Арақ-шарап өндірісіне мемлекеттік монополия енгізу тиімді болар ма еді?
Дамыған елдердің барлығында дерлік арақ-шарап өндіру саласы мемлекеттік бюджеттің табысты бөлігін құрайды. Ал ішімдік өндірісін реттеу – түйткілі көп мәселе. Сайып келгенде, мемлекет те, қоғам да арақ-шарап өндірісі мен тұтыну жағына келгенде немқұрайдылық таныта алмайды. Дәл осы салада салауатты өмір салтын аңсайтын қоғамның, салықтың есебінен бүйірін қампайтқысы келетін бюджеттің, қайтсе де пайда табуды көздейтін кәсіпкердің мүддесі тоғысады.
Әлбетте, қарапайым тұтынушы сапалы әрі арзан өнімді қалайды. Ал арзан арақ маскүнемдікті өршітуі мүмкін. Тым қымбат ішімдік те мәселені шешпейді: көлеңкелі өндірістің ұлғаюына итермелейді. Осы орайда арақ-шарап өндірісі мен оның саудасына мемлекеттің өзі басын қатырсын деген пікір басым. Шынында да, ащы судың өндірісіне мемлекеттік монополия енгізу тиімді ме?
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, қоғам қайраткері:
Иә
– Иә, арақ-шарап өндірісіне мемлекеттік монополия болғаны дұрыс. Бұл баяғыдан бері қолға алынуы қажет еді. Шыны керек, біз еліктейміз деп арақ ішу жағынан бәрінен де озып кеттік. Ел ішінде маскүнемдік өршіп барады. Сапасыз, арзан арақты ішіп уланып жатқандар қаншама?! Арақ-шараптың түр-түрі кез келген бұрышта емін-еркін сатыла береді. Оның сапасы қандай, ол жағы беймәлім. Ал өнім сапасын тек мемлекет қана көтере алады, тек мемлекет қана бақылай алады. Кішкентай жерде еш лицензиясыз, акциз дегенді қолдан жасап алып, шығара беретіндер көбейе беретіні сөзсіз.
Сондықтан арақ-шарап өндірісін толық мемлекет қолына беру керек. Жекеменшік кәсіпорындардың халықты емес, алдымен өз қалтасын ойлайтыны белгілі.
Олар өз өнімін тар жерде де шығара береді. Ал айналып жүре алмайтын жерде қайдағы сапа? Арақ-шарап дайындаудың өз технологиясы болады, сол технологиядан ауытқымау жағы бар. Мәселен, коньякты алайықшы, оны бірнеше жыл сақтап, бабына жеткізу керек емес пе? Ал жекеменшік оған бас қатыра ма, ол тезірек саудаға шығарып, тез арада табыс тауып қалуға ұмтылады. Шағын кәсіпорында сапалы тауар жасау мүмкін емес. Сол себепті де арақ-шарап өндірісіне мемлекеттік монополия енгізу керектігін мен қолдаймын.
Мемлекеттік монополия, біріншіден, ішімдік өнімдерін таза шығару жағын, екіншіден, арақ-шарап атаулының қай жерде сатылатынын өз бақылауына алады. Әлгі кәмелетке толмағандарға, кішкентай балаларға сатылмауы тиіс деген шектеу өз жемісін бере алмайды. Ол – критерий емес. Критерий – халыққа, жастарға бір-екі күн емес, күндіз-түні арақ-шараптың зиянын түсіндіріп, насихаттау жұмыстарын жүргізу. Темекі қорабының сыртына жазып қоятындай «Бұл сіздің денсаулығыңызға зиянды» деген сияқты жүрдім-бардым ескертудің ешқандай пайдасы болмайды.
Одан кейін қолға алынатын мәселе – ащы судың жарнамасын доғару керек. Ақпарат құралдарында әсіресе «алкогольсыз» сыраның жарнамасы қаптап жүр. Халықтың санасын сыналап улайтын осындай жарнамаларды құрту керек. Мысал айтайын, жуырда теледидардан көрдім, қазір Ресейде 800 мың емші бар екен, олардың саны дәрігерлердің санынан үш есе асып кеткен. Оған жарнама себепші болған көрінеді. Сондықтан Ресей Мемлекеттік думасында емшілердің жарнамасын тоқтату туралы заң қабылдады. Бізде ішімдік жарнамасына тыйым салатын заң бар, бірақ оны айналып өтудің жолын да ішімдік өндірушілер тауып алған.
Ізбасар БОЗАЕВ, Алматы Сауда палатасының төрағасы:
Жоқ
– Карл Маркстің «Түсетін табыс 300 пайыздан асатын болса, бизнесті дар ағашы да тоқтата алмайды» деген сөзі бар ғой. Арақ-шарап бизнесі есірткі, қару-жарақ саудасынан бірде-бір кем түспейтін, ең көп табыс әкелетін ақшаның қайнар көзі болып табылады. Атам қазақ «алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп бекер айтпаған ғой. Ондай кезде заңға бағыну, акциздік тәртіпті сақтау сияқты ойлар артта қалып кетеді.
Сондықтан арақ-шарап өндірісіне мемлекеттік монополия орнату бар мәселені шеше алмайды. Кеңес дәуірінде осы өндірісте, өзіңізге белгілі, мемлекеттік монополия үстемдік құрды. Қазір қарап отырсақ, әртүрлі цехтар Үкіметтің зауыттарынан кем жұмыс істемейді. Оның үстіне, бізде жалған арақ-шарап шығарушылармен күресетін мекеме де бар.
Міне, осы жағына көңіл бөлген жөн сияқты. Ең әуелі әлгіндей заң бұзушылармен күресті күшейткен дұрыс болар еді. Егер заң бұзушы қолға түссе, оны құтылып кете алмайтындай етіп, қатаң жаза қолдану қажет. Сонда ғана бізде арақ-шарап өндірісінде тәртіп те орнайды, бюджетке де қаржы түсіп отырады.
Ал осы мәселенің әлеуметтік жағына келсек, арақ ішетін адамды бәрібір ешқандай шектеу тоқтата алмайды. Ондайлар қайдан болса да іздеп жүріп, тауып алады. Осы арада тағы бір түйткілді ұмытпаған дұрыс. Егер де ішімдік өнімдерін өндіруге мемлекеттік монополия енгізетін болсақ, онда жер-жерде жасырын цехтар қаптайды. Бүгінгі күні заңды жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпорындар сапалы арақ шығару үшін сапалы спиртті сатып алуға ұмтылса, ол кезде мемлекет меншігіндегі зауытпен бәсекеге түсу үшін шикізаттың сапасына да көңіл аудармайды, қандай да болсын көзбояушылықтан тартынбайтыны сөзсіз. Сол себепті арақ-шарап саласындағы тізгінді түгелдей мемлекет қолына алса да, сан түйткілді шеше алмайтынымыз анық.
Түйін
Ащы судың өндірісі орасан табыс әкелетініне қатысты Ресей үкіметінің ішімдік тұтынуды «аспаннан ақша жауғандай» деп бағалайтыны еске түседі. РФ қаржы министрі Михаил Кудрин темекі мен ішімдік акцизінің қымбаттауы туралы: «Бір қорап шылым шектің бе, демек, әлеуметтік мәселелерді шешуге, демографияны қолдауға қол ұшын бердім деп есептей бер. Кімде-кім арақ ішсе, темекі тартса, содан көмектің көбірек болатынын адамдар сезінсе дейміз» деп «жұбатқан» болатын.
Қалай болғанда да, мемлекеттік монополия ең әуелі денсаулық сақтау мен әлеуметтік саясаттың мүддесіне қайшы болмауы тиіс. Сондықтан ішімдік өндірісін мемлекеттің өз қолына алуын қоғамда ащы суды тұтынудан туындайтын зардаптарды жоюға бағытталған қадамы деп қарағанымыз жөн шығар.