Аймақтарда табиғи апат жағдайына арналған бюджеттен тыс арнайы қор құру қажет пе?
Соңғы жылдары табиғат қатаңдық танытып жүр. Қыс айларында қалада да, далада да аттың баурайынан асатын қалың қар жауып, көктем шыға ол күрт ериді. Соның салдарынан қазір еліміздің бір емес, бірнеше аймақтарында төтенше жағдай жарияланып отыр. Зардап шегушілердің тарапынан айтылып жатқан өткір-өткір сын-пікірлер легі әлбетте арты селге айналған қалың қардың емес, құзырлы сала орындарының атына бағытталып жатыр. Алайда апат айтып келмейді. Тиісті органдардың іс-әрекеті өз алдына бөлек әңгіме. Ал мұндай жағдайдың кейінгі жылдары тағы қайталануы мүмкін екендігін ескерсек, басқа да алдын алу шараларын әліптің артын күтпей-ақ ұйымдастырып отыру керек шығар? Мәселен, аймақтарда табиғи апаттарға арналған бюджеттен тыс арнайы қор құрылса ше?
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі, профессор:
иә
– География ғылымының маманы ретінде айтарым, табиғаттағы болып жатқан құбылыстар мен сол құбылыстардың пайда болуы оның адамзатқа қандай әсері бар және адамзаттың табиғатқа әсері қандай, соның барлығын оқып, зерттеп қана қоймай, насихаттап жүремін. Мына нәрсені ұмытпайық, табиғат өз заңдылығымен жүреді, адамзат баласы сол заңдылыққа қарсы тұра алмайды. Бұл – әлдеқашан дәлелденген ақиқат. Бірақ біз көбіне соны естен шығарып аламыз, мән бере бермейміз. Дұрыс айтасыздар, қор құру керек. Бірақ қордың мақсат-міндетін дұрыстап, айқындап алу қажет. Және оның тұжырымдамасын жасағанда жеті рет өлшеп барып, бір рет кесу керек. Былайша айтқанда, қорды асығыс құра салып, артынша қаржының тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге тиіспіз. Қажет болса, шетелдерде бұрыннан жұмыс істейтін қорлардың тәжірибесіне жүгінсек, артық емес.
Әлбетте қордың ақшасын қайда және қалай пайдаланған тиімді деген сауал туындайды. Менің ойымша, бірінші кезекте адамдардың сауатын ашуға жұмсаған дұрыс сияқты, яғни экологиялық сауатты көтеруге. Экологиялық сауатты, экологиялық мәдениетті адам бәрін айт та, бірін айт, ауласындағы су ағып жатқан арықтарды тазалап тұрудың өзіне жауапкершілікпен қарайды. Арықтың жағасына ағаш егеді, үйінің айналасын тазалайды, өткен жылы суы тасыған арығының жырылған жеріне келер жылы бөгет қояды.
Міне, еліміздің әрбір азаматының экологиялық сауатының жоғары болуы қаншалықты маңызды. Мұндай сауатты үздіксіз дамытып отыру керек. Өйткені апат айтып келмейді. Әр кез соған дайын тұрсақ деймін.
Үкіметке барлығын ысыра беруге болмайды. Әр отбасында проблема болмаса, мемлекетте де проблема болмайды. Мемлекеттің өзі әрбір адамнан тұрады. Барша болып бір мезет мемлекетке де көмектесіп тұрсақ игі емес пе?
Негізі, қорлар көп, егер аймақтарда табиғи апаттарға арналған бюджеттен тыс арнайы тағы бір қор құрылса, артықтық ете қоймас. Ол «Қазақстанның табиғатын қорғау» болмаса «Қазақстандағы өзен-көлдерді қорғау» деп атала ма, ол жағын білмеймін, бірақ әңгіме атында емес, затында болса керек.
Айта кетейін, ойпатты жерлермен ағатын, мәселен, Сырдария, Арыс, Жайық сияқты өзендер тек көктемде тасиды. Ал таудан ағатын өзен-көлдер жазға таман мұздықтар еріген кезде тасиды. Міне, осы екі жағдайды көпшілік білмейді емес, біледі. Демек, сақадай сай болып отыруға әбден болады. Қазір дүниежүзінде тұщы су тапшылығы өткір болып тұр. Жер бетіндегі барлық атмосферадағы сулардың екі-ақ пайызы ғана тұщы. Ал тұщы су – мұздықтар мен өзен сулары. Соны қадірлеп, қастерлеп, бір қасығына дейін ысырап қылмай пайдалануға үйренуіміз керек.
Әрине, сіздер айтып отырғандай қор құрылып жатса, оның белгілі бір мөлшері су басып кеткен аймақтарға көмек ретінде бөлінсін, алайда алдымен сол судың тасымауының жолдарын қарастыруымыз керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік». «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» осы сынды қордың көмегімен экологиялық білімді жетілдіру керек деп ойлаймын. Халқы экологиялық сауатты елдің экономикалық саясаты жоғары болатынын ұмытпайық.
Ахметқал МЕДЕУ, география ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Шынымен де, жағдай қазір алаңдатарлық. Оңтүстік Қазақстан облысындағы 102 елді мекен су астында қалса, Солтүстік Қазақстанда отыздан астам ауыл-аймаққа үлкен қауіп тұр. Басқа да өңірлер сақ отырмаса болмайды. Өкініштісі сол, болары болған соң сан соғып, апалаң-топалаң күйге түсеміз. Осы әдетіміз жылда қайталанады. Өткеннен сабақ алып үйрене алмай-ақ қойдық, осы. Алдымен мынандай сауалға жауап іздеп көрейікші. Осындай жағдай орын алатынын күні бұрын болжауға, оның алдын алуға бола ма? Әлбетте болады. Тіпті жер сілкінісі сияқты апатты нақты болмаса да, шамалап білуге мүмкіндік жоқ емес. Ал өздеріңіз көріп отырғандай, біз әдеттегідей жылда дайын болмай шығамыз. Неге? Өйткені құзырлы сала өз жұмысына салғырт-салақ қарайды. Күні бұрын ел-елді аралап, қай аймаққа қандай қауіп төніп тұрғанын тексеріп жүрсе болады ғой.
Әйтпесе қазір қай облыста қардың қалың түсетіні, қай өңірде су тасқыны болуы мүмкін екендігін анықтап отыру тіптен қиын емес. Мықтап қолға алса, біздің мамандардың оған білім-біліктілігі де және үкіметтің қаржысы да жетер еді. Дәл осындай артында адам тағдыры тұрған апаттың алдын алу шараларына Үкімет аянып қалмайды деп сенемін.
Сондықтан да қор құруды емес, құзырлы саланың жұмысын қалай жолға қоюды, олардың жауапкершілігін арттыруды және кінәлілерді жазаға тарту керектігін ойластыру керек дер едім.
Ал сіздер айтып отырғандай, аймақтарда табиғи апаттарға арналған бюджеттен тыс қор құруға үзілді-кесілді қарсымын. Ондай қор құрудың түкке қажеті жоқ. Кезінде, мәселен, экологиялық қор құрылған болатын. Қордағы қаржы тиісті жерге және өз мақсатымен жұмсалды деп айта алмаймын. Тіпті сол қордың өзі қолдан-қолға өтіп, берекесі қашып кетті емес пе? Дәл солай арнайы қор құрылып жатса, оның қандай да бір проблеманы шешуде адал жұмыс істейтініне күмәнім бар. Тек айтып отырғандай, экологиялық қор ғана емес, жалпы, біздің елде атын айғайлатып ашылып жатқан қорлардың басым бөлігінің жұмысы көңілімнен шықпайды десем, артық айтқандық емес. «Айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарады» деп қазақ осындайда айтса керек. Мен арнайы қор емес, сақтандыру қорын құру керек дер едім. Мұндай қордың керектігін Елбасы да қауіпсіздік кеңесі кезінде айтып қалған. Дұрысы сол сияқты. Сақтандыру қорлары көптеген елдерде бұрыннан бар. Аталмыш қорлар табиғи апаттар кезінде комиссияның қорытындысы бойынша қажет нысандарға тиісті қаржы бөліп отырады. Сіздер айтып отырғандай қор, мәселен, науқан іспетті болса, сақтандыру қорлары тұрақты жұмыс істейтін болады.
Менің ойымша, қор үш тараптан құрылуы керек. Бірінші субъекті – мемлекет, екінші – жергілікті атқарушы орган, үшінші – халықтың өзі. Бірақ та мұндай қордың жұмысы да тиісті бақылау орындарының қатаң қадағалауында болғаны дұрыс. Әйтпесе «жаман айтпай, жақсы жоқ».
Түйін
Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:
– Ондай қор құрып, еш мәселені шеше алмаймыз. Оның қажеттілігін де көріп отырғаным жоқ. Ол аты бар, заты жоқ дүние болады да қалады. Елімізде осы сынды қоғамдық қорсымақтар аз емес. Алайда ешбірінің атын атап тап қазір үлгі ете алмайтын шығармыз.
Мұндай апатты болдырмауға тырысуымыз керек. Оған мүмкіндігіміз бар. Тек енжарлықты қойып, белсенді жұмыс істеу керек. Қажет болса, ғалымдарды да тартып отыруды жолға қойса деймін. Қазіргі жағдайдың ушығып кетуіне Төтенше жағдай министрлігінің де салғырт-салақтығы әсер етті десем, ешкім дау айтпас. Сондай-ақ адамдардың өздері де қолдарын қусырып отыра берген. Әйтпесе қыс бойы жауған қалың қардың зардабы болары айтпаса да түсінікті емес пе?! Жергілікті әкімдіктер де алдын-ала дабыл қағып, неге дайындық жұмыстарын жүргізбеген? Міне, гәп қайда жатыр? Ал арнайы қор құру керек дегенге қосылмаймын.