Тынысбек Шәріпұлы Қалменов
Тынысбек Шәріпұлы Қалменов 1946 жылы 5 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы С. Сейфуллин колхозында дүниеге келген. 1964 жылы Новосібір мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсті. Университетті бітірген жылы КСРО ҒА Сібір бөлімінің математика институтына аспирантураға түсіп, оны 1972 жылы бітіріп шығады. Физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, ҚР ғылым және техника еңбек сіңірген қайраткері.
1985-1991 жылдары ҚазҰУ-да математика факультетінде кафедра меңгерушісі және декан болып істейді. 1991-1997 жылдары – ОҚМУ ректоры. 1973 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты. 1983 жылы М. Ломоносов атындағы ММУ-де докторлық диссертациясын қорғап, 1989 жылы ҚазКСР ҒА қолданбалы математикасының корреспондент-мүшесі болып тағайындалды. 1978 жылы Ленин комсомол сыйлығының иегері, сонымен қатар 1996 жылы ҚР ғылым және техника қайраткері.
Оның жетекшілігімен 36 аспирант кандидаттық диссертацияларын қорғады және 7 ғылым докторы дайындалды. 1990 жылы кандидаттық диссертация қорғау кеңесінің арнайы аймақтық ұйымы құрылды (Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан) және осы уақытқа дейін өзіндік жетістіктерге жетті. Польша, Англия, Болгария, Венгрия, ҚХР, Түркия, Германия, ТМД елдерінде ғылыми баяндамаларымен сөз сөйледі және көптеген халықаралық конференцияларға қатысты. Қазақстан Республикасында оның басшылығымен аралас типтегі ғылыми теориялық теңдеулер мектебі құрылды. 1996 жылы оның қолдауымен Шымкент қаласында бірінші рет математика съезді өткізілді. 90-нан аса еңбектің авторы және олардың көпшілігі халықаралық математика журналында жарияланған.