Енді саясатпен айналыспаймын
ЖАҚПАЙ ҚАЛДЫМ...
Саясатпен айналыспайын десең, саясат сенімен айналысады. Тыныш жатқан жыланның құйрығын басып "ыс" еткенде шапанға сатылғыш шалдар "Қазіргі жастар құтырған!" деп бөседі-ау. Әкіматтағылар қай жерде жиналыс өтсе, сол жерге ертіп алатын болыпты өздерін.
"Биыл ел тәуелсіздігіне пәлен жыл толды! Ата- бабаларымыздың арман етіп, жеткен жеңісі бұл. Пай-пай оу біз не көрмедік? Сендер бақыттысыңдар! Керемет заманда өмір сүріп жатырсыңдар! —деп екіленеді соңында.
Байырғы заманды бейшара етіп көрсетіп, бүгінгінің биш пакет ішіп жүрген бейшараларына" шүкір деңдер" дейді-ау.
Қай бір жылы өңірімізге білдей парламент мәжілісінің депутаты келген. Мақсаты: ел аралап, халықтың жағдайымен танысып, оны жоғарыға жеткізу.
Осындайда керек-жарағын алдыртып, жоқ-жұтаңын түгендетіп алудың орнына "қонаққа сырымызды алдырмайық" деді ме? "Ауданның жағдайы керемет!" деді ғой әлгілер.
Шыдай алмай отырған мен "Бізде айлық аз, жейтін нан жоқ, нан жоқ болғасын ән жоқ, бәрі қымбат, ел басының " Ту, туыңдар, демографияны өсіріңдер! " деген сөзіне сеніп, туа беріппіз. Енді келіп " Кімнен ұрықсат сұрадың?" деп ұрысады өзі. Екі ортада етегімізді балаға толтырып отырысымыз мынау.
Осылай дегенім сол екен, әлгі депутат жанында отырған әкімімізден аты-жөнімді сұрап алды да, ашықтан -ашық "Мына келіншектің жағдайын өзің ретте" деді ғой! "Ретте" дегенге қуанып кетсемші. Бір себет азық-түлік берер, жо — жооқ, бәлки үй берер, әй жоқ, қай бір жылы " халық үшін үй салып жатырмыз, жыл соңында бітеді" деп үй сұрай келгеннің барлығын кезекке қойып тастап еді, одан бері бақандай алты жыл өтті ғой. Үй салынбақ түгілі, үй салатын жердің өзін дайындай алмай жүрген көрінеді. Соған қарағанда үй бере қоймас. Бәлки айлығымды өсірер.
Атасының қақ басы. Жиналыс біте салысымен бастығыммен бірге кабинетіне жедел шақыртып, жерге қаратты ғой құрғыр. Жерге қарасам мейлі ғой "тыныш жүрмесең, жұмыстан қуыласың!" деген соң, дегеніне көніп, осы күніме тәубе етіп қала бердім қысқасы.
Деген ауыз деп қалады екен. Әлеуметтік желіде әлеуметтің жағдайына алаңдап, антұрғандарды сыбасам керек. Түннің кезі, безгек атқыр безілдек телефоным безілдеп қоя берді. Құлағыма тақағаным сол екен, "Облыстанбыз, жазғаныңызды алып тастамасаңыз, жаза көресіз!" деді дүрсілдеп. Сайтан алғырлар телефонымды сайттан алыпты.
Аузымызды жапты-ау мыналар ә?
Енді саясатпен айналыссам атым өшсін!
Жо-жоқ болмайды екен. "Журналистсің ғой, осындай мәселені көтер!" деп тұрғындар жан-жағыңнан қыспаққа алғанда айыр тілің тағы да, тағыларға тиіп кетеді екен. Сосын, тағы да, басшылықтан талақ алып, тамыр соғысың жиілеп, талып жатқаның сол.
Енді саясатпен айналыспаймын! Одан да үйдегі бала-шағаның тәрбиесімен айналысып, енеге қызмет етейін. Күн көрістің қамы—деп жүріп олармен сөйлесуді қойыппын -ау. Иә сөйтейін. Екпіндеп келіп, енем отырған бөлмеге кіргенім сол екен, екі қызы енемнің екі жағында отырып алып, енелерін жамандап отыр екен.
Кірген беттен, әнгімелеріне бірден кірісе алмай, әумесерленіп "Мен де енем туралы айтып, мұңымды шақсам бола ма?" деппін. Енем екпіндеп тұрды да, денемнен ұстап алып, дедектетіп апарып бөлмесінен шығарып жіберді.
Жақпай қалдым...
Салтанат Абылбекова
Фейсбуктегі парақшасынан