Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов
Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов 1945 жылы 12 мамырда Талдықорған облысы Панфилов ауданы Еңбекші (Қызыл Еспе) ауылында дүниеге келген. Қазақ. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, КОКП Орталық Комитетінің Қоғамдық білімдер академиясын бітірген, журналист. Саяси ғылымдарының докторы, профессор. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.
Еңбек жолын Сарыөзек ауданаралық баспаханасының жұмысшы-баспагері болып бастаған. Талдықорған және Алматы облыстарының аудандық газеттерінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген (1961-1964 жж.). 1964-1967 жылдары – КСРО Қарулы Күштері қатарында әскери қызметін өткерген. 1967-1976 жылдары – Панфилов аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, екінші, бірінші хатшысы, Талдықорған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1976-1981 жылдары – Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы. 1981-1983 жылдары – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1983-1987 жылдары – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімінің меңгерушісі. 1987-1990 жылдары – Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы. 1990-1991 жылдары – Қазақстан Компартиясы Идеология бөлімінің меңгерушісі. 1991-1993 жылдары – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Үкіметінің құрамында Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі. 1993-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары. 1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары. 1993-1995 жылдары – «Қазақстанның Халық бірлігі одағы» қоғамдық қозғалысының, кейіннен «Қазақстанның халық бірлігі» партиясы Орталық Комитетінің төрағасы. 8-13 шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1995 жылғы маусым – 2001 жылғы шілде аралығында – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Монғолия, Вьетнам, Корея Халық Демократиялық Республикасында елшілік қызметін қоса атқарды. 2001 - 2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. 2007 - 2011 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 2012 жылғы 20 қаңтардан бастап – «Нұр Отан» ХДП-дан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2012 жылғы қаңтардан бастап – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының жанынан құрылған Депутаттық әдеп кеңесінің төрағасы. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі 2005 жылы – ЕҚЫҰ реформалау жөніндегі көрнекті саясат қайраткерлері кеңесінің мүшесі.
Еңбек Қызыл Ту (1981 ж.), «Парасат» (2001 ж.) ордендерімен, 8 медальмен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2008 ж.), «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері» (2003 ж.) атақтары берілді, отандық журналистиканың дамуына қосқан жеке үлесі үшін Қазақстан журналистика академиясы тағайындаған «Алтын самұрық» (2005 ж.) атаулы сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистикасын дамытуға сіңірген аса көрнекті еңбегі және елеулі үлесі үшін «Қазақстанның құрметті журналисі» (2008 ж.) белгісімен марапатталған. Саяси-қоғамдық тақырыпқа жазылған 10 кітаптың, 200-ден астам мақаланың авторы.