Мəшинеде əн салмаспын...
(бүгінгі оқиға)
Ең құрғанда Серік Жанболаттай əн айта алмайтынымды мойындаймын. Құдай мені бұл жағынан құр қалдырыпты. Бірақ, қатты қуанғанда немесе көңілдің күйі кеткенде, оңашада барылдақ дауысты бар күшіне салып, əн айтып қоятыным бар. Əсіресе, мəшинеде.
...Сайлаудың кезекті шарасынан шаршап шығып, "Ақ жолдың" кеңсесін артта қалдырып, үйге тарттым. Рөлдемін. Мəшинеде мен ғана. Сейфуллиннің бойындағы "пробкада" тұрмын. Анда -санда екі - үш метр жылжып қоямыз. Терезені жауып тастап, барылдақпен бастым ғой əнге! Көңілдің хошы да көтерілгендей...Бір-екі метр жылжып алып, əннің екіншісін жібердім. Кенет айнаға көзім түсіп кеткені. Жүрегім тоқтап қала жаздады! Мəшиненің артқы орындығында беті көнектей болып кеткен біреу ыржиеееп қарап отыр.
-Аға, екі жүз теңге берші!Жетпей тұр!-дейді тағы.
Əй, иттің баласы-ай! Жаңа жол шетінде теңселіп тұрғанын байқағанмын. Қалай кіріп алған? Мына нөпір мəшиненің ішінен дəл мені таңдағанын қарашы! Бес жүз теңгені ұялғанымнан əлгінің қолына қалай ұстата салғанымды өзім де байқамай қалдым. Қатты қуанып, түсіп қалды. Ұят - ай! Енді мəшинеде əн салмаспын...
Арман Сқабылұлы
Фейсбуктегі парақшасынан