Тұрсынай Оразбаева
Тұрсынай Оразбаева 1950 жылы 19 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданына қарасты «Қайнарбұлақ» ауылында туған. Еңбек жолын Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып бастаған. 1970–1980 жылдары облыстық радио комитетінде және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып істеген. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. 1980 жылдан бері Қазақ радиосының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында редактор болып істеді. 1989–1991 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет курсында оқыған. 1997 жылдан Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағының қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші.
Жас жазушылардың Бүкілодақтық VІІІ фестиваліне (1975) қатысқан. Облыстық және Алматыда өткен ІІ республикалық ақындар айтысында (1980) жүлделі орынға ие болған. А. Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2008). Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мерекелік медалінің иегері.
Шығармалары: Таң шапағы. Өлеңдер. А., «Жалын», 1977; Іңкәр жүрек әуені. Өлеңдер. А., «Жалын», 1981; Молодые поэты Средней Азии и Казахстана. Стихи М., «Молодая гвардия», 1982; Ты моя весна. Стихи. А., «Жалын», 1986; Гүлсезім. «Жазушы», 1988; Хомус и домбра. «Бичик», Якутск. 1994; Я твоя весна. «Кызыл»; Огни моей мечты. «Барс», М., 2000; Сардана – Әсиягүл саз-жыр жинағы. А., М., «Талант», 2002.