Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әртүрлі көзқарастағы азаматтардың пікірімен саралайтын, «Алаш айнасы» газеті мен СТВ арнасының бірлескен жобасы аясында жарық көрген бағдарламаның кезекті тақырыбы Наурыз мерекесіне арналып отыр. Яғни кезекті бағдарлама тақырыбы «21 наурыз күні отбасымен жаңа жылды күтудің белгілі бір сағатын белгілеу керек пе?» деп аталады. Әдетте, Ұлыстың ұлы мерекесі елімізде бір ай көлемінде тойланады. Алайда бұған қатысты бірқатар этнографтар Наурызды күтудің белгілі бір сағатын белгілеу арқылы отбасылық мерекеге айналдыру әрі ысырапқа жол бермеу мәселесін көтеріп жүр. Мамандар қозғаған бұл тақырыпты біз де өз тарапымыздан талқыға салған едік.
Аманхан ӘЛІМ, ақын, публицист:
иә
– Біз Наурызды қарсы алудың белгілі бір мерзімін енгізуіміз керек. Қазақ – онсыз да тойшыл халық. Сәби дүниеге келген сәттен бастап шілдеханасын, тұсаукесерін, тілашарын, әйтеуір, ештеңесін қалдырмай тойлатамыз. Өзім де тойды жақсы көретін халықтың баласымын ғой, әйтсе де әсіреысырапшыл тойларға кішкене шектеу қажет секілді. Соның ішінде Наурыз тойын тойлауға да шектеу енгізуіміз керек. Бір айдан астам уақыт әрбір мекеме, әрбір компания қалдырмастан жаппай Наурыз тойын тойлау жақсы емес. Мүмкін, ата-бабаларымыз Наурызды бұрын бір ай көлемінде тойлаған шығар.
Ал қазір заманға сай бейімделіп, жинақылыққа үйренетін кез жетті. ХVIII-ХІХ ғасырлардағыдай арқаны кеңге беріп, Наурыз тойын асықпай тойлататын кезден өттік. Біз әрбір нәрсені заманға сай бейімдеп отырудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Осы орайда 21 наурыз күні отбасымен жаңа жылды қарсы алудың белгілі бір сағатын енгізу арқылы оның ұзақ уақыт тойлануына да шектеу қоюға болады деп санаймын. Сондықтан заманымызға сай жаңа жылды қарсы алудың белгілі бір мерзімін енгізіп, Наурыз тойын да сол уақытта ғана тойлауымыз қажет.
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф:
жоқ
– Мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Наурыз тойын тойлауға қатысты шектеу енгізудің қажеті жоқ. Наурызды отбасымен күтіп алудың белгілі бір сағатын енгізу де – артық дүние. Өйткені Наурыз тойы – онсыз да отбасы болып қана емес, ел болып, жұрт болып, туған-туыстар бір-бірін іздеп, өзара қыдырып қарсы алатын мереке. Осы орайда Наурыз тойын отбасылық мереке емес деп айта алмас едім. Қайта бұл – алыс-жақын туған-туыстың барлығының басын қосатын нағыз мереке. Мұны ата-бабаларымыз ғасырлар бойына Ұлыстың ұлы мерекесі деп әспеттеп, ай бойына тойлаған.
Жаңа бір жылдың басы ретінде қасиет тұтқан. Расында да, Алланың құдіретімен наурыздың 21-інде күн мен түннің теңелуі, ғалымдарымыздың зерттеуі бойынша да көптеген артықшылықтарға ие бұл күннің қасиеті мол. Тіпті хандық дәуір құрылмай тұрған қағандар кезеңінде де өлкелік үлкен мереке болған. Шын мәнінде, Наурыз мерекесі бір сағатта қарсы алып, бір немесе екі күнге байлап қоятын мереке емес. Алғашқы күнтізбелерге сүйенсек, ақпан айының аяғында ай тұйықталып, наурыз айының басында жанды-жансыз нәрсенің барлығында бұлқыныс пайда болады екен. Айта берсек, наурыз айының келуімен бірге пайда болатын мұндай өзгерістер көп-ақ. Ендеше, мұндай ұлық мерекенің өз дәрежесінде тойланғаны дұрыс.
«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы
«Алаш айнасы» – «Ой-көкпар» бағдарламасының жазбаша нұсқасы.
Жүргізуші: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.
Бағдарлама ұзақтығы: 27 минут.
Эфирдегі уақыты: жұма күні сағат 22:30.
Хабар қонақтары:
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф.
Аманхан ӘЛІМ, ақын, публицист.
тартыс бөлімі
Жүргізуші:
– Бағдарлама қонақтарының ұстанымы айқындалды. Енді бағдарламамыздың «Тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқатып айтсақ. Аманхан мырза, халқымыз шамамен 22 наурыздан 22 сәуірге дейін Наурыз тойын тойлап үйреніп қалған. Ендеше, Наурыз мерекесін қарсы алудың белгілі бір мерзімін енгізуге халқымыз көне қояр ма екен?
Аманхан ӘЛІМ:
– Әрине, қанға сіңіп кеткен нәрсені бірден өзгерту қиын. Әйтсе де бізге Наурыз мейрамын тойлаудың белгілі бір тәртібін енгізетін кез жетті. Наурызды, сөз жоқ, тойлатуымыз керек. Наурыз – жыл басы. Ол – ақиқат. Оны, біріншіден, Алла, екіншіден, табиғаттың өзі жаңарып, жасаруымен реттеп қойған. Алайда әр нәрсенің мөлшері болуы керек. Қарсыласым Ғалия Қайдауылқызының «1001 түйін» деген кітабында «Даңғаза той – дарақылықтың белгісі» деген түйін жасапты. Осылайша, қарсыласымды өз сөзінен ұстайын, бұл өте дұрыс айтылған. Біз кейде тәп-тәуір салт-дәстүрлерімізді дарақылыққа айналдырып жібергенімізді байқамай қаламыз. Наурызды ұзақ уақыт тойлатып, даңғазаға, бос отырыстарға, әсірешашылуларға айналдыру дұрыс емес. Жергілікті билік өкілдері де осыған үйреніп алған. Тіпті мектептерге шейін киіз үй тігіп, Наурыз тойын өткізуге міндеттеп қойған. Бір ай ішінде әрбір мектепке салмақ салып, кесте бойынша Наурыз тойын өткізудің тізімін жасап, бір ай бойына наурызды қарсы алудың осынша дүрбелеңі кімге керек?! Мәселен, мектеп директоры Наурызды өткізу туралы тапсырма алғаннан кейін ұстаздарды жинап, Наурыз тойына дайындалады. Ақша жинайды, киіз үй іздейді, ұлттық тағамдарды істеп келуді өзара бөліп алады. Осының бәрі – наурыз тойына қатысты әсіре ысырап дүниелер. Ал наурызды қарсы алудың белгілі бір сағатын енгізсек, бұған тосқауыл қойылар еді.
Біз дәл қазіргі кезеңде көп тойлаудан гөрі көп ойлануға уақыт жіберуіміз керек. Айналамыздың бәрі заманға сай бейімделіп, уақытын үнемдеп, барлық уақытын пайдалы істер жасауға бөліп жатқанда біз той жасауға, асықпай бір жерге кешігіп бару арқылы біреудің уақытын алуға, жайбасарлыққа жұмсап жатырмыз. Бұл дұрыс емес. Жинақылыққа үйренетін кез жетті. Осылай жүріп біз заман ағымынан қалып кетеміз бе деп қорқамын. Рухани уақыт талаптарынан ұтылып қаламыз.
Жүргізуші:
– Ғалия ханым, 31 желтоқсан күні түнгі сағат 12-де Жаңа жылды қарсы алғаннан кейін әркім өз жұмысымен кетеді. Ешкімді ешкім жаңа жылды тойлауға міндеттемейді. Тіпті Жаңа жылды қарсы алып болған соң, әрі қарай тойлатпақ түгіл, қыстың да мәні қашқандай болады. Осы секілді Наурызды тойлаудың да белгілі бір сағатын енгізу арқылы оның маңызын арттыра түсуіміз мүмкін бе?
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ:
– Керісінше, наурызды қарсы алудың белгілі бір сағатын енгізу арқылы оның аясын тарылтып, мәртебесін кішірейтеміз. Шын мәнінде, Наурызда Жаңа жылды қарсы алудың белгілі бір сағатын белгілеу мүмкін емес. Күн мен түннің теңеліп, табиғаттың өзгеріске ұшыраған сәтін адамнан басқа, жан-жануардың барлығы сезеді екен. Бірақ оны тап басып айту мүмкін емес. Сол сәтте құстар ұясының аузына келіп жаңа атқан таңға сәлем берсе, сиыр күйісін тоқтатады екен. Балық судың бетіне шығып, шоршып түсетін көрінеді. Ал енді осыларды аңдып отырып сағатын белгілеу мүмкін бе? Григориан күнтізбесі бойынша, желтоқсан айының аяқталып, қаңтар айының басталуы Жаңа жылдың басталуы болса, наурыз айындағы жылдың алмасуын табиғаттың өзі ерекшелеп қойған. Қазір Наурыз тойын наурыздың 22-сінен сәуірдің 22-сінен дейін тойлап жүрсе, біздің бала кезімізде наурыздың 14-інен бастап тойлайтын. Наурызкөже пісіріп, шелегімізді алып, әр үйден наурызкөже құйып алатынбыз. Бұл ырыздық бірлікті, ауызбіршілік болады деген ырым болатын. Ал батыста наурыздың 14-і көріс айт деп аталатын. Өзара көрісіп, төс қағыстырып наурыз айының келуін 14-інен бастап тойлап кететін. Бұл кезеңді біреулер уызкөже десе, бірі наурызамал дейтін. Бірақ сол кездің өзінде Арқадан Алтайға созылған қазақ даласы наурызды бастап тойлайтын болған.
Мен де мектептерге шейін тапсырма алып, Наурыз тойын тойлауына қарсымын. Бұл – жергілікті билік өкілдерінің асыра сілтеуі. Дегенмен қолында билігі бар атқамінер азаматтар шүлен қазан таратқандай халыққа наурызкөже таратса қолдар едім. Халық та ол азаматтардың аттан түспей, билікте жүріп елді басқара беруін келесі Наурыз тойына дейін тілеп отырар еді. Мұны атқамінер азаматтар әкімдердің бұйрығымен емес, өздерінің ынтасымен орындаса тіпті жақсы. Наурыз мейірімділік, қамқорлық айы дейді ғой. Атқамінер азаматтар осы айда өздерінің мейірімділігін көрсетсе ғажап емес пе?! Сондай-ақ Наурыз тойын өткізген мекемелер қазақтың салт-дәстүрлерін бір күнде көрсетуге тырысады. Бұл – салт-дәстүрді қолдау емес, қорлау. Сондықтан салт-дәстүрді ұрпақтың санасына сыналап құйып, жүрегіне тоқытамыз десек, бұлай істеуіміз қате. Есесіне Наурыз мейрамын бір ай тойлау қате десек, тоғыз күн тойлауды енгізуімізге болады. Сонда әр дәстүрге бір күн арнап, барлық салтымызды ашып көрсетуге мүмкіндік болар еді. Ұлт мүддесі үшін бұл – өте пайдалы. Бір күнді бұлақтың көзін ашып сауапты іске жұмсаса, келесі күнді ұлттық ән-жырға, ұлттық қолөнер күнін тағы бір күнге белгілеп жүйелеуге болар еді. Сонда бір ай тойлаудан мезі болып, бір-бірімізден қашатын жағдайға жетпес едік.
Жүргізуші:
– Аманхан мырза, Ғалия ханым бір айлық тойлау райынан қайтып, тоғыз күн тойлау туралы ұсыныс айтып отыр. Сіз бұған қалай қарайсыз?
Аманхан ӘЛІМ:
– Әрине, бір ай тойлатудан гөрі тоғыз күн тойлау арқылы жүйелеу дұрыс-ақ. Бірақ мұндай тәртіпті кім енгізе алады? Бір айдан астам уақыт тойлау, оған қыруар қаржы бөлу әсіретойлау екені анық.
сайыс бөлімі
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың үшінші бөлімі «Сайыс» деп аталады. Осы тақырып бойынша қарсыластар өзара сұрақ-жауап алмасады.
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ:
– Наурызды тойлауды белгілі бір сағатқа байламасақ та, 7-9 күн тойлауды қолдайсыз ба және бұл күндерді қалай тойлауды ұсынар едіңіз?
Аманхан ӘЛІМ:
– Жеті немесе тоғыз күн тойлаған жаман емес. Мұндай жағдайда бірінші күнді айтысқа, ұлттық ән-жырға, екінші күнді ұлттық қолөнерге, ісмерлікке, үшінші күнді ұлттық тағамдарымызға берсе дұрыс болар еді. Әрбір мекемеге міндеттемей, жаппай халық болып тойлау қажет. Ал сізге қояр сұрағым: тоғыз күн деп ұсыныс жасап отырсыз ғой, халыққа осы тоғыз күндік тәртіппен жүйелеп берер адам табыла ма?
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ:
– Әр нәрсені жасар алдында біз жоғарыға жалтақтаймыз. Төле би бабамызша айтқанда, «Бидің ойлағанын құл да ойлайды, бірақ аузының дуасы жоқ» дегендей. Осы орайда бұл мәселеге дуалы ауыздардың «мақұлы» керек-ақ. Әйтсе де бастама төменнен басталып, халық арасында жүрген зиялы қауымның, этнографтардың, салт-дәстүрді жаңғыртуға бастамашы болып жүрген топтардың ұйытқы болғаны жөн.
ойтүйін
Жүргізуші:
– Соңғы бөлім «Ойтүйін» деп аталады. Бұл бөлімде екеуіңізге де қойылар сұрақ ортақ. Қарсыласыңыздың ойынан не түйдіңіз және оның ұстанымына өтіп кеткен жоқсыз ба?
Аманхан ӘЛІМ:
– Бүгінгі хабардан Наурыз тойын қашан, қалай тойлатқанда халық көңілінен шығады деген мәселенің өзекті болып отырғанын байқадым. Наурыз тойының бір айға созылып, халықты мезі етіп, мекемелердің Наурыз тойын өткізуден өзара жарысқа түспей, шын мәнінде, қуана қарсы алып, үлкен ой түйерліктей мерекеге айналдыру, жүйелеу қажеттігін сезіндім. Сондықтан Наурыз тойын даңғаза той емес, рухани маңызды тойға айналдырып, қарсы алудың белгілі бір сағатын белгілеп, санаулы күн ғана тойлау қажет.
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ:
– Салт-дәстүрдің ішінде тамыры терең, маңыздысы – Наурыз мерекесі. Бір кездері ажырап қалып 1987 жылдардан бастап қайта тойлана бастаған Наурыз тойының қадіріне жетіп, жыл өткен сайын жаңғыртып тойлау – міндетіміз. Осы орайда, Наурыз тойының аясын тарылтатын емес, кеңейтетін іс-әрекеттер жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Ал басқаларға еліктеп, жаңа жылды қарсы алудың белгілі бір сағатын белгілеуге тырысу Наурызды өсірудің орнына өшіреді, мәртебесін ұлықтау орнына түсіреді деп айта аламын.
Жүргізуші:
– Бүгінгі бағдарламамыз да өз мәресіне жетті. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастыру – біздің міндет, ал шешім қабылдау тиісті органдардың еншісінде.