Құралай Әнуарқызы Қаракен
Құралай Әнуарқызы Қаракен 1958 жылы 6 маусымда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу медицина институтын тәмамдаған.
Институтты бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласының СЭС дәрігер-эпидемиологы, Ақтөбе қаласының СЭС тамақтану гигиенасы бойынша санитарлық дәрігер болып жұмыс істеді. 1987-1996 жылдары Ақтөбе қаласының СЭС тамақтану гигиенасы бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1996-1997 жылдары - Ақтөбе облысы СЭС тамақтану гигиенасы бөлімшесінің меңгерушісі. 1997-1998 жылдары - Ақтөбе қаласы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары. 1998-2001 жылдары - Ақтөбе қаласы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы. 2001-2002 жылдары - Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2002-2012 жылдары – Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің директоры. 2012 жылғы қаңтардан бастап V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен және «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі» төс белгілерімен марапатталған.