Аймақтық жекеменшік телеарналарды жаппай сандық стандартқа өткізу қажет пе?

Бүгінде қоғам арасында «аймақтық жекеменшік телеарналарды да сандық стандартқа өткізу қажет» деген мәселе төңірегіндегі пікірлер екіге жарылуда. Бірі – «жекеменшік, ұлттық деп алалауға болмайды» десе, енді бірі оларды республика көлемінде хабар таратуға лайық емес деп есептейді. Біз екі жақтың да пікірін таразы басына салдық.

Шәһизада Әбдікәрімов, «Қызылорда» қоғамдық теле-радиокомпаниясының құрылтайшысы:
Иә

– Еліміз 2006 жылы Женева конвенциясына кір­гендіктен, біз бес жылдың ішінде сандық теле­ди­дар жүйесіне өтуге міндеттіміз. Өйткені әлемнің барлығы сапалы сандық жүйеге көшіп жатыр. Сандық те­ле­ди­дар­ға көшіруге мемлекеттің өзі араласу керек. Бізде мы­надай түсінік бар: сандық теледидар жекелеген теле­арналар үшін ғана қажет сияқты. Ұлттық теле­ар­налар бірінші мультиплекске кіріп жатқанда, ай­мақ­тық жекеменшік телеарналар­дың сандық стандартқа кіру-кірмеуі даулы мәсе­ле болып жатады. Шынын айт­қанда, мұндай мәсе­лелердің туындауы дұрыс емес. Себебі сандық жүйе көрермен үшін керек. Қа­зір­гі күні аймақтық телеарналар сандық жүйеге көшу үшін сұранысы жоғары, бәсекеге қабілетті әрі сапалы бо­луы керек деген талаптар қойылуда. Меніңше, мұн­дай талап­тың болуы да жөн емес. Аймақтық теле­ар­на­лардың рейтингін білу үшін сол аймақтағы кө­рер­мен­дерден сұрасын.
Олардың сандық жүйеге көшкен­нен соңғы келешегі сол жердегі кө­рер­­мендердің қажеттілігіне, рухани сұ­ранысына байланысты. Ме­нің­ше, ай­мақтық телеарналар Қазақ­стан үшін керек. Бізде біреулер «ай­мақ­­тық телеарналар не үшін қажет, Фран­­­цияда осынша ғана телеарна бар, Германияда сонша телеарна бар» деп Еуропа елдерін мысалға кел­тіреді. Оларға айтар уәжім мынау: Қазақстан тер­риториясы жағынан дүниежүзі бойын­ша 9-орын алады. Мына шеті мен ана шетіне құс қанаты талып же­те­тін елде бірыңғай рес­пуб­ли­калық ұлт­тық телеарналардың бағ­­дар­ла­ма­ла­ры жеткіліксіз. Олар ай­мақтағы кө­рер­мен­дер­дің қажет­ті­лі­гін өтей ал­май­ды. Өйт­ке­ні әр ай­мақ­тың өзінің ақ­параттық сұ­ранысы, қажеттілігі бар. Мейлі, ол Сыр өңірі бол­сын, Сарыарқа, Батыс ай­ма­ғы бол­сын, әрқайсысының ақ­па­рат­тық ландшафты бар. Ай­мақ­тық теле­ар­на­лар жергілікті жерлердің проб­ле­ма­сын көтереді, жақсы жақ­та­рын көр­­се­теді, мемлекеттік саясаттың қа­лай жү­зе­ге асып жатқанынан ха­бар­­дар етіп оты­рады. Сондықтан да ай­мақ­тық же­ке­меншік теле­ар­на­лар­ды міндетті түрде сандық жүйеге кір­гі­зуіміз керек. Бізді Франциямен са­лыс­­тыруға болмайды. Францияның тер­­риториясына екі-ақ телеарна да же­туі мүмкін.
Тағы бір мәселе, қазір «әзірге бірін­ші мультиплекс қосылады, содан кейін екінші мультиплекс қосылуы мүм­кін, халықтың сұранысына бай­ла­ныс­­ты үшінші мүльтиплекс те қосылып қа­лар» деген сөздер де күмән кел­ті­реді. Бы­лайша айтқанда, алдап-су­ла­ған­­дары сияқты. Сіз үш қабатты үй са­лу үшін бі­рін­ші бір қабатын салып алып, кейін сол бірінші қабатында оты­­рып, екінші қа­батының жобасын, ол біткен соң, үшінші қабаттың но­байын сызбайсыз ғой?! Сондықтан да үш мультиплекстің де техникалық не­гіз­­демесі бір мезетте, бірден жасалуы керек деп ойлаймын.

Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Жоқ

– Аймақтық телеарна дегенде мына нәрсені ажы­ра­тып алу керек. «Қазақстан» теле-радио кор­пора­ция­сының 14-тен астам филиалдары бар. Олар да ай­мақтық болып есептеледі. Олардың көбі ерте бас­тан жұмыс істеп келе жатқан, кейбіреуінің 60 жылдық тарихы бар телеарналар. Өздерінің шығармашылық деңгейі жоғары журналистік корпу­сы да қалыптасқан. Ол – жергілікті жерлерді жаңа­лықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, сол аймақтың қалыптасқан тари­хын, мәдениетін, тілін, дәстүрін зерттеп жүрген ком­па­ниялар. Біз Парламент Мәжілісінде сол теле­ар­на­лар­ды сандық технологияға көшіру туралы талап қой­дық және соған қол жеткіздік. Бұл өте дұрыс дүние болды. Енді 40-тан астам аймақтық жекеменшік теле­ар­­налар бар. Соларды зерттейтін болсаңыздар, кей­бі­­­реулерінің студияла­рын­да үш-төрт-ақ адам жұмыс іс­­тейді. Олар келеді де Ресейдің, шетелдің дүниелерін таң­ертеңнен кешке дейін трансляциялап қосып қояды.
Сосын жарнама табумен ай­на­лы­сады. Міне, осындай теле­ар­налардың республика деңгейінде хабар та­ра­туына өз басым қарсымын. Неге дей­тін болсаңыздар, олардың республика көлеміндегі кө­рер­мендерге сай ха­бар­лары жоқ. Олар бізге емес, алды­мен өздеріне та­лап қойып, шы­ғар­ма­шылық жағы­нан республикалық дең­гей­ге кө­те­ріл­сін. Бұл – бір. Екіншіден, бұл те­ле­ар­на­­ларды кім ашып отыр? Мәселен, азын-аулақ ақшасы бар кәсіпкер өзінің мүддесі үшін осындай телеарна ашады. Ол кейін жарнамамен ақша та­буға көшеді. Сондықтан да кәсіпкер ол телеарнаны ұстап тұра алмайтын болса, неге ашады? Ондай теле­ар­на­лар­дың «ақша әкел» деп мемлекетке қол жайып отыруы дұрыс па? Мем­ле­кет­тің ақшасы – салықтан түскен ха­лық­тың ақшасы. Сондықтан да ол қар­жыны кімге жұм­сай­ты­ны­мыз­ды ой­лануымыз керек.
«Аймақтық телеарналарды жап­пай сандық жүйеге көшіру – елдің та­ла­бы» дейді. Елдің талабын біз де зерт­теп, қарап отырмыз. Ел біздің мен­та­литетке келмейтін, жастардың пси­хологиясын бұзатын шетелдің ха­бар­ларын тоқтату туралы талап қойып отыр, керек де­се­ңіз. Рейтинг деп олар белгілі топтың арасында сауал­на­ма жүргізіп, соларын «халықтың сұранысы» деп көрсеткісі келеді. Сол рейтинг жасаған адамдар ауылға барып па? Қазақ көрермендері ара­сын­да сауалнама жүргізіп пе? Мы­са­лы, сауалнамаларының ара­сы­нан «Қазақ­станның ақпараттық ке­ңіс­ті­гін­дегі телеарналар сіздің ұлттық мүд­де­ңіз­ге қаншалықты пайдалы, қан­ша­лық­­ты зиян» деген бірде-бір сұрақ кез­­дестірмедім. Менің ойымша, осы сұ­рақ ең негізгі сұрақ болуы ке­рек. Ай­мақтық телеарналарға осы жағы­нан қарау қажет.
Ал Парламент қабырғасына келіп түскен «Телевидение туралы» заң жо­ба­сы анау айтқандай өзгелердің мүд­де­сін шектеу емес. Бұл – бізге келіп жат­қан басқа елдердің ақпараттарына ба­қылау орнату. Кез келген мемлекет мұны істемей тұра алмайды. Мысалы, Еуропаның Франция, Австрия, Италия секілді елдерінде бұқаралық ақпарат құралдарына бақылау орнататын ко­ми­теттер бар. Бізде ондай да жоқ. Сон­­дықтан біз де Қазақстандағы ақ­па­раттық қауіпсіздікке солардың тұр­ғы­сынан қарауымыз керек. Бізде кім бол­са, ол болсын, мынаны ескеру ке­рек: Қазақстанның мүддесіне шетелдің мүддесі арқылы келуге болмайды. Қазақстанның мүддесіне Қазақ­стан­ның мүддесі арқылы қарау керек! Әділ­­діктің шыңы – осы.

Түйін
Министрлік «біз телеарналарды аймақтық, респуб­ли­калық деп алаламаймыз» дейді. Оларға қойылған та­лап­тардың үде­сі­нен шық­са болғаны. Яғни бәсекеге қабілетті телеарналар жа­ңа тех­нологияның мүмкіндігін пай­да­лануға құқылы де­ген­ге келтіреді. Бұл да дұрыс сияқты. Ақ­параттық кеңіс­ті­гі­міз­­дің сапалы болғаны халық үшін де пайдалы емес пе?!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста