Жуырда Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі «айы-күні жетпей туылған балаларды аман алып қалған акушерлер мен перзентханаларға сыйақы беру керек» деген пікірін айтқан болатын. Бұл пікірді қолдап, оң көзқарас танытқандар аз болмады. Денсаулық саласында жүрген мамандарды, оның ішінде мол жауапкершілікті талап ететін ауыр жұмыс иесі акушерлерді, осылайша, ынталандыру тәжірибесі әлемнің бірнеше елінде бар көрінеді. Бірақ қоғамда қайшы пікірлер де жеткілікті. Министрдің ұсынып отырған бұл бастамасына қатысты «Айы-күні жетпей туылған балаларды аман алып қалған перзентханаларға сыйақы беру керек деген пікір негізді ме?» деген тақырыпты осы салада жүрген мамандардың қызу талқысына салып көрелік.
Рая РАХИМОВА, Шығыс Қазақстан облыстық «Ана мен бала» орталығының бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:
иә
– Акушерлер мен медбикелердің жұмысы зор жауапкершілікті талап ететін, зор күш жұмсалатын, мейрамдар мен демалыс күндеріне қарамастан, күні-түні қажырлы еңбек етіп, тер төгетін, әрі қауіпті мамандықтар бола тұра жалақысының өте төмен екенін білеміз. Жүкті келіншектерді босандырудың оңай еместігі былай тұрсын, шала туылған нәрестелерді туғызу тіпті қиын. Қазақстанда жүкті әйелдерді айы-күні жетпей туғызу 2008 жылдан бері қарай ғана біртіндеп тәжірибеге ене бастады.
Жалпы, қарапайым дәрігер мамандар Қазақстан Республикасының қазіргі денсаулық сақтау министрі Салидат Зекенқызының атқарып жатқан барлық шараларына дән риза. Сондықтан өз басым айтылған пікірді ризашылықпен қолдаймын. «Ана мен бала» орталығын басқарып, ішінде жүргеннен кейін бұл жағдайдың барлығы да күнделікті көз алдымда. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елінде бар. Бір қуантарлығы, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласында соңғы кездері көптеген елеулі өзгерістер болып, көшілгері жылжып келеді. Дәрігерлердің жалақысы, демалысы, тағысын тағы. Бұл да осы саладағы жақсы жаңалықтың бірі боларына еш күмәнім жоқ. Акушерлер мен медбикелердің жұмыстарын көзімен көріп жүрмеген адамдарға мұны түсіну қиынға түседі. Бірақ еліміздегі акушерлердің тапшылығы мәселесін ескере отырып қарайтын болсақ, өте дұрыс және ұтымды шешім. Біріншіден, көріп жүрміз, перзентхана басшылары тәжірибесіз, жұмысына салғырт қарайтын акушерлерді жұмыстан босата алмайды. Шала туылған сәбилерді жатқызатын арнайы аппараттарды қалай қолдану керектігін білмейтіндер бар, сонда да жұмыстан шығарылмайды. Неге? Себебі жалақысы аз болғандықтан, акушер жоқ. Сол себепті бұл пікірге мамандарды ынталандырудың бір түрі деп қарауға болады. Дәрігер аз ғана жалақы аламын деп жұмысына уақыт өткізу үшін ғана келмеуі тиіс. Екіншіден, айы-күні жетпей туылған балаларды аман алып қалған перзентханалар мен акушер, медбикелерге сыйақы беру арқылы бала өлімін азайтуға болады деп сенемін.
Сәуле ДИҚАНБАЕВА, медицина ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Гиппократтың ант-суын ішкен кез келген дәрігер алдына келген науқасты емдеп, жүкті әйел болса босандыруға міндетті. Дүниеге келген нәрестелерді уақытында туылған, болмаса айы-күні жетпей туылған деп бөле-жарып қарауға болмайды. Барлық дәрігердің міндеті – бір. Соны біле тұра неліктен перзентхана қызметкерлеріне «баланы аман алып қалғаны үшін» деп сыйақы тағайындауымыз керек? Акушердің функционалды міндетіне бала туғызу кірсе, сол міндетін дұрыс атқарсын.
Біз керісінше, сол міндеттің дұрыс орындалуын талап етуіміз керек. Егер Денсаулық сақтау министрлігінің қаржысы қалтаға сыймай жатса, дәрігерлердің жалақысын көтерсін. Медицина саласында туындап жатқан мәселелердің басым бөлігі осы төмен жалақының әсерінен екендігі жасырын емес. Ал ол проблемалар тек перзентханада ғана деп айту орынсыз. Сондықтан ақ халаттыларды атқаратын қызметтеріне қарай бөле қарау дұрыс емес деп есептеймін. Медицинада жеңіл мамандық деген ұғым жоқ. Сол себепті жаппай дәрігер қауымның жалақысы жоғарыласа, солғұрлым проблема да азаяды. Ал айы-күні жетпей туылған балаларды аман алып қалғандарға сыйақы береміз деп уақытынан бұрын босанып қалатын әйелдердің санын арттырып алсақ не болмақ? Онсыз да өздігінен босана алмайтын әйелдердің балаларын операция жасау арқылы босандыру бизнеске айналып бара жатыр емес пе? Егер дәрігерлер сыйақыға бола жүкті әйелдерді уақытынан бұрын босандырып, толғақты қолдан жасайтын болса, кім жауап бермек? Әрине, мұндай сұмдық болмай-ақ қойсын, бірақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, егер осы сынды әрекеттер әшкереленіп жатса, олардың үстінен қылмыстық іс қозғап, жазалау қажет. Перзентхана перзентхана болып ашылды ма, өз жұмысын істесін. Одан да айы-күні жетпей туылған балаларды аман алып қала алмағандардан жауап алайық.
Бейтарап пікір
Гүлнара ӨТЕҒАЛИЕВА, І санатты акушер-гинеколог дәрігер:
– Сыйақы беру бала өлімін азайтады деген пікірмен келісе алмаймын. Дәрігерлер ақшаға бола балаларды өлтірмейді ғой. Ол ана мен баланың денсаулығына байланысты. Шала туылған нәрестелердің бұрынғы ең төменгі көрсеткіші, яғни туылғандағы салмағы екі келі болатын. Ал қазір жарты келі. Жарты келі сәбиді туғызып алып, оны аман алып қалу оңай емес. Сондықтан сыйақы беріліп жатса, құба-құп болары анық. Тағы бір айта кететін мәселе, ант-суын ішкен ақ халатты абзал жан қолдан толғақ жасап, болмаса, мерзімінен бұрын, ақша үшін жүкті әйелді босандырып, қылмыс жасауға дейін бармайды. Дәрігерлердің жалақысы тым аз екені рас. Алайда ақша үшін ғана жүрген дәрігер болса, басқа жолмен-ақ ақша табады. Мысалы, өте жоғары мөлшерде жалақы төлейтін жекеменшік емханалар бар дегендей...