Шабақбаев Марат Несіпбекұлы
Шабақбаев Марат Несіпбекұлы, 1956 жылғы 13 наурызда Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшатау аулында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1973 жылы аталмыш ауылдың С.М.Киров атындағы жалпы білім беретін орта мектебін тәмамдаған соң, Ақшатау Таубайыту комбинатында жұмысшы болып жұмыс жасаған. 1974-1976 жылдары Кеңес әскері қатарында борышын атқарған. 1981 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін ойдағыдай тәмамдаған соң, Целиноград облысы Маринов ауыл шаруашылығы басқармасының аға заң кеңесшісі болып қызмет атқарған.
Осыдан соң, жиырма жылға жуық мемлекеттік, кейін ұлттық қауіпсіздік органдарында, соның ішінде басшылық қызмет атқарған.
Тоғыз жылдан астам уақыт еліміздің бас қадағалау мекемесі – Бас прокуратурада басқарма, департамент бастығы лауазымдарында қызмет атқарған. «Прокуратура органдарының құрметті қызметкері» төсбелгісімен наградталған.
Екі жылдан астам уақыт ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеттерін басқарған.
2012 жылдың басынан қаржы полициясы органдарында қызмет атқарады, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) департамент бастығы болған.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Республикамыздың құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясының 2012 жылғы 5 маусымдағы шешімімен М.Шабақбаев атқаратын лауазымына сәйкес келеді деп танылып, кадр резервіне қабылдау үшін немесе жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылған.
Елбасының 2012 жылғы 19 қазандағы Өкімімен М.Шабақбаев, қызмет бабымен жоғарылау тәртібімен ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған.
Қызметтік міндетін үлгілі орындағаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында жеткен жоғары жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 мамырдағы №560 Жарлығымен М.Шабақбаевқа «Қаржы полициясының генерал-майоры» шені берілген. Ол мемлекеттік наградалармен – «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, әділет, қаржы полициясы органдары, сонымен қатар, Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарының ведомстволық наградаларымен марапатталған.