Меңтай Смағұлұлы Өтепбергенов
Меңтай Смағұлұлы Өтепбергенов 1946 жылы 7 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Беген ауылында дүниеге келген. Мәскеу цирк училищесін, Сергей Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын тәмамдаған. Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кино әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанда пантомимо өнерін қалыптастырушы.
1974 жылдан бастап Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етеді. Ол 60-тан аса фильмге түсіп, қытай, чукча, бурят, якут, түрік, өзбек секілді 16 ұлт өкілінің бейнесін сомдаған. «Біз - ересектер», «Жаушы», «Ақ шаман», «Жеңімпаз», «Интердевочка», «Шанхай», тағы да басқа фильмдерде ойнаған.
40 жылдан аса уақыт бойы әр елдің түрлі маркаларын жинаумен шұғылданады. Ерланген (Германия) қаласындағы кинофилателистер клубының мүшесі. «Маркалардағы әлем киносының тарихы» атты кітаптың авторы. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Канн қаласындағы 51-Халықаралық кинофестивалінде өтті.