Рашид Төлеутайұлы Түсіпбеков
Рашид Төлеутайұлы Түсіпбеков 1955 жылы 28 қаңтарда Шымкент қаласында туған. 1962 жылдан бері Қарағанды қаласында тұрып, 1973 жылы № 3 орта мектепті бітірді. Мектепті аяқтаған соң Қарағанды облаткомның өрттен қорғау қызметінде жүргізуші болып жұмыс істеді. Әскерден оралғаннан кейiн 1976 жылы тамызда Қарағанды мемлекеттік университеті заң факультетінің күндізгі бөлімінің бірінші курсына қабылданып, оны 1981 жылы үздік бітірді. Қарағанды қаласы Совет аудандық халық сотында үш айлық сынақтан өткен соң 1981 жылы қараша айында халық судьясы болып тағайындалды. 1984 жылдан 1993 жылға дейін Қарағанды облысы Нұра аудандық соты төрағасының қызметін атқарды. 1993 жылдан 1999 жылға дейін Қарағанды облысы сотының төрағасы болды. 1999 жылдың сәуір айынан Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағалығына тағайындалды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты төрағасы міндетін атқарды. 2000 жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің төрағасы болды. 2000 жылдың 21 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры болып тағайындалды. 2005 жылдың 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры болып екінші рет конституциялық мерзімге тағайындалды. 2009 жылдың 2 сәуірінде Қазақстан Республикасының Әділет министрі болып тағайындалды. 2012 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы.
Мемлекет алдындағы қызметі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 2003 жылдың 8 желтоқсанда 2 дәрежелі «Барыс» орденімен, 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалiмен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатын алған. Мемлекеттік ІІ дәрежелі әділет кеңесшісі сыныптық шені бар.