Мәулен Сатымбайұлы Мамыров
Мәулен Сатымбайұлы Мамыров 1970 жылы Алматы облысы Қаратал ауданында дүниеге келген. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Палуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның он екі дүркін чемпионы,
1989 жылдан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің (Австрия, 1988) қола, КСРО жастар ойындарының (Запорожье, 1989) күміс жүлдегері, КСРО Кубогінің (Тбилиси, 1990) жеңімпазы, КСРО чемпионы (Гомель, 1990), ТМД елдері чемпионатының (Мәскеу, 1992) қола жүлдегері, Азия ойындарының (Хиросима, Жапония, 1994) чемпионы, Азия Кубогі жарысының (Индонезия, 1995), Орта Азия ойындарының (Ташкент, 1995) жеңімпазы, XXVI Олимпиадалық ойындардың (АҚШ, Атланта, 1996) қола, Әлем чемпионатының (Красноярск, РФ,1997) қола жүлдегері, Орта Азия ойындарының (Алматы, 1997), Шығыс Азия ойындарының (Пусан, Корея, 1997 және Осака, Жапония, 2001), Азия (Ташкент, 1999) чемпионы болып, бірнеше дүркін Халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған.
1991-2003 жылдары - Талдықорған қаласының олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы-жаттықтырушысы. 1997-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Штаттық Ұлттық командалар дирекциясының спортшы-нұсқаушысы. 1996-2004 жылдары - еркін күрестен Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының капитаны. 2005-2007 жылдары Алматы облысы еркін және грек-рим күресі федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарған. 2007 жылдан бастап - Алматы облысының Олимпиадалық резервтер дайындау орталығының директоры.
І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.