Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов
Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов 1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысының Байзақ ауданында дүниеге келген. Алматы өнер институтының (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) актерлік факультетін тәмамдаған. Актер, режиссер, профессор, Қазақстанның халық әртісі.
Актерлік өнер жолын студенттік кезінен Қазақ драма театрында бастады. 1993-2001 жылдары осы театрдың директоры әрі көркемдік кеңесінің төрағасы болды. Қазақ драма театры сахнасында Бейсенбай (Қ.Мұқашев «Дала дастаны»), Арыстан (Қ.Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында»), Бақтығұл (Қ.Ысқақов «Таңғы жаңғырық»), Мырзахмет (Т.Ахтанов «Жоғалған дос»), Демесін (Д.Исабеков «Кішкентай ауыл»), Көтібар, Сырым (М.Әуезов «Айман-Шолпан», «Қарагөз»), Жалмұхан (Ғ.Мүсірепов «Ақан Сері -Ақтоқты»), Абылай хан (Ә.Кекілбаев «Абылай хан», М.Байсеркенов «Абылайдың ақырғы күндері»), Әбутәліп (Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн») рөлдерін сомдады. Бұл рөлдерде ұлттық және әлемдік театр мектептерінің дәстүрін терең меңгерген, диапазоны кең актер екенін танытты. Еліміздің кино өнерінің дамуына да елеулі үлес қосып, Чекист («Отқа оранған Орал»), Тәңірберген («Қан мен тер»), Әбілқайыр («Жаушы»), Оразмерген («Ақырғы аманат»), Болат («Тарғыл қауын»), Әзімхан («Қаралы сұлу»), Қайырхан («Отырардың күйреуі»), Құнанбай («Жас Абай») бейнелерін өзіне тән ерекше шеберлікпен сомдап шықты. «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан рөлі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Режиссер ретінде К.Гоццидің «Турандот ханшайым», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл», Қ.Шахимарданның «Томирис» пьесаларын сахнаға шығарып, бүгінгі заманның отандық театр өнерінің деңгейін көтеруге үлес қосты. Ол 1974 жылдан педагогикалық қызметпен шұғылданып, Қазақ драма театры жанындағы студияда, Алматы мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. 1979 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік шеберлік бойынша сабақ беріп, жеке курс жүргізеді.