін. Бірақ Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болды, өз басымнан мысал келтіретін болсам, өзім әлі күнге дейін «Лепесбаева» деген фамилиямды өзгерте алмай жүрмін. Оны мен, әрине, ауыстырғым-ақ келеді. Бірақ бізде мемлекет жағынан аты-жөнді бір ретке келтіретін жүйе жоқ сияқты әлі. Әркім өзінің ойынша ауыстырып жатады. Біреу «Лепесбай» дей салуы, біреу «Лепесбаева» деп жазғызса да, «Лепесбайтегі» деуі мүмкін. Басқа ұлттарға қарайтын болсақ, өзге халықтарда олардың фамилиясына қарап, қандай ұлттың өкілі екенін бірден білуге болады.
Ал бізде олай емес, белгілі бір үлгі, жүйе деген жоқ. Меніңше, фамилияда «-ұлы», «-қызы» деген қосымша керек. Осы қосымша біздің қазақ екенімізді көрсете алады. Сол себепті көп адам фамилиясын ұлттың ұғымына сай жазуға әлі күнге дейін құлықсыз. Ауыстыруға әрекеттенген күннің өзінде де оның машақаты өте көп. Оны ауыстырғаннан кейін СТН-ді де өзгертуің керек, болмаса, жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломымызды ауыстыруымыз керек болады, тағысын-тағы. Біз, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігі, аты-жөнді өзгертуді бір жүйеге келтіру мәселесін 90-жылдары-ақ көтерген едік.
«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы
«Алаш айнасы» – «Ой-көкпар» бағдарламасының жазбаша нұсқасы.
Жүргізуші: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.
Бағдарлама ұзақтығы: 27 минут.
Эфирдегі уақыты: 04.05.2012 сағат 22.30
Хабар қонақтары:
Гүлназат Мұқашева, Алматы қаласы Әділет департаменті АХАТ бөлімінің бас маманы
Гүлнәр Лепесбаева, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы
тартыс бөлімі
Жүргізуші:
– Гүлназат ханым, бізде фамилияны жазудың 18 түрі бар екен: «-ұлы», «-қызы», «-тегі», тағы басқа. Бірізділіктің болмауына не себеп? Аты-жөнді бір жүйеге келтіруді азаматтар, қоғамдық ұйымдар жиі көтеріп жүр ғой. Бірізділікке келе алмауымызға не кедергі болып отыр?
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– «Аты-жөнді тіркеуде бір ізге түсе алмай жүрміз» деген пікірге қарсымын. Неге десеңіз, біз бір жүйеге әлдеқашан – 10-15 жыл бұрын түскенбіз. 1992-93 жылдары ғана – егемендігімізді енді ғана алған жылдары жаңа туған балалардың бір азғана тобының жеке бас мәліметтеріне, яғни фамилиясына «-тегі» деген жалғау жалғанып кетті. Бірақ содан кейін мұндай үлгі тоқталды да, қазір жазылмайтын болды, бүгінде аты-жөнді тіркеудің үлгісі бір ізге келді. Енді «тегі» деген сөз фамилия дегенді білдіретін болды.
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Мен бұған қосылмаймын. «Тегі» деген адамның тегін білдіруі керек, «тек» дегенді, айталық, жеті атасын, қай әулеттен шыққанын. Ал фамилия «-ұлы», «-қызы» дегеннен көрінуі тиіс. «Тек» дегеннің мағынасы басқа. Оның фамилияға қатысы жоқ. Бұл ру дегенге жақын.
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Жоқ, «тегі» деген де сол, кімнің тегі екенін білдіреді. Мысалы, Марастың тегі, Жарастың тегі. Бұл да адамның кімнің баласы екенін, қайдан шыққанын, кімнен тарағанын, тіпті, Сіз айтқандай қай ұлттан екенін де білдіреді. Ол не әкеңіздің аты болуы мүмкін, не атаңыздың аты болуы мүмкін.
Жүргізуші:
– Демек, «тегі» дегеннің анықтамасы бізде заңмен берілген ғой?
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Иә, заңмен көрсетілген, бұл – фамилия. Ал қарсыласым айтып отырған «Лепесбаева» деген фамилияны, яғни, әкеңіздің әкесінің атын, «Бауыржан Момышұлы» деген сияқты, «Лепесбайқызы» деп те жаздырып алуыңызға болады. Оған ешқандай қарсылық, кедергі жоқ. Бұл – бізде заң бойынша әлдеқашан реттелініп, жолға қойылып қойған мәселе. Бұл тұрғыдан Сіздің «ешқандай бірізділік жоқ, жүйе жоқ, заң жоқ» деп айту қате. Бізде «Неке және отбасы» туралы Заң бар, сонда бәрі қарастырылған. Гүлнәр ханым, айтып отырған үлгі де, жүйе де жолға қойылған және азаматтарымызға өте ыңғайлы.
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Кешіріңіз, Гүлназат, заң бар шығар, бірақ бірізділік әлі де жоқ, ол рас. Қағаз жүзінде бәрі де болуы мүмкін. Бірақ күнделікті тәжірибеде басқа.
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Жоқ, Сіз қағазбастылықты айтып отырған шығарсыз. Аты-жөнді өзгертуде Сіз көп құжат жинамайсыз.
Жүргізуші:
– Гүлназат ханым, сөзіңізді бөліп, Гүлнәр ханымға сөз берсем. Сіз азаматтардың аты-жөнінің «Бауыржан Момышұлы» деген сияқты үлгіде жазылуын қолдайсыз. Мен мынадай жағдайдың куәсі болдым: Дулатбек Қыдырбекұлы деген ғалымнан сұхбат алған кезде, ол кісі менің аты-жөнімді тура осылай жаз деді. Ал визиткасын қарасам, «Дулатбек Балғабекович Қыдырбекұлы» деп жазылыпты. Сонда, айналып келгенде, фамилияны «-ұлы» деп жазу орысшаға тіреліп тұр, яғни, кімнің ұлы екені басқа, фамилиясы басқа, бірақ екеуі де «ұлы» деп жазылған. Бұл тиімсіз сияқты. Орысшадан құтыламыз деп соған қайтып келетін тәріздіміз.
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Иә, мен бұған келісемін. Бірақ, тағы айтамын, бұл да сол бізде осы аты-жөнді ретке келтірудің бір жүйесі жоқ екенін аңғартып отыр. Мысалы, өз аты-жөнімді «Гүлнәр Сабырғалиқызы» деп жаздырғым келеді. Осыдан кімнің қызы екенім көрініп тұр. Фамилияның «-ұлы», «-қызы» деп жазылғанына қоса, әкесінің аты тағы жазылуы, әрине, дұрыс емес. Сол сияқты кейбіреулер «Гүлнәр Сабырғали» дей салады. Аты қайсы, фамилиясы қайсы, адамның түрін көрмесең, ер адам, әйел адам екенін де ажырату қиын.
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Түзетіп кетейін. Заң бойынша бізде алдымен азаматтардың фамилиясы жазылуы, аталуы керек. Есім содан кейін жазылады. Осы жүйе бір қалыпқа түсіп келе жатыр. Алдымен – фамилия, содан кейін – есім. Адамның аты-жөнін, міне, соған қарап, анықтау керек. Ал фамилияға «-қызы», «-ұлы» дегенді жалғау – азаматтардың өз еркі.
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Жоқ, аты-жөнді жазудың бір-ақ үлгісі болуы керек деп есептеймін. Ол өзіміздің ұлттығымызды көрсетіп тұруы керек. Бірнеше үлгінің болуы дұрыс емес.
Жүргізуші:
– Сіз текті өзгертуде үлкен машақатқа кезігесіз деп айттыңыз. Қандай кедергілер бар?
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Мысалы, аты-жөнді өзгертіп, жаңа құжат алу мерзімі ұзаққа созылып кетеді. Мемлекет азаматтардың аты-жөнін өзгертуді бір жүйеге келтіріп, міне, мынадай азаматтың жеке бас мәліметтерін былай деп өзгертіп беріңіз десе немес басқа да бір тиімді жолын тапса деймін. Аты-жөнін өзгерткен адамға «осындай кісі тегін ауыстырды, соған сенулеріңізді сұраймын» деген мазмұндағы сияқты сертификат немесе куәлік берсе, ол адамның жүгірістері де азаяр еді. Жарайды, әркімнің аты-жөнді ауыстырудағы талғамы өзіне байланысты күйде қала берсін делік. Бізде қазір қаражат тапшы, екіншіден, уақыт тапшы. Осы екеуі үнемделетіндей болуы керек.
Жүргізуші:
– Гүлназат ханым, қазір кеңестік жүйені көрмеген ұрпақ өсіп келеді. Кезінде әке-шешесі аты-жөнін бұрынғы орысша үлгімен жазғызған, бірақ бүгінде өздігінен оны ұлттық дәстүрге сай жазуға тырысатын жастар бар. Мен бір адамнан сұхбат алған кезде, ол аты-жөнді өзгерту үшін бес-алты ай уақыт жоғалтқанын айтты. Ал Сіз аты-жөнді ауыстырудың формасы тиімді дедіңіз. Әлі күнге дейін орысша текпен жүрген азаматтар үшін айтыңызшы, осы шаруа үшін қанша уақыт, қанша қаржы кетеді?
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Бұрын құжаттандыру бөлімі Әділет министрлігіне қарайтын, қазір, былтырдан бастап, ол Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясына берілді. Дегенмен, біз мемлекеттік қызметкер ретінде байланыстамыз. Содан білетінім, азаматтар тегіндегі «-ов», «-ев»-тері алынған, таза қазақ тіліндегі куәлікті жеті күн мерзім ішінде ала алады. Ал басқа құжаттар, мысалы, диплом, тағы басқалар өзгертілмейді. Азаматтың қолына «мына уақыттан бастап, бұл адамның аты-жөні өзгертілген» деген анықтама қағазы беріледі. Бұл қағазды талап еткен барлық орынға көрсете аласыз.
сайыс бөлімі
Жүргізуші:
– Гүлнәр ханым, осы тақырыпқа байланысты қарсыласыңызға қандай сауалыңыз бар?
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Аты-жөнді өзгертудің тегін және қысқа мерзімдегі үлгісі бар ма? Қандай?
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Азаматтарға фамилиясын ауыстыруға бір ай мерзім беріледі. Ал бұл үшін мемлекеттік баж салығы алынады. Қазіргі көрсеткіштер бойынша – 3236 теңге. Неліктен бір ай мерзім деп ойлауыңыз мүмкін. Түсіндірейін, мысалы, қазір Сіз Алматыда тұрып жатырсыз, ал туған жеріңіз Балқаш делік. Төлқұжатты реттеу үшін мұрағаттан анықтамалар қажет болады. Сондықтан, азаматтың туу туралы куәлігінің түпнұсқасын алу үшін Балқашқа сұраныс жіберіледі, ары-бері хат алмасу біраз уақытты қажет етеді. Егер хат алмасу процесі бұдан тез бітіп жатса, азаматтың құжат алмастыруы да соғұрлым тез бітуі мүмкін. Ол енді азаматтардың қай жерде туылғанына байланысты.
Жүргізуші:
– Гүлназат ханым, Сіздің Гүлнәр ханымға сұрағыңыз?
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Аты-жөнді өзгертуге қатысты заңда көрсетілген жайттарға көңіліңіздің толмауының нақты себебі қандай? Сіздің біздің мемлекеттік қызметкерлерден тауыңыз шағылған жағдайлар болды ма?
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Барлық жерде қағазбастылық бары ақиқат. Дұрыс жауап ала алмайтын сәттер көп. Мен әділет басқармасы мамандарының жұмысына 100% қанағаттана алмаймын. Бір әріптесіңізге барғанымда, оның үйіне келгендей әсерде болғаным рас.
ойтүйін
Гүлнәр ЛЕПЕСБАЕВА:
– Бұл хабардан түйген ойым, ұсынысым бар – халық мемлекетке емес, мемлекет халыққа жұмыс істесе екен деймін. Осыдан кейін енді Гүлназат ханыммен жолығып, фамилиямды «Сабырғалиқызы» деп ауыстыруға әрекеттенемін. Маманның «құжатты жеті күнде өзгертуге болады» дегені рас болса, соған көз жеткізбекпін.
Гүлназат МҰҚАШЕВА:
– Менің хабардан түйгенім – бізде азаматтардың арасында әлі де болса, өздерінің құқықтарын толық білмейтіндер көп. Тағы қайталаймын, жеті күн мерзім деген ол – құжаттандыру бөлімінің азаматтың фамилиясын ұлттық дәстүрге сай жазып, құжат беру мерзімі. Ал негізі фамилияны өзгертуге бір ай уақыт беріледі.
Жүргізуші:
– Біздің көрермен мен оқырман Сіздердің пікірталастарыңыздан өздеріне керектіні алды деп ойлаймыз. Мақсатымыз қоғамдық пікір қалыптастыру болатын, шешім қабылдау әрқашанда ресми органдардың еншісінде.