Зұлхайыр Аймұхаметұлы Мансұров
Зұлхайыр Аймұхаметұлы Мансұров 1946 жылы 26 маусым Алматы облысы Сарқанд қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Химия ғылымының докторы, профессор.
1968-2001 жылдары осы университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, түрлі басшылық қызметтер атқарған. 2001 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры болған. Сонымен қатар ҚазҰУ жанындағы докторлық диссертация қорғау диссертациялық кеңесінің төрағасы. Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты.
Ғалымның 250 ғылыми еңбегі, оның ішінде 3 монографиясы, 3 оқу құралы және 20 авторлық куәлігі бар. 21 ғылым кандидатын және 3 ғылым докторын даярлаған. Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты көмірсутектер жануының кинетикасы мен механизмін, суық және күйе түзгіш жалындардың құрылымын, көмірсутектің түзілуі мен оның қолданбалы аспектілерін зерттеуге арналған. Ол табиғи минералды және өсімдік шикізаттарын ауыспалы металл қатысында көміртектендіру арқылы нано-өлшемді талшықты көміртегін алып, оның морфологиясы мен құрылымын терең зерттеді және оларды сорбент, катализатор түрінде қолдануды енгізді. Сонымен қатар мұнаймен ластанған топырақты термикалық әдіспен өңдеу үшін арнайы қондырғы құрастырды. Осы қондырғы арқылы мұнайды топырақтан бөліп алу және мұнаймен ластанған топырақты жол құрылысында суық асфальтты бетон дайындау үшін қолдану әдістерін ұсынды.
«Eurasian Chemico-Technological Journal» және «Жану және Плазмохимия» журналдарының бас редакторы, «Жоғары білім берудегі ақпараттық технологиялар» журналы бас редакторының орынбасары, «Жарылыс және жану физикасы» (Ресей) журналы редакциялық кеңесінің мүшесі, «Қазақстан ғылымдарының жаңалықтары», «ҚазҰУ жаршысы» (химия сериясы), т.б. журналдар редакциялық алқасының мүшесі.
«Құрмет» орденімен, РФ Жоғары мектеп ғылым академиясының медалімен марапатталған.