Софы Қалыбекұлы Сматаев
Софы Қалыбекұлы Сматаев 1941 жылы 22 маусымда Қарағанды облысындағы Киік стансасында дүниеге келген. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, бір жылдан кейін Мәскеудің Болат және қорытпалар институтына ауысқан. Негізгі мамандығы – инженер-металлург. Мәскеудің «Орақ пен балға», Туланың, Теміртаудың металлургия зауыттарында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтында қызмет атқарды. Біраз жыл «Жұлдыз» журналы проза бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі болды. 1989 жылдан Қазақ КСР мемлекеттік Кітап палатасының (қазіргі ҚР ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы) бас директоры болып қызмет істеген. 2006 жылдан Алматы қаласы әкімдігінің кеңесшісі.
Алғашқы кітабы – «Астана оттары» өлеңдер мен балладалардан құралған. Негізгі прозалық кітаптары – «Елім-ай» роман-трилогиясы, «Ақжелең», «Бұлақ», «Мәңгілік бастауыш», «Біз құлмыз ба, кімбіз?» романдары; «Алау», «Алғашқы асу», «Қайран жастық»— повесть, әңгімелер жинағы, сондай-ақ «Жұмбақ қыз», «Жамбыл», «Жаяу Мұса», «Айбибі – Нарбота», «Бойдақтар» операларының либреттосы, «Сен кімсің?», «Әзіл-әзәзіл», «Жұлдызым менің жоғары», «Тағдырлар», «Алтын құндақ», «Зар заман», «Далам-ай – панам-ай», «Қазақша кек қайтару», «Қазақша көкірек керу», «Көгілдір такси», «Той үстіндегі топалаң», «Көрер ем күнім туса», «Тосқауыл», «Үміт пен күдік» т.б. пьесалары бар. «Аймаңдай», «Біржанның соңғы жұлдызы» (реж. Т.Теменов), «Тағы да Еңлік-Кебек» (реж. Б.Шәріп) киносценарийлері, шығармаларының 17 томдығы жарық көрген (2008).
В.Шекспирдің «Юлий Цезарь» драмасын, венгр жазушысы И.Добозидің «Сейсенбіден бейсенбіге дейін» повесін, ұйғыр жазушысы Х.Абдуллиннің «Жолдастар», Ю.Мухлисовтың «Садыр палуан» романдарын, Короленконың, В.Солоухиннің, А.Лупанның, Е.Исаевтың, Вс.Иванов, П.Загребельныйдың әңгіме, өлеңдерін тәржімалаған. «Елім-ай» романы, т.б. туындылары көптеген шетел тілдеріне аударылған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Құрмет» орденінің, «Парасат» орденінің иегері. Қазақстан Республикасының бірнеше медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен марапатталған. Жезқазған, Балқаш қалалары, Ағадыр, Қарқаралы, Шет аудандарының Құрметті азаматы.
Шығармалары: Астана оттары. Өлеңдер мен балладалар. А., «Жазушы», 1968; Армысың, ана! Әңгімелер, повесть. А., «Жазушы», 1970; Алау. Повесть. А., «Жазушы», 1974; Елім-ай. Роман. 1-ші кітап. А., «Жазушы», 1976; Ақжелең. Роман. А., «Жалын», 1979; Елім-ай. 2-ші кітап. Роман. А., «Жазушы» 1980; Қобыланды батыр. Повесть. А., «Жалын», 1981; Алғашқы асу. Повестер. А., «Жалын», 1982; Бұлақ. Роман. А., «Жазушы», 1983; Песнь моя – боль мая. Роман. Кн.1. М., «Советский писатель», 1983; Ой маржандары. Мақалдар. А., «Жалын», 1984; Ғарышқа көз тіккен жер. Әңгімелер. А., «Жалын», 1985; Песнь моя – боль моя. Роман. Кн.2. М., «Советский писатель»,1987; Мәңгілік бастауы. Роман. А., «Жалын», 1987; Үш пайғамбар. Мақалалар. А., «Дәуір», 1992; Мой друг, мой брат. Рассказы. А., «Жазушы», 1988; Әзіл-әзәзіл. Пьесалар. А., «Өнер», 1988; Елім-ай. Роман-трилогия. «Санат», 1998; Жарылқап батыр. Роман. «Айқос», 2000; «Қайран жастық», Повестер. Астана. «Елорда», 2001; Елім-ай. 3-ші кітап. А., «Қазығұрт», 2003; Елім-ай. Роман-трилогия. «Атамұра», 1-ші кітап; 2–3-кітаптар. «Фолиант», 2003; «Біз— құлмыз ба, кімбіз?». Роман. «Елорда», 2005; «Базарың құтты болсын». Киноповестер. «Құс жолы», 2007; «Әулет сыры» . Дастан. «Құс жолы», 2007; «Ұядан қияға ұшқандар». Дастан. «Құс жолы», 2008; «Аналар-ай – Даналар-ай». Дастан. «Құс жолы», 2008; Он жеті томдық шығармалар жинағы. «Ел-шежіре», 2008.