Әгәрәки ауырып қалсаңыз...
Телефон дрың-дрың еткесін көтеріп ем, «сәлеметсіз бе, ағай» дейді қыз дауысы, жүрек шіркін лүп етті.
«Журналист едім ағай, сізден сұхбат алайын деген ем».
Өзіме де обал жоқ «келе ғой» дедім. «Даусына қарағанда әдемі қыз болу керек» деп қоям өзімше.
Тымпыңдап тез жетті. Өзін сұлумын деп ойлайтын болу керек, ойпырмайдың боянғанын қоя бер енді.
«Жигулиді қанша сәндесең де мерседеске айналмайды екен-ау» дедім де қойдым.
- Шприц пен шприц деген газеттен келдім,- деді қалқатай.
- Немене мен немене деген...
- Шприц пен шприц деген.
- Ол екеуі екі шприц ба?
- Е жоға газеттің аты ғой.
«Соны да білмейсің ба, мақау» деп өзіме өзім ішімнен бір ұрысып алдым қарап отырмай.
- Үш мың тиражбен шығамыз, Қазақстанның жеті облысына тараймыз біз.
- Төрт мыңмен шықсаңдар көрші мемлекеттерге тарайды екенсіңдер да.
- Ол да ойымызда бар. Соған жұмыс жасап жүрміз қазір.
Менен үн шықпай қалды.
- Денсаулық пен тәрбие туралы жазамыз, сіз сұхбат берсеңіз...
- Мен доғдыр емеспін ғой.
- Білем ағай, бірақ елдің алдында жүрген азаматсыз, сізді көп адам таниды. Кәсіпкерсіз...
Кәдімгідей қоқиланып қалады екенсің, галстугымды түзеп, кәстөмімді бір шешіп қайтып киіп, тура бір бір топ адам қазір қарап тұрғандай болғаным.
- Ауырып қалсаңыз, мысалы тұмаумен, қалай емделесіз, не істейсіз, соны айтып берсеңіз. Оқырмандар қызығып оқиды оны. Әгәрәки ауырып қалсаңыз...
- Мұрнымнан су ағып, пышылдап отырғаным қызық па менің.
- Е, жоға, ол қызық емес. Қалай емделесіз деп отырмын мен. Мысалы соңғы рет қашан ауырдыңыз?
- Өткенде.
Ауырмағалы біраз болған. Мына сұрақтан кейін амалсыз ауыруға тура келді, ол ол ма, алдағы уақытта да ауыратыныма сенімді едім.
- Әні сол кезде қалай емделдіңіз?
- Қалай емделгенде... Мен де жұрт сияқтымын ғой, аптекаға барып дәрі алып іштім.
- Аптекаға өзіңіз бардыңыз ба?
- Өзім бардым да енді.
- Сонда әйеліңіз ауырсаңыз қарамай ма?
Пәдәрәңа налеттің сұрағын қара. Қарап отырмай қатыныммен шағыстырып отыр.
- Ой неге, қарайды ғой.
- Кәйтіп?
- Енді... жұмсақ көрпені қалыңдап салып, ыстық сорпа істеп беріп...
Не айтып отырғанымды түсінуден қала бастадым. «Қап, атасына нәлет, танымайтын нөмірді алып нем бар еді» деп өкініп отырмын тағы.
Қыз артық кемі жоқ екі сағаттан аса мүжіді. «Әйеліңіз ауырса сіз не істейсіз?», «бала күніңізде конго қырым безгегімен ауырмағансыз ба?», «қандай аурудан қорқасыз?», «қандай аурудың түрлерін білесіз?», «нағып медакадемиада оқымағансыз?» «менингит деген не?» «сары ауру дегенді қалай түсінесіз?»... Өңкей бір шатпақ бірдеңелер... Кейбір сұрақтарымен медицинаның профессорын бездіріп жіберуге болады. Онысын қоя берш, «әйеліңіз босанса қасында поддержка беріп тұрасыз ба? Қазір оған рұқсат бар» дегенде масқара боп, мұрнымды шұқып шұқып алдым.
Басым мең-зең боп, тірі мыстанның алдында тұрғандай қалтырай бастаған едім, «көрдіңіз бе ағай, әдемі сұхбат шықты» дегені.
- Сонда біз сұхбаттасып отырмыз ба?
- Иә, да
Олда атарбаңды ұрайын-ай, сандырақтап отырмын ба десем, сұхбат беріп отыр екем-ау. Не қуанарыңды не жыларыңды білмейді екенсің бұндайда.
Көйлегімнің түймесін сәл ағытып, орындығыма шалқая берген ем, телефоны жырп еткені.
- Өй не істедің?
- Суретке түсірдім ағай, әдемі түседі екенсіз.
Қарсыласатын қауқар қалмады, «ендігі апта газетті ап келем ағай, көрімдігіңізді дайындай беріңіз. Көрімдік дегенді білетін шығарсыз, қазақтың дәстүрі ол» деп тыныш кетпей оқытып кеткенін кәйтерсің. «Дәстүрге сүйенсек көрімдікті маған беру керек шығар» дегім келген, әңгімені көбейткім келмеді, онсыз да сұхбат бердім емес пе.
***
Үш төрт күн өткенде телефон тағы дрың дрың етті. Көтерсем сол қыз.
- Газетке шықтыңыз ағай,- деп мәз өзінше.
- Аа, иа, дұрыс, иә...
- Қуана беріңіз ағай, айтпақшы құтты болсын демейсіз ба...
- А, иә, құтты болсын айналайын.
Өз өзіме құтты болсын айтқызып кәдімгі ауруға айналдырды-ау, қайтейін...
Бұл жолы да тымпыңдап тез жетті, оншақты газеті бар. Сегіз беттен тұратын, битке жапсаң жылытпайтын, сонысына қарамай, үш мың тиражбен жеті облысты жаулап алған «Шприц пен шприцті» қолымызға алдық. Қақ ортасында беті балпиған өзім, түйме ағытылып кеткен, жаға деген алқа салқа, «әдемі түсіппін». Тақырыбын айтсайш, «Ауырып қалсам аптекадан барып өзіме дәрі алып ішемін жазылғанша». Қырсыққанда сол күні үш төрт құрдасым кеп отырған, шеттерінен мырс мырс етеді.
- Тух не дейді ей мынау...
- Ауырып қалсаң аптекадан барып дәрі алып ішесің биии...
- Не деген қайсар жігіт едің...
- Әйелің қанша көрпені қабаттап саладиии...
- Келесі ауырғаныңда звондаш, барып сорпа ішіп кетейік...
Бұл жалғанда құрдастың тілі ащы, үйтіп бүйтіп олардан да құтылдым. Көзі бақырайып кәсіпкер ағасын жеті облысқа танымал еткен тілшіні де көрімдігін беріп шығарып алдым. Сүйтіп Шприц пен шприцтің көзін құртуға кірістім. Оншақты газетті өртеп болғаным сол, шекемнен суық тер шығып кеткені. Үш мың болса да газет қой, тарайды, бірін болмаса бірін таныс паныс көріп қалса, «мынауың жынды ма» дейді ау. «Әйеліңіз босанса қасында тұрасыз ба?» егенде «Жоға» деппін, «Неге жаныңыз ашымай ма?» депті ол, «ашиды ғой бірақ, өзі туа береді әйелім» деппін мен. Сұхбатымыздың сиқы осы. Мынаны оқыған адам «байғұстың ақыл есі кемиін деген ба» деп жүрсе бәле, масқараның көкесі сол. Сасқалақтап телефонға жабыстым.
- Айналайын үш мың тиражбен шығасыңдар ма?
- Иә ағай өткенде айтқам.
- А, иә, шырағым сол үш мыңды мен сатып алайын.
- Сұхбат ұнады ма ағай?
- Әрине, сосын ғой сатып алайын деп отырғаным.
Ол да бәлсініп «үш мыңның бәрін сата алмаймыз, таратамыз, подпискамыз бар» деп, тағы бірдеңелерді айтып бұл жолы да екі сағат отырдық, ақыры атан түйенің құнына үш мыңын түгел сатып ап тындым.
***
Содан бері журналист атаулыға жоламай жүргенмін, ана қыздан кейін барлығы солай сияқты көрінетін. Сөйтсем олай емес, қайбір күні бір кісімен жолықтым. Салиқалы, салмақты, білімді жігіт екен. Арғы бергі тарихтан, еліміздің бүгіні мен келешегі жайында әжептеуір әңгіме айтты. Тыңдасаң риза боласың. «Е-е-е, журналист деген осылар екен ғой, бәсе» дедім іштей. Ал ана қыз... қайтеміз жас қой әлі...
facebook.com парақшасынан
Е-е-е, журналист деген осылар екен ғой, бәсе
Последние статьи автора